Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Маңызды мәлімдеме, кен орындарын игеру және Еуропамен байланыс
Маусымның алғашқы аптасында әлемнің әр түкпірінен хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан жайлы аз жазған жоқ. Әдеттен жаңылмай бұл жолы да оқырманға шетелдік басылымдардан шолу ұсынамыз. Қазақстан Президентінің Таяу Шығыс жайлы мәлімдемесі, Ресей Мемлекеттік Думасы төрағасының Алматыға келуінен бастап, ақбөкен санының көбеюі де әлем назарында болды. Қалғанын kazinform тілшісінің шолуынан оқып көріңіз.

Anadolu Agenсy: Таяу Шығыстағы қақтығыстың жалғыз шешімі – Палестина мемлекетін құру – Тоқаев
Қазақстан Президенті геосаяси қарама-қайшылықтар әсерінен өңірлік қауіпсіздікке төнетін қатерлердің ауқымы айтарлықтай кеңейгенін жеткізді. Таяу Шығыстағы ұзақ уақытқа созылған қақтығыстың жалғыз шешімі – «екі халық үшін екі мемлекет» формуласына негізделген, астанасы Шығыс Иерусалимде болатын Палестина мемлекетін құру. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты осындай көзқарасын Anadolu Agenсy жариялады.
Мемлекет басшысы бұл сөзін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысушыларымен кездесуінде айтқан.
– Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды, – деп келтірді басылым Президент сөзін.
Сондай-ақ агенттік Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 2024 жылғы 10 мамырдағы палестиналықтардың ұйымға мүшелік құқығын мойындау туралы қарар қабылдағанын құптап, Ауғанстанды аймақаралық байланыстарға белсенді түрде тарту керек екенін айтқанына ерекше мән берген.
Сentralasia.news: Тоқаев Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинді қабылдады
Сentralasia.news 3 маусымда Алматыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысу үшін келген Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен кездескенін жазды. Әңгімелесу барысында стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелері талқыланған.
Сондай-ақ басылым қос тараптың сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, еуразиялық интеграцияның перспективаларына назар аударғанына тоқталған.
Кездесуде Қазақстан Президенті заң шығарушы органдардың ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуға шақырды. Бұл Қазақстан мен Ресей халықтарының әл-ауқатының артуына ықпал етпек. Өз кезегінде Володин Тоқаевқа Ресей Президенті Владимир Путиннің жылы лебізін жеткізді.
Trend: Қазақстан кен орындарын игеру жобасын қолға алуда
Қазақстанда «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеру бойынша мұнай-газ жобасын жүзеге асыру басталады. Бұл жайында Trend жазды.
Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «ЛУКОЙЛ» ПАҚ бірлесіп жүзеге асырмақ, әрқайсысының 50 пайыз үлесі бар. Қажетті келісімдерге қол қойылған соң бірлескен кәсіпорын – жоба операторы ретінде «Kalamkas – Khazar Operating» ЖШС құрылған.
Сонымен қатар жоспарға 2026 жылы «Қаламқас-теңіз» кен орнында өндірісті жылдам іске қосу үшін қазақстандық теңіз платформаларының құрылысын бастау кіреді. Оған 6 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылады деп күтілуде. Игеру кезеңінде 2000-ға дейін, ал пайдалану кезеңінде 300-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Басылымның жазуынша, жоба Қазақстанның экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуға қолайлы мүмкіндік береді. Сондай-ақ ақпаратта ҚР Энергетика министрлігінің «жоба арқылы әлемдік деңгейдегі мамандарды дайындауға болады» деген бастамасына зер салынған.
Eureporter: Еуропамен байланыстағы ең белсенді ел
Брюссельде Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары мен Еуропалық сыртқы әрекет қызметі Бас хатшысының орынбасары жоғары деңгейдегі саяси және қауіпсіздік диалогын өткізді. Бұл жайында Eureporter жеткізді.
Басқосуда көлік, сауда-экономикалық, энергетика және климаттық қатынастарды, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайға байланысты қауіпсіздіктің ортақ сын-қатерлерін қозғай отырып, Орталық Азия мен ЕО арасындағы байланысты тереңдетудің бірлескен жол картасы талқыланған.
Басылымның жазуынша, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Орталық Азиядағы елдердің «барлығы да көшбасшы, бір команда болып жұмыс істейді» деп мәлімдеген. Өз кезегінде комиссияның дереккөзі Қазақстанды Еуропамен байланыс орнатуда ең белсенді ел деп атады.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан арқылы кеңейіп жатқан сауда жолы Еуропа мен Азияны байланыстырып қана қоймай, барлық Орталық Азия елдерін қамтитын солтүстік-оңтүстік тармақтарын құру маңызды екенін айтты. Оның үстіне аймақішілік сауданың құны кейінгі 6 жылда 2 есе өскен.
«Орта дәліз» немесе «Жаңа Жібек жолы» аталатын Транскаспий жолының дамуы Қытай мен Еуропа арасындағы транзит секілді айтылады. Алайда бұл Орталық Азияны да қамтитын дәліз. Сондықтан Роман Василенко табиғи ресурстарды Қазақстанда өңдеп, дәліз арқылы Еуропаға жеткізудің үнемді тәсілдерін ойластыру керек екенін айтқан.
Сонымен қатар басылым Қазақстанның 200 млн гектар құнарлы жерінің жартысы игерілмей жатқан, әйтпесе ауыл шаруашылығында орасан зор әлеуеті бар екеніне назар аударған. Қазір Қазақстан Еуропалық тұтынушылардың талабына сай органикалық сертификаттау бағытында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан экологиялық таза өндіріс, атап айтқанда астық, бал мен ет өнімдері саласын жолға қоюда.
The Times of Central Asia: Қазақстанда ақбөкен саны көбейді
Мамыр айының басында Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы елде мекендейтін ақбөкендердің саны шамамен 2 833 600 басқа жеткенін хабарлады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Зерттеу мамыр айындағы төлдеу кезеңіне дейін жүргізілген. Бұл жаңалықты The Times of Central Asia басылымы бөлісті.
Басылым 2003 жылы саны бар болғаны 20 000 болған киіктің айтарлықтай көбеюін үлкен қадамға бағалаған. 2015 жылы бактериялық аурудың өршуіне байланысты популяция азайды. Дегенмен Қазақстан бірнеше ауру мен экстремалды ауа райына төзімсіз жануарды қорғау аумағын кеңейтіп, санын көбейте алды. Қазір ел билігі фермерлердің де мүддесін ескере отырып, популяцияны бақылаудың жаңаша тәсілдерін қарастыруда.
– Биыл мамандар ақбөкендердің санын білу үшін тікұшақпен 150 000 шаршы шақырым аумақты аралаған. Жануарларды үркітіп алмау үшін тікұшақтар 120 метр биіктікте 215 сағат бойы ұшқан, – деп келтірді басылым «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамашыларының сөзін.
Жобаға мемлекеттік ведомстволар тартылған. Маршруттарды жоспарлап, мәліметтерді жинау мен нәтижелерді өңдеу ісі ғылыми зерттеулер арқылы жүзеге асқан.