Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Молдова елшілігі, көлік дәліздері және Каспийдегі мәселе
АСТАНА. KAZINFORM – Шілденің алғашқы аптасында алыс-жақын елдердің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан жөнінде бірнеше материал жариялады. Солардың арасынан Қазақстанда Молдова елшілігінің ашылуы, еліміздің көлік дәліздерін дамытуға күш салып отырғаны көзге ұшырасты. Бұдан бөлек, Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі мен Орталық Азия елдерінің сирек кездесетін жануарларды қорғау бастамасы да сөз болыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Молдова Қазақстанда елшілігін ашты
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Молдова Сыртқы істер министрі Михай Попшой елшіліктің ашылу рәсіміне қатысқан. Ақпаратты түркиялық Anadolu агенттігі жазды.
Министрлікте өткен кездесу барысында Нұртілеу мен Попшой Қазақстан мен Молдова арасындағы қарым-қатынасты талқылады. Тараптар достық пен өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген екіжақты әріптестікті тереңдетуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, көлік, өнеркәсіп, цифрландыру, мәдени және гуманитарлық салалардағы мүмкіндіктерді бірлесе игеруге уағдаласқан.
Кейін министрлер Астанадағы Молдова Елшілігінің ашылу салтанатына арнайы қатысты. Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Кишиневтің Қазақстанда елшілік ашу туралы шешімін тарихи қадам деп атап, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған өзара ұмтылысты айғақтайтынын жеткізді.
Trend: Қазақстан Еуразиядағы көлік дәліздерін дамыту ісін жандандыруда
«3-4 шілде күндері Әзербайжанның Ханкенді қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) XVII саммиті өтеді. Бұл жиынға жалпы халқы 500 миллионнан асатын он елдің өкілдері жиналды. Биыл ұйымға төрағалық ету мәртебесі Қазақстанға берілген. Бұл – жай ғана формалдық емес, Еуразия кеңістігіндегі экономикалық байланыстарды нығайту жолында елдің белсенді әрі нақты стратегиясын көрсететін маңызды қадам»... Осылай басталған мақаланы әзербайжандық Trend ұсынды.
Қазақстан 1992 жылдан бері ЭЫҰ-ның мүшесі болып келеді және ұйымның институционалдық дамуына айтарлықтай үлес қосты. Алдымен көлік инфрақұрылымын дамыту жайында айту керек. Қазақстан Транскаспий бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін белсенді түрде ілгерілетіп отыр.
Ел Үкіметі Әзербайжан, Түркия, Иран және басқа да серіктестермен бірлесіп, тар тұстарды жою және жолдардың өткізу қабілетін арттыру бойынша іс-қимыл жоспарларын қабылдап жатыр. 2027 жылға дейін Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша транзит көлемін 4,5 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Ақтау мен Құрық порттарын жаңғырту аяқталып келеді, цифрлық кедендік шешімдер енгізіліп, транзиттік сауда үшін бірыңғай кеңістік құрылып жатыр.
Сонымен қатар, Қазақстан экономикалық интеграцияны тереңдету бағытында да белсенді жұмыс істеді. Ел ЭЫҰ Көлік кеңесін құруға қатысып, сауда үдерістерін цифрландыру және трансшекаралық өндірістік тізбектерді дамыту бастамаларын көтеріп отыр. Мұның бәрі өңірлік сауданы жандандыру мен кедергілерді азайтуға бағытталған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның экспорты 81,6 миллиард долларды, ал сыртқы сауда айналымы 141,4 миллиард долларды құрады. Әсіресе азық-түлік экспорты 2,8 миллиард долларға жетіп, Қазақстанның көрші елдер мен Таяу Шығыс мемлекеттері үшін азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі ретіндегі рөлін айқындай түсті. Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан, яғни, ЭЫҰ мүшелері – Қазақстанның негізгі сауда серіктестері қатарында. Бұл ұйымның экономикалық әртараптандыру платформасы ретіндегі маңызын арттыра түседі.
Экономикамен қатар Қазақстан орнықты дамуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Shaulder SPP күн электр станциясының құрылысы, Әзербайжан және Өзбекстанмен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «жасыл энергетикалық дәліз» жобасы, су инфрақұрылымын жақсарту бойынша бастамалар – алдағы саммиттің климаттық күн тәртібіне сай келеді және өңірдің ұзақмерзімді экологиялық тұрақтылығына үлес қосуда.
Басылым осылайша Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықтың жаңа архитектурасын қалыптастырып жатқанын жазған. Ұсынылған бастамалар экономикалық өсімге, өзара байланыстарды нығайтуға және орнықты даму мақсаттарына жетуге серпін бермек.
Oxu: Каспий теңізі тез тартылып бара ма?
Бір сөзбен айтқанда Каспий теңізінің планетадағы ең үлкен су қоймасы екені рас. Дегенмен кейінгі жылдары суы тартылып, алаңдатып отыр. Ғалымдардың мәліметінше, кейінгі онжылдықтарда теңіз жүздеген мың шаршы километр акваториясын жоғалтқан. Бұл үрдіс қазір де бәсеңдемей тұр. Осыған орай әзербайжандық Oxu теңізге қатысты зерттеуін жариялады.
Өзгерістерді жергілікті тұрғындар да, балықшылар және ғарыштан бақылаушылар да айқын көріп отыр. NASA және Еуропалық ғарыш агенттігінің спутниктік суреттері судың деңгейінің күрт төмендегенін, әсіресе теңіздің солтүстік және шығыс бөліктерін ерекше көрсеткен. Қазақстан мен Түрікменстан тұрғындары бұрын су болып жатқан жерде қазір құрғақ теңіздің түбі қалғанын хабарлап отыр.
Сарапшылар Каспий теңізінің шегінуінің негізгі себебі ретінде климаттың өзгеруін атайды. Бұл өңірде температура көтеріліп, Кавказ тауларында қар жауу азайды. Соның әсерінен өзендерге, әсіресе Каспийге су әкелетін Еділ өзенінің су мөлшері төмендеген. Тереңдігі онсыз да аз солтүстік бассейнде булану қарқыны күрт артты.
2020 жылы Communications Earth & Environment журналында жарияланған зерттеу бойынша, ғасырдың соңына дейін Каспий теңізінің деңгейі тағы 9-18 метрге төмендеуі мүмкін. Бұл теңіз түбінің кең аумақтарын ашып, қала жағалауларын сусыз қалдырады.
Голландиялық географ, доктор Франк Весселинг: «Каспий теңізінің деңгейі өзеннің су ағыны мен булануына тәуелді болғандықтан, климаттық өзгерістерге өте сезімтал. Біз баяу қозғалып жатқан климаттық дағдарысты көріп отырмыз», – дейді.
Климаттық факторлардан бөлек, адамның іс-әрекеті теңіздің көлемін қысқартуда жылдамдық қосып отыр. Көліктер, суармалы жүйелер мен Волга өзенінен су алу көлемінің азаюы теңізге су келуін едәуір төмендетті. Ресей, Иран, Қазақстан, Әзербайжан және Түрікменстан сияқты елдердегі өндірістік және ауылшаруашылық суға сұраныс өсті. Заңсыз су алу мен дұрыс реттелмеген суару да мәселені ушықтыра түскен.
Экологтар теңіздің азаюын бәсеңдетуге бағытталған әрекеттер сәтті болмай қалуы мүмкін екенін ескертеді. Теңіз шегінген сайын тіршілік ортасы құрғап, балық қоры азаяды, құстардың миграциялық жолдары бұзылады.
Теңіздің тартылуы Қазақстан мен Әзербайжан жағалауларының мұнай-газ инфрақұрылымына қауіп төндіріп отыр. Порттар су деңгейінің төмендеуімен байланысты логистикалық қиындықтарға тап болды. Кемелер алыстаған суларға жетуде қиындық көрген.
Адам денсаулығына қатысты алаңдаушылық та артып келеді. Ашылған теңіз түбі уытты шаң шығарып, ауаны ластайды. Яғни Арал теңізі апатына ұқсас жағдай болуы мүмкін.
Қазір өңірлік ынтымақтастық дағдарысты басқаруда өте маңызды. Сарапшылар су алуды шектеу, суармалы жүйелерді жаңғырту және климаттық өзгерістерге төзімді инфрақұрылымды дамыту қажеттігін ұсынған. Бес каспийлік мемлекет бұрын келісімдерге келгенімен, олардың орындалуы әлсіз болып отыр. Халықаралық ұйымдар мониторингті жетілдіру мен орнықты басқаруды жақсартуды талап еткен.
Ховар: Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан алты сирек кездесетін сүтқоректілер түрін сақтап қалуға ниетті
Былтырғы 30 маусымда Душанбе қаласында «Орталық Азиядағы сүтқоректілердің климат өзгерістеріне бейімделуі» жобасының екінші ұлттық кеңес беру отырысы халықаралық сарапшылар қатысуымен өткен еді. Бұған қазақстандық мамандар да қатысқан болатын. Соның нәтижесінде қабылданған шешімдер туралы Тәжікстанның Ховар агенттігі хабарлаған.
Елдегі Қоршаған ортаны қорғау комитеті Тәжікстан үкіметінің табиғи аумақтар мен биологиялық алуантүрлілікті қорғау саласындағы экологиялық саясатын іске асырып жатыр.
2022 жылдан бастап Тәжікстан, Қазақстан және Қырғызстан елдерінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Тәжікстанның экожүйелеріне климат өзгерістерінің әсерін зерттеуге, сүтқоректілердің бейімделуіне және жабайы табиғат пен жергілікті қауымдастықтар арасындағы қақтығыстарды азайтуға бағытталған.
Аталған үш ел жобаның мақсаты бойынша арқар, бұхар маралы, барыс, тау ешкісі, сырлы ешкі мен қоңыр аю сияқты алты сирек кездесетін сүтқоректілер түрін сақтауға ұмтылып келеді.