Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Мароккомен байланыс, мұнай тасымалы және ИКАО бағасы

Наурыздың алғашқы аптасында жаһандағы ақпарат құралдары Қазақстанға қатысты жаңалықтарды көптеп жариялады. Соның ішінде мұнай тасымалына байланысты жаңа жоспар, Африкадағы тағы бір елмен қарым-қатынастың жақсарып жатқаны ерекше көзге түсті. Сондай-ақ халықаралық сарапшылардың отандық мамандарға баға беруі және Каспий теңізіндегі итбалықтардың жай-күйі жазылды. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

коллаж
Коллаж: Kazinform/Freepik/Pixabay

Trend: Қазақстан Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша мұнай тасымалын арттырмақ

Қазақстанның Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2024 жылғы жұмысын қорытындылап, 2025 жылға арналған жоспарларын ұсынды. Соның ішінде Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша мұнай тасымалын 1,7 млн тоннаға арттыру бар. Ақпаратты әзербайжандық Trend бөлісті.

Қазір «ҚазМұнайГаз» Қазақстандағы барлық мұнай өндірудің 26%-ын, тасымалдаудың 56%-ын, мұнай өңдеудің 80%-ын қамтамасыз етеді. Жалпы, 2024 жылы ҚМГ-ның мұнай өндіру көлемі 23,8 млн тоннаны құрап, 2023 жылғы деңгейден 300 мың тоннаға көп болды. Ал мұнай тасымалдау көлемі – 83,5 млн тонна, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4%-ға жоғары.

Компания басшылығы қазақстандық мұнайдың Ақтау-Баку-Жейхан бағытындағы транзитінің көлемі SOCAR-мен келісім аясында 1,4 миллион тоннаға дейін (27%) көбейгенін, ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 1,7 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғанын хабарлады.

2022 жылы ҚМГ мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) арасында қазақстандық мұнай транзиті туралы келісімге қол қойылған. 2023 жылы наурызда Әзербайжан арқылы Қашаған кен орнынан 7 мың тонна мұнайды тестілік жөнелту жүзеге асырылды. Жүк жөнелтуді Inpex North Caspian Sea Ltd атқарды.

ҚМГ қосымша экспорттық бағыттарды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді. 2024 жылы Германияға мұнай жеткізу көлемі 50%-ға ұлғайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш сақталмақ. Бұдан бөлек, биыл Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге техникалық тапсырманы Қытай тарапымен келісу процесі аяқталмақ.

нефть
Фото: Pixabay

Daryo: Қазақстан мен Марокко арасындағы тауар айналымы артуда

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Марокко арасындағы тауар айналымы 70%-ға өсіп, 274 миллион долларға жетті. Бұл жөнінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, өзбекстандық Daryo мәлімдеді.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мұрат Нұртілеу Мароккодағы әріптесімен ресми кездесу барысында екі елдің жоғары қосылған құнмен өнім жеткізуді ұлғайту үшін үлкен мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

Әңгіме дайын мұнай-химия өнімдері, металлургия өнімдері мен азық-түлік тауарларын қоса алғанда, 130 млн долларға 25 негізгі тауар позициясы бойынша экспортты кеңейту туралы болып отыр.

Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелде тұратын мароккалықтардың істері жөніндегі министрі Насер Бурита Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды рөлін атап өтті. Ол Марокко өңірдегі негізгі серіктес ретінде қарастыра отырып, Қазақстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Атап айтқанда, Марокко мен Қазақстан – Солтүстік Африка мен Орталық Азияның қақпасы ретінде қарастырылмақ. Жақын арада болатын маңызды қадамдардың бірі – визасыз режим туралы келісімнің күшіне енуі. Осылайша, Қазақстан алғаш рет африкалық елмен екіжақты визасыз режим орнатады.

Тараптар өзекті мәселелерді шешу үшін әлемдік қоғамдастықты біріктіретін Астана халықаралық форумын өткізуді талқылады. Бұдан басқа, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-съезіне дайындық мәселесі қозғалды.

Келіссөз кезінде цифрландыру маңызды тақырыпқа айналды. Қазақстанның СІМ басшысы цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған «Digital Morocco 2030» бағдарламасы аясында Мароккомен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Сондай-ақ қазақстандық IT-компаниялардың электрондық үкімет, инновациялық технологиялар және киберқауіпсіздік саласындағы пилоттық жобаларды ұсынуға дайындығы туралы хабарлады.

Қорытынды бойынша тараптар Қазақстан мен Марокко арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтылыстарын растады. Министрлер Бірлескен коммюникеге қол қойды, онда негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданды.

Қазақстан - Марокко
Фото: ҚР СІМ

Report: ИКАО Қазақстанның есебін жоғары бағалады

Қазақстан Ақтау маңында AZAL авиакомпаниясы ұшағының апатқа ұшырау себептерін толық тексеру үшін ИКАО-мен ынтымақтастықты жалғастырады. Бұл туралы Қазақстанның вице-премьері Қанат Бозымбаев ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлант бюросының директоры Николя Ралломен кездесу барысында мәлім еткен. Ақпаратты Report бөлісті.

Қанат Бозымбаев тәуелсіз сарапшы Тормодур Тормодссонды AZAL ұшағы апатқа ұшыраған жерге уақытылы жібергені үшін ИКАО-ға алғыс білдірді.

– Аталған тергеуді толық аяқтау мақсатында біз ИКАО-мен өзара іс-қимылды жалғастырамыз, – деп толықтырды ол.

Вице-премьер Қазақстан апаттың алғашқы күнінен бастап оқиғаны объективті әрі жан-жақты тексеруге күш салғанын атап өтті. Ралло өз кезегінде «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырағанын тексеру туралы Қазақстан қысқа мерзімде жүргізген және жариялаған алдын ала есебін жоғары бағалады.

Ақтауда AZAL ұшағының апатқа ұшырауын тексеру бойынша қорытынды есеп Чикаго конвенциясына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін жарияланады.

Еске салайық, Баку-Грозный рейсін орындайтын AZAL жолаушылар ұшағы 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Борттағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде физикалық және техникалық соққы алған.

ИКАО гражданская авиация
Фото: icao.int

Anadolu: Каспий итбалықтарына арналған табиғи резерват құрылады

Қазақстанның Маңғыстау облысында итбалықтардың Каспий жағалауынан алыстауы жиілеп кетті. Енді Астанада каспий итбалықтарының таралымын және олардың мекендеу орындарын сақтау үшін арнайы резерват құрылады. Бұл туралы Kazinform агенттігі ҚР Президентінің кеңесшісі Зүлфия Сүлейменова айтып берген. Жаңалықты көп ұзамай түркиялық Anadolu бөлісті.

– Каспий теңізі бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, Мемлекет басшысының бірнеше бастамалары бар. Олардың бірі – каспий итбалықтары үшін резерват құру, ол каспий итбалықтарының мекендейтін жерін сақтауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қосымша жобалар бойынша жеке талқылаулар, консультациялар жүргізіп жатырмыз, – деді Зүлфия Сүлейменова.

Бұған дейін республиканың Ауыл шаруашылығы министрлігінде итбалықтардың неліктен құрлыққа шығып жатқаны түсіндірілген. Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылы ақпанның соңында, наурыздың басында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ауа мен су температурасының күрт төмендеуі тіркеліпті.

– Осы кезеңде батыс бағыттағы жел жағаға қарай соғып, мұз сынықтарының ығысуына және олардың бір-біріне тығыз жанасуына, итбалықтардың жүзе алмауына әкелді. Өз кезегінде, жел мен судың әсерінен мұздақтар жағалауға қарай жылжыды. Итбалықтар азық-түлік іздеп Қаражанбас және Қаламқас кен орындарындағы жағалауға шықты, ауа-райы әсерінен олар бағдарын жоғалтты, – деп хабарлаған Балық шаруашылығы комитеті.

итбалық
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

 

Соңғы жаңалықтар