Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Моңғолиямен әріптестік, бірлескен жобалар және мұнай өндірісін арттыру

Қарашаның басында жаһандағы медиалар Қазақстан жөнінде аз жазбады. Бірі Мемлекет басшысының мемлекеттік сапарын талқылап жатса, келесілері Өзбекстанмен бірлескен жобаларды жазды. Сондай-ақ еліміздің мұнай өндірісін арттыру жоспары мен су шаруашылығын дамыту ісі қозғалды. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform/ Pixabay/ akorda.kz

Anadolu: Астана мен Ұланбатыр стратегиялық әріптестік орнатты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Жаңалықты Anadolu бөлісті.

Екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен өткен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Моңғолиямен мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамытудың басым бағыттарын белгіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында тығыз парламентаралық және үкіметаралық байланыстар орнатылғанын еске салды.

– Сауда және экономика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар және ғарыштық зерттеулер салаларындағы өзара іс-қимылды арттыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық қатынастардың дамуына елеулі серпін беретініне сенімдімін, – деген Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жеке тоқталған. Моңғол спортшыларына Астанада өткен Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарына қатысқаны үшін алғыс айтты.

Бұған қоса, Қазақстандағы моңғол студенттері үшін квотаны ұлғайту, ортақ тарихи мұраны бірлесіп зерттеу жайы сөз болды. Экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм салаларында бірлескен жұмыстар атқарылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырған. Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолияның екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша Қазақстанмен байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін растады.

Моңғолия Президенті Қазақстанды өз елінің маңызды серіктесі және Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді көпір деп атады. Хурэлсухтың айтуынша, Ұланбатыр Қазақстанның экономиканы дамытудағы тәжірибесін мұқият зерттеп, сауда, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, ғарыштық зерттеулер салаларындағы екіжақты жобаларды тиімді жүзеге асыруға ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевтың екіжақты тауар айналымының көлемін 500 млн долларға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдады.

Қазақстан президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациялары зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге, 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасына, авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге, автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандумға қол қойды.

Trend: Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен жобаларды белсенді дамытуда

Екі ел қазір 3,4 млрд долларға 74 бірлескен жобаны іске асыра отырып, өнеркәсіптік ынтымақтастықты белсенді қолға алуда. Бұл туралы «Өзбекстан-Қазақстан» IV өңіраралық форумынан ақпарат таратқан Trend жазды.

Бұл жобалар 14 600 жұмыс орнын құруға бағытталған, оның ішінде 13 600-і Қазақстанда 65 жаңа кәсіпорын ашу есебінен қамтамасыз етіледі. Қазірдің өзінде Қазақстан аумағында 9, Өзбекстанда 3 бірлескен жоба іске асырылуда. Соның арқасында 4 800 жаңа жұмыс орны құрылған.

Қазақ-өзбек кооперациясының мысалы ретінде Қостанайдағы Chevrolet Onix автомобильдерінің өндірісін, Сарандағы тұрмыстық техника зауытын, Шымкент пен Түркістан облысындағы тоқыма фабрикаларын айтуға болады. Өзбекстандағы Ангренада автоклавты газ бетоны өндірісі жүзеге асырылуда.

Елдер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құрумен басталмақ. Себебі кәсіпкерлер салықтық және кедендік жеңілдіктер алады.

Айтпақшы, Өзбекстан-Қазақстан өңіраралық форумы аясында екі ел өңірлері арасында ынтымақтастық орнату бойынша 33 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер тікелей өзара іс-қимылды жақсартуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және дайын өнімді жеткізуді ұлғайтуға бағытталған.

Report: Қазақстан 2024 жылғы мұнай өндіру болжамын 88 млн тоннаға шектеді

Ел билігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 88 млн тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Жаңалықты Қазақстанның Энергетика министрлігіне сілтеме жасай отырып, әзербайжандық Report жариялады.

Негізі мұнай өндірісінің алдыңғы болжамы 90,5 млн тонна болған. Енді 88 млн тоннаға азайып отыр. Ал нақты өндірістің қалай боларына ауа райы мен Қашағандағы жөндеу жұмыстары тікелей әсер етеді. Былтыр республикада 90 млн тонна мұнай өндірілді.

Бұл тұста басылым Қазақстан Президентінің мұнай өндірісіне қатысты көзқарасын мәлімдеген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін еліміз бір жыл ішінде 100 млн тонна мұнай өндіргісі келетінін айтқан. Кейінгі 30 жылда өндіріс 3 есеге өсті. Осы арқылы Қазақстан мұнай өндіру бойынша әлемдегі үздік 5 елдің қатарына кірген.

Daryo: Франция Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға көмектеседі

Қазақстан француз компанияларын су шаруашылығы объектілерін салу және қайта жаңарту жөніндегі жобаларға тарта алады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиогемен кездесу барысында осы мүмкіндікке қол жеткізген. Ақпаратты өзбекстандық Daryo жазды.

Жақын арада Француз даму агенттігімен (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросымен (BRGM) ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ Іле-Балқаш бассейнін кешенді зерттеуге, Қазақстанның жерасты суларын тереңдетіп зерттеуге бағытталған үшжақты келісімге қол қою жоспарланып отыр. Су ресурстарын басқаруды жақсарту үшін Су жөніндегі халықаралық бюромен (OiEau) ынтымақтастық қосымша қаралады екен.

Бұдан басқа, Қазақстан үкіметі су тасқынын болжау бойынша зерттеулерге 576 млн теңге бөлген. Оның ішінде еліміздің су тасқыны қауіпті өңірлерінде батиметрлік түсірілімдер үшін жабдықтар сатып алу ойластырылған. Қаржыландыру 2025 жылы зерттеулерді жалғастыруға септеседі. Жалпы айтқанда, Қазақстанның су қауіпсіздігін күшейтуге көмектеседі.

Қазақстан сондай-ақ 2030 жылға дейінгі су инфрақұрылымын жаңғырту аясында 44 жаңа су қоймасын салуды, 76 гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңартуды және 5 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды қазуды көздейтін ауқымды бағдарламасын ілгерілетуде.

Соңғы жаңалықтар