Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: мемлекеттік рәміздер, Тәжікстанмен байланыс және жаңа өндіріс жоспары

АСТАНА. KAZINFORM - Маусымның алғашқы аптасында жаһандағы түрлі ақпарат құралдары Қазақстан туралы жаңалықтарды аз жазған жоқ. Соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік рәміздер күніне қатысты айтқан ой-пікірі, Тәжікстанмен жаңа келісім ерекше назарға түсті. Ал Түркістан облысында жаңа өндіріс нысаны салынуы мүмкін. Сондай-ақ қазақстандық және ирандық компаниялар арасында серіктестік артып жатқаны мәлім болды. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay / Pexels

Anadolu: Тоқаев Қазақстанның қуатты әрі прогрессивті мемлекет екенін айтты

4 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туды көтерудің салтанатты рәсіміне қатысып, атаулы күннің маңызы жөнінде сөз қозғады. Ақпаратты түркиялық Anadolu агенттігі жазды.

Алдымен Мемлекет басшысы мемлекеттік рәміздер күнімен халықты құттықтап, бұл мерекенің ел үшін айрықша маңызға ие екенін атап өткен.

– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз, – деді Президент.

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанның көк Туы бүкіл әлемге танылған. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтері ғимаратының алдында желбіреп тұр. Қазақ альпинистері туды әлемнің ең биік шыңдарына тікті, спортшылар оны халықаралық жарыстарда мәртебелі тұғырға көтерді.

Президент биыл Қазақстан әскери қызметшілері БҰҰ туы астында алғаш рет дербес бітімгершілік миссия орындағанын еске салды. «Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.

– Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Конституция – қоғамымыздың негізгі қағидаттарын айқындайтын басты құжат екенін айтты. Ата заң рухына сай, Қазақстан Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатып, ауқымды реформаларды біртіндеп жүзеге асыруда.

Ол көк Тудың астында әртүрлі этностардың бейбіт және келісімде өмір сүріп жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жетістіктерге тек бірлік арқылы ғана қол жеткізуге болатынын алға тартты. Салтанатты рәсім барысында Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орындарын үздік бітірген 14 түлек Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан офицерлік погон алды.

Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі және Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының құрмет қарауыл роталары Мемлекет басшысы мен салтанатты жиынға қатысушылардың алдында сап түзеп өтті.

Ховар: Қазақстан мен Тәжікстан кедендік ақпарат алмасу туралы Хаттаманың техникалық шарттарына қол қойды

Екі елдің алдын ала кедендік ақпарат алмасу туралы Хаттаманың техникалық шарттарына қол қойғанын тәжікстандық Ховар ұлттық ақпарат агенттігі хабарлады.

Бұған дейін хабарланғандай, Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кеден қызметі делегациясы Алматыда өткен Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасының кеден органдары басшыларының екінші кездесуіне қатысты. Іссапар аясында тәжік делегациясы Қазақстанның Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығымен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Келіссөздерге Тәжікстан Кеден қызметінің басшысы Хуршед Каримзода және Қазақстан Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев төрағалық етті.

Құжатқа қол қойылуы кедендік әкімшілендіру саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың нығая түскенін көрсетеді. Бұл тауарлар қозғалысы кезінде деректермен тиімді алмасуға, тәуекелдерді уақытылы талдап, бағалауға және транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Azertaq: Түркістанда тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын зауыт салу жоспарлануда

Адам мен жүк тасымалдауға арналған дрондарды қоса алғанда, тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын жаңа зауыт Қазақстанның Түркістан облысында салынуы мүмкін. Бұл хабарды Әзербайжанның Azertaq басылымы ұсынған.

Агенттік Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, аймақ басшысы Нұралхан Көшеров пен инвестор өкілі кездесіп, жобаны жүзеге асыру шарттарын талқылағанын жазды.

Шетелдік компания Түркістан облысына шамамен 290 миллион доллар көлемінде инвестиция салмақ. Зауытта 150-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өңірлік өнеркәсіптің жаңа бағыттарын дамытуға серпін береді.

Кәсіпорын азаматтық мақсаттағы және арнайы үлгідегі тікұшақтар мен дрондарды шығарады. Олар логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылымды бақылау саласында қолданылмақ.

Жоба экономикадағы қарқынды дамып келе жатқан төменгі авиация секторы – 3000 метрге дейінгі биіктікте ұшатын аппараттарға бағытталған. Бұл қалалық әуе тасымалы, жүк жеткізу, төтенше көмек көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында дрондарды пайдалануға жол ашады.

Trend: Иран компаниясы Қазақстандағы кәсіпорында техникалық қызмет көрсетпек

Ирандық Ascotec холдингі мен Қытайдың TCS компаниясы Қазақстанда Pered технологиясы бойынша губка темірін өндіруге қатысты қызмет көрсету жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Trend агенттігінің хабарлауынша, бұл келісімге қол қоюға арналған іс-шара Тегеранда өтті. Оған Иранның өнеркәсіп, шахта және сауда министрінің орынбасары Ваджихулла Джафари, Шахталар мен кен өндірісін дамыту және қайта құру ұйымының (IMIDRO) төрағасы Мұхаммед Агаджанлу мен басқа да ресми тұлғалар қатысқан.

Іс-шарада Ascotec холдингінің атқарушы директоры Амир Әли Тахирзаде бұл келісімді Pered технологиясы бойынша алғашқы инженерлік ынтымақтастық үлгісі деп атады. Оның айтуынша, бұл келісім Иранның болат өндірісі саласындағы технологиялық дамуында маңызды қадам болып саналады.

Тахирзаде келісім аясында Қазақстандағы губка темірі өндірісіне арналған зауытқа жылына 800 мың тонна өнім шығаратын техникалық қызмет көрсетілетінін айтты.

Қытайлық TCS компаниясының өкілі өз кезегінде ирандық тараппен 18 жыл бойы табысты ынтымақтастық орнатып келе жатқанын және Қазақстандағы жаңа жобалар аясында бұл байланысты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді. Компания сонымен қатар Африка елдеріндегі жобаларда да ирандық компаниялармен серіктестік орнатуға қызығушылық көрсеткен.

Іс-шарада сөз сөйлеген министрдің орынбасары Ваджихулла Джафари бұл келісімді Иран мен Қытайдың үшінші елдердегі серіктестігін нығайтудағы маңызды қадам деп бағалап, бұл бағыттағы серіктестіктің түрлі салаларда жалғасатынынан үміт күтетінін айтқан.

Pered технологиясы бойынша губка темірін өндіру ирандық мамандар әзірлеген жаңа өндірістік әдістердің бірі саналады.

Соңғы жаңалықтар