Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: қазақ-түрік қарым-қатынасы, киік, көмір және кадр мәселесі
АСТАНА. KAZINFORM – Тамыздың соңында Қазақстанға қатысты жаһандағы интернет-басылымдарда жарияланған жаңалық аз болмады. Президенттің Түркияға сапары, Өзбекстанмен арадағы киік келісімі жайындағы ақпар жиі ұшырасты. Арасында елдегі келешек маман тапшылығы мен Еуропаға қайта тасымалданған көмір мәселесі де айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияның ең жоғары ордені берілді
Мемлекет басшысының Түркияға сапары сәтті болғанын білеміз. Экономикалық келісімдер жасалып, инвестициялық әлеует ұлғайды. Әлемдік БАҚ мемлекетаралық уағдаластықты қапы жібермей, әрбір кезеңге қатысты жаңалықты кеңінен таратты. Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденін алуы ерекше аталған. Түркиялық Anadolu агенттігі марапат жайында жазды.
Қазақстан президентінің құрметіне ұйымдастырылған кешкі ас алдында мемлекеттік награданы тапсыру рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «Devlet Nişanı» орденін алу зор мәртебе екенін атап, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді. Оған қоса Режеп Тайип Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, ықпалды, аса көрнекті саясаткер, өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға деп атады.
– Түркияның әлем мойындаған жетістіктері, қарқынды дамуы, халықаралық қауымдастықтағы биік беделі мен зор ықпалы Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Бүгінде еліңіз экономикалық дамуы бойынша әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарында. Сарапшылардың болжамы бойынша Түркияның болашағы – жарқын, ал дүниежүзіндегі ықпалы арта бермек. Сіздің көшбасшылығыңызбен тұғыры биік Түркия өзінің жаңа алтын дәуірінде биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Біз Түркияның Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет болғанын еш уақытта ұмытпаймыз. Бұл егемен Қазақ елінің жылнамасында сақталатын өшпес тарихи дерек, – деді Президент.

ТАСС: Қазақстан ресейлік порттар арқылы ЕО-ға көмір жеткізеді
ЕуроОдақ 18-санкция пакеті аясында Қазақстаннан Ресей порттары арқылы көмір тасымалдауға қатысты салынған шектеуді біршама жұмсартты. Тиісті келісім елдің экспорт қуатын біршама ілгерілетпек. Жаңалықты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.
ЕО-ның 2025 жылдың ақпанында қабылданған 16-санкция пакеті аясында бірқатар ресейлік портпен кез келген мәмілеге тыйым салған болатын. Бұл шектеу Қазақстан көмірін Еуропаға тұрақты жеткізуге қауіп төндірді. Атап айтқанда, Усть-Луга порты Еуропаға тасымалданатын қазақ көмір транзитінің негізгі нүктесі болған. Сондықтан Қазақстан ЕО-осы бағытта келіссөз жүргізіп, көмірді Ресей порттары арқылы тасымалдауға рұқсат алға тырысып келді.
Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және ҚР Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігі бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейде консультация жүргізді. Еуропалық комиссияның атына ЕО санкциялық режиміне тиісті өзгерістер енгізу туралы ресми өтініш жіберілген.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан көмірі Еуропаға экспорттау үшін оның шығу тегі Қазақстаннан болуы тиіс. Сондай-ақ көмірге иелік ететін тарап ЕО-ның шектеу қойған елдері қатарынан болмауы керек. Ресейлік порттар тек транзит, тиеу немесе жөнелту үшін ғана қолданылуы тиіс, ол жерде көмір өндіріліп немесе сатып алынбауы керек.
Қабылданған шаралар қазақстандық көмірді ЕО-ға жеткізуді қалпына келтіруге, сондай-ақ логистикалық бағыттардың орнықтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
2024 жылы ЕО-ға экспортталған қазақстандық көмірдің көлемі 5,2 млн тоннан болды. Бұл елдегі жалпы көмір экспортының 51,8%-ына тең. 2025 жылғы қаңтар-мамырда экспорт 1,6 млн тонна немесе көмір экспортының жалпы көлемінің 38,5%-ына жеткен еді.

Uza: Өзбекстан мен Қазақстан киікті сақтап қалу жөнінде меморандумға қол қояды
Алдағы уақытта Өзбекстан мен Қазақстан киік популяциясын қалпына келтіруде бірлесе жұмыс істейді. Екі елдің жауапты министрліктері жойылып кету қаупі төнген киікті сақтау бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуды қолға алды. Қазіргі таңда киікті сақтау бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жоспарланған. Маңызды құжат туралы Uza басылымы тарқатты.
Меморандум аясында бірнеше бірлескен іс-шаралар көзделген. Оның ішінде киіктердің дәстүрлі көші-қон бағыттарында еркін қозғалыс пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы ерек. Осы мақсатта шекара маңындағы қорғалатын аумақтар мен көші-қон дәліздерін құру жоспарланып отыр. Ал табиғи жайылымдар, су қоймалары мен экожүйелерді қалпына келтіру үшін кешенді жоспар түзіледі.
Киікті табиғи ортаға қайта көшіру (реинтродукция) бағдарламасын әзірленіп, ғылыми зерттеулер, мониторинг және тәжірибе алмасу жұмыс жалғасатын болады. Ол үшін экспедициялар, рейдтер, мамандарды оқыту және популяция туралы деректер алмасу жобасы бар.
Бұдан өзге спутниктік бақылау және ветеринарлық қадағалау жүйелерін енгізу, браконьерлерге қарсы күрес, халық арасында ақпараттық-түсіндіру науқан бастау, есеп жүргізу әдістемелерін үйлестіру және ортақ деректер базасын құру қадамын да ерекше атаған жөн. Сондай-ақ табиғатты қорғау бағдарламаларын іске асыруға халықаралық серіктестерді тарту көзделген.
Есте болса, Өзбекстанның Экология министрі Азиз Абдухакимов Қазақстаннан 500 киік лағын Өзбекстан аумағына көшіруді жоспарлап отырғанын айтқан еді. Осы арқылы мамандар олардың жергілікті ортаға бейімделуін зерттеуді мақсат еткен.

Report: Қазақстанға 3 млн маман қажет болуы мүмкін
Мұндай тұжырымды Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, елдегі ресми жұмыссыздық деңгейі жыл басынан бері өзгермеген. Министр сөзін Reportақпарат агенттігі де бөлісіпті.
Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,1 млн адам бар. Ал жұмыссыздық деңгейі - 4,6%. Сол себепті 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмысқа орналастыру қажет.
- Орта мерзімді кезеңде кадрларға болжамды қажеттілік 3 миллионға жуық адам болады. Сұраныстың салалық құрылымы күш-жігерді қайда бағыттау керектігін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтер бірінші орында – мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру. Бұл - салалар жұмыс күшіне жалпы сұраныстың 29%-ы, одан кейін кәсіпкерлік қызмет (21%), көлік және логистика (16%), өнеркәсіп (13%), құрылыс және ауыл шаруашылығы – әр салаға 7%-дан келеді, – деді Асқар Биахметов.
Министрдің сөзінше, аталған деректер кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқытуға мемлекеттік тапсырыстарды бөлу, мамандарды қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру кезінде ескерілуі тиіс. Әсіресе цифрландыру және демографиялық өзгерістер аясында маңызды.
- 2024 жылдан бастап еңбек нарығын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін жоғары сапалы жұмыс орындарын есепке алу жүйесі енгізілді. Бүгінгі таңда мұндай жұмыс орындарының саны 2,6 миллион көрсеткішті құрайды. Біздің міндетіміз – 2030 жылға қарай 3,3 миллион адамды жұмыспен қамту. Биылғы жылдың басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, – деп толықтырды вице-министр.