Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Көршімен қатынас, алтын саудасының артуы және шетелдік ұйымдар

Бұл аптада әлемдік медиа кеңістікте Қазақстанға қатысты жаңалық азайған жоқ. Себебі елге Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин келді. Шетелдік ұйымдарға қатысты Мәжілістегі пікір, алтын саудасының көлемі де көп айтылды. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform; Pixabay

Anadolu: Ресеймен серіктестік мәселесі талқыланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгуды қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Ресейдің түрлі бағыттағы екіжақты серіктестігі және өңірлік қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланған. Ақпаратты Anadolu ақпарат агенттігі бөлісті.

Бұған дейін Ресей тарапы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысының жұмыс сапарымен Қазақстанға баратынын және екі елдің қауіпсіздік кеңестерінің кеңселері арасында консультациялар өтетінін хабарлаған болатын.

Астанаға арнайы келген Сергей Шойгуды Мемлекет басшысы қабылдап, еларалық ахуалға баға берді.

«Ресей Федерациясы Президентінің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары айрықша мәнге ие. Елдеріміздің экономикалық байланыстары табысты ілгерілеп келе жатыр. 171 жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Оның ішінде 50-ден астам жоба жүзеге асырудың соңғы кезеңіне жетті. Бүгінде Ресей Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының біріне айналды. Мемлекеттеріміздің құқық қорғау органдары, әскери ведомстволарының арасындағы байланыс та ойдағыдай өркендейді деп санаймын. Менің ойымша, Сіздің сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымызға шолу жасап, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары бойынша келісімге келуге оңтайлы мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Қазақстан-Ресей қауіпсіздік саласындағы ықпалдастықтың тиімділігін арттыру мәселесі талқыланып, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге сәлем жолдады.

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы кездесуге және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

«Бауырлас халықтарымыздың, елдеріміздің арасында қалыптасқан қарым-қатынасқа үнемі жоғары деңгейде қолдау көрсетіледі. Тауар айналымы мен бірлескен жобалардың ауқымы қомақты. Әрине, біздің байланыстарымыз тек екіжақты қарым-қатынаспен шектелмейді. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ҰҚШҰ, ТМД және ЕАЭО аясында белсенді жұмыс атқарып келеміз. Қазақстанның бастамасымен қолға алынған жобалар табысты әрі белсенді іске асырылып жатыр», – деді Сергей Шойгу.

Daryo:Қазақстандықтар 8 тоннаға жуық алтын сатып алған

2017 жылы іске қосылған тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы Қазақстанда 8 тоннаға жуық өнім сатылды. Жуырда Ұлттық банк дерегін өзбекстандық Daryo таратты.

Ұлттық банктің мәліметінше, бағдарлама басталғалы бері жалпы салмағы 7,9 тоннаны құрайтын 222 680 алтын құймасы сатылды. Өткен жылы банктер мен айырбастау пункттері 47 395 құйма сатқан – 1,7 тонна алтын.

2024 жылы құймалар көп сатылған өңірлер:

· Алматы (32 735 дана, 69 пайыз),

· Шымкент (5 200 дана, 11 пайыз)

· Қарағанды (2 209 дана, 5 пайыз).

Ең танымал алтын – 10 грамдық құймалар. Олардың үлесіне сатылымның 25 пайызы (54 875 дана) тиесілі. Келесі кезекте:

· 5 грамдық – 49 145 бірлік (22 пайыз);

· 100 грамдық – 47 943 бірлік (22 пайыз);

· 20 грамдық – 40 843 бірлік (18 пайыз);

· 50 грамдық – 29 874 бірлік (13 пайыз) алтын бар.

Осылайша, қазақстандықтардың инвестициялық алтынға деген қызығушылығы артып келеді. Ал ең ірі нарықты бұрынғыша Алматы қаласы бастап тұр.

Айта кетейік, Қазақстанда алтынның барланған қоры өндіру деңгейінен асып түседі. Ал толтыру коэффициенті 1,2-ні құрайды. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтқандай. елдің минералдық-шикізат базасында қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орны бар және оларды барлау қарқынды жүруде. Business Insider деректері бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан сирек кездесетін металдардың әлемдік нарығындағы позициясын күшейтіп келеді.

CentralAsia: Тоқаев Тәжікстан СІМ басшысымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен кездесті. Тараптар еларалық қарым-қатынастың даму деңгейіне баға беріп, сауда-экономикалық, қауіпсіздік саласындағы байланысты талқылады. Мәліметті CentralAsia хабарлады.

Мемлекет басшысы былтыр қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт Астана мен Душанбенің сан қырлы және табысты ынтымақтастығының маңызды кезеңі болғанын еске салды.

«Біз Тәжікстанмен достыққа құрылған қатынастарды жоғары бағалаймыз. Екі елдің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Қазақстан жұртшылығы бауырлас тәжік халқына ерекше ықылас танытады. Елдеріміз әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Бұл екіжақты байланысты белсенді дамытуға ұмтылысымыздан да байқалады», – деді Президент.

Сироджиддин Мухриддин тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Тәжікстан өзара тиімді ықпалдастық орнатқанын, ол бауырлас халықтардың мүддесі үшін достық пен одақтастық рухында ұдайы дамып келе жатқанын жеткізді.

«Тәжікстан Қазақстанмен арадағы бауырластық әрі тығыз байланысты ерекше құрмет тұтады. Сіздің ел біздің маңызды серіктесіміз. Екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша өзара түсіністік бар. Екі ел қатынастары үшін былтыр айтулы жыл болды, ықпалдастығымыз одақтастық деңгейіне көтерілді», – деді министр.

Әңгімелесу барысында бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Әсіресе, экономика, сауда, транзит, цифрландыру, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша мән берілді.

Report: Депутаттар шетелдік ҮЕҰ статусын қайта қарауды ұсынды

«Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаттары депутаттық сауал қойып, елдегі шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін қайта қарауға шақырды. Бұған АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) Қазақстандағы қызметі себеп болған. Мәліметті Report ақпарат агенттігі сауал мәтініне сілтеме жасап жеткізді.

Қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев ел азаматтары акциялар мен іс-шаралардың қалай қаржыландырылатынын, қандай шет мемлекеттердің қаражатына жұмсалатынын білуге құқылы деп санайды.

«Қаржыландыру көзін атау нормаға айналуы тиіс. Кез келген медиа жоба, егер ол шетелдік болса немесе шетелдік қорлар қаржыландыратын болса, ол туралы өз еркімен мәлімдеуі тиіс.

Бізде түрлі мәселе бойынша қоғамның қатаң поляризациясы бар. Мұндай жапсырмалар әлеуметтік шиеленіс әлеуетінің өсуіне алып келуі мүмкін. Сондай-ақ мүгедектік, әйелдердің құқын қорғау бойынша көптеген әлеуметтік жоба бар, сондықтан барлық қызметін айыптауға болмайды», – деді ол.

 

Euronews: Голливуд мотивінен киноның алтын дәуіріне дейін

Euronews телеарнасында Voices From Central Asia айдары бар. Осы аптадағы шығарылым қазақстандық суретші-иллюстратор Әйгерім Кәрібаеваның шығармашылығына арналыпты. Бағдарламада қылқалам шебері этно-модернизм стилін қалай дамытқанын әрі өнер мен дәстүрді тоғыстыру жолын ұсынған екен.

«Адамзат өнерсіз өмір сүре алмайды. Себебі бар жарқын сәт өнерде жатыр. Ал менің жарық сәтке қадам басуыма – өнерге келуіме көкемнің көмегі көп тиді. Ол кісі қазір де суретші. Алдыңғы буынның әсерімен сурет салуға деген ынтам артып, бүгінде этно-модернизм бағытын дамытып келемін.

Біздің стиліміз – мәдениетімізден түлеген жанр. Бұл бағытқа бет бұру ұлттық жәдігерлерімізге деген жанашырлықтан, қазақы нақыштарға деген қызығушылықтан туындады десек болады», – деді суретші.

Бағдарламада Әйгерімнің шығармашылығындағы дәстүр элементі талданған. Сондай-ақ заманауи әдістерді қолдану арқылы автордың көркем шешімдерді табу жолы сараланыпты. Қазіргі таңда суретшінің жұмыстарына тапсырыс беретін алыс-жақын шетелдегі жанкүйерлері қалыптасқан.

Соңғы жаңалықтар