Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Моңғолияға автожол, еурооблигация нарығы мен ОПЕК+ межесі
Бұл аптада әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы біршама жаңалық жариялады. ОПЕК+ бойынша мұнай өндіру көлемі, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы автожол құрылысының жүзеге асуы назарға түскен. Елдің еуроолигация нарығындағы аяқ алысы мен Түркі мемлекеттері ұйымының мүфтилер алқасында қабылданған шешімде де қалыс қалмапты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Қазақстан 10 жылдан кейін еурооблигация нарығына қайта оралды
Қазақстан 2015 жылдан бері алғаш рет АҚШ долларымен номинацияланған еурооблигациялар нарығына сәтті оралды. Мемлекет 1,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі шығарылымды 10 жыл мерзімге, 4,714% купондық мөлшерлемемен орналастырды. Ақпаратты Report интернет-басылымы жария етті.
Еурооблигациялар Лондон қор биржасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында орналастырылған. Мәміленің халықаралық ұйымдастырушысы әрі бірлескен жетекші менеджері мен букраннері ретінде Citi, JPMorgan, Societe Generale компаниялары қатысса, қазақстандық ұйымдастырушы ретінде «BCC Invest» АҚ араласқан.
«Мәміленің алдында бір күндік виртуалды роудшоу өтті, ол тек жоғары инвестициялық рейтингі бар елдерге қолжетімді. Жинақталған тапсырыстар кітабы тұрақты өсуді көрсетіп, 6 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл купондық мөлшерлеме мен кірісті 4,714% деңгейінде, ал АҚШ қазынашылық облигацияларына қатысты спрэдті 88 базистік пункт деңгейінде белгілеуге мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, еурооблигациялар шығарылымы елдің қаржылық тұрақтылығын нығайтып, экономикалық өсімін ілгерілетпек.
«Сонымен қатар орналастырудың қолайлы шарттары қазақстандық квазимемлекеттік және корпоративтік эмитенттерге халықаралық капитал нарығына шығуға бенчмарк (бағдар) жасайды», – делінген ақпаратта.
Қазақстан мен Моңғолияны жаңа автожол байланыстырады
ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді талқылау жөніндегі кездесуге қатысты. Тараптар жол құрылысының жай-жапсарын талқылаған. Бұл деректі CentralAsia хабарлады.
Автожолдың бағыты Моңғолия шекарасына қарай шығатын Өскемен, Риддер қалалары және Туэкта (Ресей Федерациясы) елді мекені арқылы өтпек. Болжамды маршруттың қазақстандық учаскесі – Өскемен қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі аралықта салынғаны. Оның жалпы ұзындығы - 189 шақырым, 62 шақырымда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылады.
«Бұл жұмыстар жол жүру уақытын едәуір қысқартып, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болмақ», – деді Мақсат Баяхмет.
Маршруттың басым бөлігі Ресей Федерациясының аумағынан өтеді. Егер Ресей тарапы жол салуға келісім берсе, маршрут 837 шақырым болады. Ал қазір қолданыстағы «Өскемен – Рубцовск – Барнаул – Туэкта автомобиль жолы – Моңғолия шекарасы» тасжолының ұзындығы - 1 604 шақырым.
Қазақстан ОПЕК+ бойынша міндеттемесін орындады
Ирак, Қазақстан және Ресей ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) отырысында ұйым аясындағы міндеттемесін толығымен орындағанын мәлімдеді. Альянстың 2024 жылы жоспарланған межені жүзеге асырғаны жөнінде ресейлік TACC ақпарат агенттігі хабарлады.
Сонымен қатар ОПЕК үш елдің келісілген кезең ішінде мәміле параметрлері мен өтемақы жоспарын толық орындауға міндеттеме алғанын растады. ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитеті Ирак, Қазақстан және Ресей өкілдерімен бөлек кездесулер өткізілгенін, онда қыркүйек айында мұнай өндіру деңгейі талқыланып, тамыз айында мұнай өндіруді қамтитын жаңартылған өтемақы жоспары ұсынылғанын айтты.
ОПЕК қыркүйек айындағы ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру бағамы қазан айының екінші аптасында шығатынан болатын айтқан. Тараптар мұны қайталама көздердің деректеріне сүйене шешкен.
Сондай-ақ ОПЕК+ мәміле мен өтемақы жоспарын толық орындаудың маңызын ерекше атады. Мониторинг комитеті 2024 жылғы маусымда келісілген ОПЕК+ мәмілесінің орындалуын, сондай-ақ мұнай өндіру бойынша ерікті қысқартудың сақталуын бақылайды. Комитет мұнай нарығының жағдайын бағалауды жалғастырмақ.
Астанада ТМҰ мүфтилер алқасының V мәжілісі өтті
Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы мүфтилер алқасының V мәжілісі өтті. Кездесу Құран Кәрімді оқудан басталып, «Ислам жергілікті халық дәстүрін қолдайды» және «Фиқһ мектебінің пәтуа беруге қатысты» ережесі құжаттарын қабылдауға жалғасқан. Ақпаратты Anadolu агенттігі бөлісті.
Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия дін істері басқармасының төрағасы Али Ербаш, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейхул-Ислам Аллашүкір Паша-Заде, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы, шейх Нуриддин Халикназар, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Абдулазиз қажы Закиров және Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Мирвохид Азимов қатысқан.
Али Ербаш өз сөзінде санада сенім мен тура жолдың бейнесі қалыптасуы, жер бетіне жақсылық пен мейірім үстем құруы, сол арқылы зұлымдықтың бетін қайтару – мұсылман ретінде мойнымызда тұрған ең маңызды міндет екенін атап өтеді. Сондай-ақ ол аталған мәжілістің жақсылық бастауына айналуын тіледі:
«Күн санап ынтымағымыз артып, бауырластығымыз беки түсті. Болашаққа деген үмітіміз бір, мақсатымыз ортақ. Осы құндылық ортақ мәселелерді шешуге үлкен үлес қосады деп білемін».
Ербаш әлем елдерінің зор өзгерістер мен құбылу процесін өткеріп жатқанын атап өтті. Өркениеттердің сенім, мәдениет пен дәстүрге негізделетінін мысалға келтіріп:
«Адам болсын, қоғам болсын, өткенімен мағыналы байланыс орнатып, дәстүрін сақтау арқылы болашаққа қадам баса алады. Себебі дәстүр – өмірді дамытып, ортақ жадты қалыптастыратын маңызды элемент. Дәстүрінен жеріп, салт-санасымен қарым-қатынас орнатпаған қоғам ешқашан жарқын келешекке қол жеткізбесі анық. Сонымен қатар дәстүр тарихымыздың бөлшегі саналады. Шынына келсек, бізді Түркістаннан Анадолыға дейін, Кавказдан Балқанға дейін тамыр жайған дәстүріміз бен сеніміміз байланыстырады», – деді.