Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Орта дәліз, алюминий экспорты және Түркі мемлекеттерімен келісім

Бұл аптада Қазақстан әлемдік саяси аренада өзінің орнықты позициясы бар екенін айшықтай алды. Қазақстан Президентінің мақаласы жаһандық басылымдардың назарынан түспеді. Сондай-ақ шетелдік медиа еліміздің Өзбекстанмен экспортын, Әзербайжан және Түркиямен жасалған келісімдерді, КҚК арқылы тасымалданып жатқан қазақстандық мұнайдың көлемі жөнінде жазды. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж Википедия, DALL-E

Trend: Тоқаев Қазақстан серіктестерімен бірге ТХКБ-ны белсенді дамытып жатқанын айтты

Қазақстан әріптестерімен бірлесіп Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ, немесе Орта дәліз) белсенді дамытуда. Жаңалықты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолы» атты мақаласына сілтеме жасай отырып әзербайжан басылымы Trend хабарлады.

– Орталық Азия аймағы күн өт­кен сайын жаһандық көлік қатынас­тарының басты тармағына айналып келеді. Бұл ретте ең алдымен, Қы­тай­дың бастамасымен қолға алынған, болашағынан зор үміт күттіретін «Бір белдеу, бір жол» жобасын және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін атап өтуге болады. Бұл жобаларға өңірдегі елдердің бәрі белгілі бір деңгейде қатысып жатыр. Қазір біздің мемлекеттеріміз жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға қа­тыс­ты басқа да маңызды идеяларды жүзеге асыруға кірісті. Қазақстан өзі­нің серіктестерімен бірлесіп, Транс­каспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) барынша дамытып жатыр. Осы бағытпен тасымалдана­тын жүк көлемі орта мерзімде бес есеге артуы мүмкін, – деп келтірген Тоқаевтың сөзін.

Қазақстан Президенті өңірдің жаһандағы маңызды көлік-логистикалық және транзиттік хабтардың біріне айналуға барлық мүмкіндіктері бар екенін алға тартқан.

Daryo: Қазақстанның Өзбекстанға алюминий экспорты 10 есе өсті

Алюминий экспорты 2024 жылдың алғашқы төрт айында 10 есеге артып, 2100 тоннаға жеткен. Мамандар бұл үрдісті өндірісі белсенді дамып келе жатқан Өзбекстанда алюминийге сұраныстың өсуімен байланыстырады. Бұл жөнінде Daryo жазды.

Былтыр Ташкент маңында алюминий профильдерін шығаратын жаңа зауыт ашылды. Зауыт қазір өз өнімдерін әлемнің 50 еліне, соның ішінде Қазақстанға да экспорттап жатыр. Зауыт екі өндірістік желімен жабдықталған, олардың әрқайсысы 10 гектарды алып жатыр, ал оның қуаттылығы жылына 50 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы.

Зауыттың негізін қалаушы Тахир Шәріпов Қазақстаннан алюминий жеткізу үздіксіз жүріп жатқанын, ал кедендік баждардың жоқтығы мен тиімді географиялық орналасуы көлік шығындарын төмендететінін атап өтті. Зауыт жақын арада өз қуатын екі есеге арттыруды жоспарлауда.

Өндірілетін өнімге құрылыс материалдары, жиһаз, тұрмыстық техника мен автоөнеркәсіп бөлшектері кіреді. Негізгі тапсырыс берушілер – өзбекстандық компаниялар, бірақ зауыт шетелдік нарықты, соның ішінде АҚШ пен Еуропа елдерін белсенді игеруде.

Өз кезегінде, зауыттың Бақылау және сапа басқармасының басшысы Камель Милиев өндіріс үшін шикізат шетелден, оның ішінде Ресей мен Қазақстаннан сатып алынатынын атап өтті.

Қазақстандық алюминийдің Өзбекстанға экспортының қарқынды өсуі және өндірістік қуаттардың дамуы екі мемлекет арасындағы тауар айналымының өсуіне ықпал етпек.

Trend: Қазақстан мен Әзербайжан киберқауіпсіздік саласында меморандум жасасты

Аталған екі елдің өкілдері киберқауіпсіздік саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын Trend басылымы хабарлады.

Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі жанындағы Электрондық қауіпсіздік қызметінің деректеріне сәйкес, меморандумға Қазақстанға жұмыс сапары аясында қол қойылған.

Құжат ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік саласындағы бірлескен қызметті, сондай-ақ тараптар арасында деректер мен тәжірибе алмасуды көздейді. Электрондық қауіпсіздік қызметі Әзербайжан Президентінің 2023 жылғы 28 тамыздағы Жарлығымен бекітілген «2023-2027 жылдарға арналған Әзербайжан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік стратегиясына» сәйкес, басқа елдердің ұқсас ұйымдарымен ынтымақтастық орнату бойынша жұмысын жалғастырып жалғастырып жатқанын хабарлады.

Anadolu: Қазақстан мен Түркия жасанды интеллект, ғарыш және спутниктік технологиялар саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Түркияның Өнеркәсіп және технологиялар министрі Мехмет Фатих Қажыр Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен кездесті. Бұл жөнінде Anadolu агенттігі жария етті.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен кездесуде маңызды шешімдерге қол жеткен.

– Біз Түркі мемлекеттері ұйымы аясында және екіжақты деңгейде жасанды интеллект, ғарыштық, спутниктік технологиялар, технологиялық кәсіпкерлік және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге келістік. Осы тұрғыда біз бірлескен жобаларды іске асыру және өзара ақпарат алмасу бойынша маңызды шешімдер қабылдадық. Екіжақты және көпжақты ынтымақтастығымыздың моральдық негізін болашақта нығайтатын келісімдерге қол қою бойынша толық консенсусқа қол жеткіздік, – деген Мехмет Фатих Қажыр.

Сондай-ақ министрлер бұл ынтымақтастық өңірдің технологиялар мен инновациялар саласындағы әлеуетін одан әрі арттыратынына сенім білдірген.

ТАСС: КҚК 7 айда Теңіз кенішінен 16 млн тонна мұнай тасымалдады

Каспий құбыр консорциумы қаңтар-шілде айларының аралығында Қазақстандағы Теңіз кен орнынан 16 млн тонна мұнай тасымалдаған. Ақпаратты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жария етті.

Агенттіктің мәліметінше, КҚК басшысы Николай Горбань мен «Теңізшевройл» компаниясының маркетинг және көлік жөніндегі бас менеджері Лори Сасконың кездесуінің қорытындысында аталған дерек айтылған.

«Теңізшевройл» мұнай өндіру көлемін ұлғайту үшін сағалық қысымды басқару жобасын іске асыруда. Өз кезегінде құбыр қосымша көлемді тасымалдауға әзір тұрғаны айтылған. КҚК бас директоры атап өткендей, мұнай құбыры жүйесі қазақстандық аумақтан жылына шамамен 72,5 млн тонна мұнай және Ресей арқылы жылына 83 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға қауқарлы.

Соңғы жаңалықтар