Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Орта дәліз, Бакумен байланыс, жасыл энергия және Starlink

АСТАНА. KAZINFORM — Тамыздың орта шегінде Қазақстан алыс-жақын елдермен түрлі жайтты талқылады. Жаһандағы ақпарат құралдары Нидерланд тарапының Орта дәлізге көңіл бөліп отырғанын, Астана мен Бакудың әріптестігі артқанын, Орталық Азияның жасыл энергия бойынша жобаларға басымдық беріп жатқанын және Starlink интернет қызметі Қазақстанға ресми келгенін жазды. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқыңыз.

БАҚ
Коллаж: Kazinform/ Canva/ starlink.com

Trend: Қазақстан мен Нидерландтардың әріптестігі жасыл экономиканы және Орта дәлізді интеграциялауға ықпал етпек

Екі тарап ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы және жасыл экономиканы қамтитын жаңа серіктестік форматын қалыптастыруда. Орта дәлізге деген қызығушылықтың артуы және жаңартылатын энергия көздеріне көшу аясында тараптар Еуропа мен Азия арасындағы сауда және инвестициялық ағындардың теңгерімін өзгертуі мүмкін. Бұл туралы әзербайжандық Trend агенттігіне эксклюзивті сұхбат берген Clingendael институтының ғылыми қызметкері Джулия Крэтти мәлімдеген.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Нидерландтар арасындағы серіктестік ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы және жасыл экономика салаларында кеңейіп келеді.

Нидерландтар бірнеше жыл бойы Қазақстанға ең ірі инвестор болып келді. Бұл елден келетін тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 67 млрд долларға жетті. Ауыл шаруашылығы қазақ-нидерланд ынтымақтастығында басты орындардың бірін алады, маңыздылығы жағынан тек энергетикадан кейін тұр.

«Қазақстанда кең байтақ ауылшаруашылық жерлері мен ресурстары бар, ал Нидерландтар тұрақты ауыл шаруашылығы, жылыжай технологиялары мен тұқым шаруашылығы салаларында технологиялық көшбасшы ретінде танылған. Бұл Нидерландтарды білім алмасу, бірлескен жобалар мен ауыл шаруашылығы дақылдарының тұрақтылығын арттыру және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін инновациялық шешімдерді қолдану бағытында табиғи серіктес етеді», – деді Джулия Крэтти.

Ресми статистика Қазақстандағы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын көрсеткен. 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 3,4 млрд долларды құрады, ал нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,7 пайызға жетті.

Алайда экономикалық байланыстарды кеңейту көбінесе көлік инфрақұрылымын, әсіресе, Қытайды Орталық Азия мен Кавказ арқылы Еуропамен байланыстыратын маңызды трансқұрлықтық маршрут – Орта дәліз бойындағы инфрақұрылымды жақсартуға байланысты. Бұл маршрут Солтүстік және Оңтүстік дәліздерге стратегиялық балама ретінде өңірлік байланысты арттырып, сауданы әртараптандыруға мүмкіндік береді. 2024 жылы Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 69 пайызға өсіп, 2,9 млн тоннаға жетті. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.

Крэттидің айтуынша, дәліздің әлеуетін жүзеге асыру үшін инфрақұрылымдық кедергілерді еңсеру және қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру қажет.

Орта дәліз бірнеше егеменді мемлекеттердің аумағы арқылы өтеді — оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия бар. Бұл транзиттік жолдың геосаяси тұрғыда күрделі екенін, санкцияларға ұшырамайтын еркін тасымал жолын құру оңай еместігін көрсетеді. Тұрақты және тиімді дәліз Нидерландтағы өндірісті күшейтіп, Қазақстан өңірлеріндегі жасыл энергетикаға инвестиция тартуға үлкен ықпал етуі мүмкін.

Anadolu: Астана мен Баку стратегиялық әріптестікті дамытуға бейілді

Қазақстанның Сыртқы істер министрі мен Әзербайжанның Сыртқы істер министрі телефон арқылы сөйлесті. Мұрат Нұртілеу мен Джейхун Байрамов екі елдің стратегиялық әріптестікті дамытуға бейілді екенін растаған. Жаңалықты түркиялық Anadolu агенттігі жазды.

Әңгіме барысында тараптар барлық бағыт бойынша талқылаған. Мұрат Нұртілеу Джейхун Байрамовты Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісім туралы Декларацияға қол қойылуымен құттықтап, бұл тарихи қадам өңірдегі бейбітшілік пен орнықты дамуға берік негіз болып, ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына үміт білдірді.

Осы тұрғыда тараптар өңірлік коммуникацияларды қайта ашу жөніндегі уағдаластықтар аясында сауда, логистика және көлік салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ, алдағы уақыттағы ынтымақтастық жоспарлары сөз болды, жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесіне ерекше назар аударылып, әңгіме барысында қозғалған мәселелер бойынша тұрақты байланыста болуға уағдаласты.

Report: Қазақстан мен Өзбекстан жасыл энергия дәлізінің мәртебесін талқылады

Екі ел «Әзербайжан – Орталық Азия» жасыл энергия дәлізінің мәртебесін сөз еткен. Report агенттігінің хабарлауынша, бұл мәселе Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі Бахтиёр Ибрагимовтың кездесуі барысында талқыланған.

«Каспий теңізі арқылы Әзербайжанмен бірлесіп іске асырылып жатқан «Жасыл энергетикалық дәліз» жобасының мәртебесі қаралды. Бұл жобаны іске асырудың нақты қадамы ретінде 2025 жылғы 1 шілдеде Yaşıl Dəhliz Birliyi бірлескен кәсіпорны құрылды», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Тараптар сондай-ақ екіжақты «жол карталарының» орындалуына қатысты ұстанымдарын нақтылап, бірлескен жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Әсіресе, өңірлік электр энергетикасы саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан стратегиялық серіктес болған Қамбар ата ГЭС-1 құрылысы да бар.

Кездесу қатысушылары барлық бірлескен энергетикалық бастамаларды жедел ілгерілету үшін тиісті салалық ведомстволар арасындағы белсенді диалогты қолдауға дайын екендерін атап өтті. Сондай-ақ, мұнай-газ саласындағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастық пен газ тасымалдау жүйелерінің тұрақты жұмысын атап өтті. Атап айтқанда, 2025 жылдың жеті айында Қазақстан газының Өзбекстан аумағы арқылы транзиті 921,7 млн текше метрді құраған. Ал 2026 жылға қарай Ресей газын жеткізудің әлеуетті көлемі 11 млрд текше метрге жетуі мүмкін.

Uza: Starlink Қазақстанда ресми жұмысын бастады

2025 жылғы 13 тамыздан бастап Starlink спутниктік интернет қызметтері Қазақстан тұрғындары үшін қолжетімді болды. Бұл жаңалықты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, өзбекстандық Uza жазды.

Министрліктің мәліметінше, ғаламторға қосылу SpaceX компаниясына тиесілі төмен орбиталық Starlink спутниктері арқылы жүзеге асырылады. Бұл технология елдің ең шалғай және қолжетімсіз өңірлерінің өзінде тұрақты әрі жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бір жыл бойы біз Starlink пен мемлекеттік органдар мен реттеушілердің ұстанымдарын жақындату бойынша келіссөздер жүргіздік. Бүгін Starlink Қазақстанды ресми қатысу картасына қосты», – деді цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Бұған дейін, 12 маусымда министрлік пен Starlink компаниясы келісімге қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, провайдер Қазақстан заңнамасын сақтау міндеттемесін алады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл сервистің іске қосылуы елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен қала мен ауыл арасындағы «цифрлық алшақтықты» жою бағытында маңызды қадам болмақ.

Соңғы жаңалықтар