Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: «Орталық Азия – Қытай» медиафорумы, декарбонизация және Каспий итбалығы
АСТАНА. KAZINFORM – Мамырдың соңғы аптасында жаһандық медиада Қазақстанға қатысты жаңалық үдеді. Соның ішінде халықаралық шаралар және экология төңірегіндегі оқиғалар жиі ұшарасқанын көрдік. Әзербайжанмен нығая түскен байланыс, «Орталық Азия – Қытай» медиафорумындағы бастамалар басымдыққа ие болса, мұнай саласындағы декарбонизация жұмысы мен Каспий теңізіндегі итбалық өлімі де айтылған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Астанада «Орталық Азия – Қытай» медиафорумы өтті
Қазақстанда еларалық БАҚ-ты дамытуға арналған «Орталық Азия – Қытай» медиафорумы ұйымдастырылды. Шарада Орталық Азия елдері мен Қытай елі медиа саласы мамандары бас қосып, пікір алмасуға мүмкіндік алған. Anadolu агенттігінің хабарлауынша, форумға «Жібек жолы БАҚ-пен бірге: Қытай мен Орталық Азияның тығыз тағдыр қауымдастығын құру» тақырыбы таңдалыпты.
Медиафорумды ұйымдастырушы – Президенттің телерадиокешені мен қытайлық «Жэньминь Жибао» газеті. Жиында Орталық Азия мен Қытайдың 140-қа жуық медиа маманы бой көрсеткен, ішінде саясаткерлер, журналистер, медиа компаниялар мен ақпарат агенттіктерінің басшылары, сарапшылар бар. Жиында саяси сенімді нығайту, ортақ даму және аймақтық қауіпсіздік мәселелері далданған.
Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Қатысушыларға құттықтау сөзді ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берген.
«Бүгінде жер жүзінде ауқымды өзгерістер болып жатыр, түрлі мәдениеттер мен қоғам арасындағы алтын көпір саналатын журналистердің рөлі бұрынғыдан да артып келеді. Сауатты әрі байыпты ақпараттық саясат, ынтымағымызды күшейтіп, орнықты дамуымызға септігін тигізеді. Қазіргі заманда медиа саласында бейбітшілікті, өзара қолдау мен татулықты дәріптейтін аса маңызды құралға айналды. Осы орайда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырзаның «Бір белдеу, бір жол» бастамасының мәні зор. Бірегей жоба жаһандық ынтымақтастық тұжырымдамасы ретінде әлем қауымдастығының жоғары бағасына ие болып отыр», – делінген Президент құттықтауында.
Шарада геосаяси кеңістіктегі ақпарат ұйымдарының жай-күйі, саладағы мәселелер туралы пікір алмасу жүзеге асқан. Сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» жобасы бойынша баспасөз туры салтанатты түрде бастау алды.
Trend: Қазақстан Әзербайжаннан мұнайдан өзге өнімдерді сатып алуды ұлғайтты
Биылғы қаңтар-сәуір аралығында Әзербайжаннан Қазақстанға 34,6 миллион АҚШ долларын құрайтын мұнай емес өнімдер экспортталды. Әзербайжанның Мемлекеттік кеден комитетінің дерегін Trend ақпарат агенттігі бөліскен болатын.
Мәліметке сәйкес, аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 миллион АҚШ долларына, яғни 2,1 есе көп. Есепті кезеңде Әзербайжанның Қазақстанға экспорттаған мұнай емес өнімдердің экспорты елдің жалпы экспортының 3,24 пайызын құраған.
Бұған дейін қаңтар-сәуір аралығында Қазақстан-Әзербайжан сауда операциясының көлемі 265,7 миллион АҚШ долларына жеткен еді. Демек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 178,4 миллион АҚШ долларына немесе 3 есе көп деген сөз.
Айта кетейік, биыл қаңтар-сәуір аралығында Әзербайжанның шет елдермен жасаған сауда операциясы 16,917 миллиард АҚШ долларын еңсергенін білеміз. Көрсеткіш өткен жылдағы мерзімнен 24,1 пайыз артық әрі оның 8,785 млрд АҚШ доллары экспорттың үлесінде болса, 8,133 млрд АҚШ доллары импортқа тиесілі. Нәтижесінде сыртқы саудада 651,792 миллион АҚШ доллары мөлшерінде оң сальдо қалыптасты.
Report: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан компаниялары келісім жасасты
Жақында Астанада «Орнықты даму: көміртегі ізін азайтуға бағытталған ортақ қадамдар» атты халықаралық конференция өтті. Шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) басқарма төрағасы Асхат Хасенов, SOCAR президенті Ровшан Наджаф, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және «Өзбекнефтегаз» АҚ басқарма төрағасы Баходиржон Сидиков қатысқан. Ақпаратты Report жариялады.
ҚМГ басшысының сөзінше, климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін тығыз халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. Әсіресе, ҚазМұнайГаз төмен көміртекті дамытудың 2060 жылға дейінгі бағдарламасын жаңартып, 2031 жылға қарай көмірқышқыл газының (CO₂) шығарынды көлемін 15 пайызға, ал 2060 жылға қарай 64 пайызға азайтуды көздеп отыр.
«ҚМГ қызметі өзінің еншілес және тәуелді ұйымдарында энергия тиімділігі мен энергия қуатын үнемдеу бойынша нақты шараларды іске асыруға бағытталатын болады. Жалпы, 300-ден астам шараны қолға алу нәтижесінде 2031 жылға қарай 500 мың тоннадан астам отын-энергетикалық ресурстарды үнемдеу жоспарланған», – деді А.Хасенов.
Конференция қорытындысы бойынша ҚМГ, SOCAR, Татнефть және Өзбекнефтегаз декарбонизация және тұрақты бастамалар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат экологиялық қауіпсіз технологиялар саласында тәжірибе алмасуды, «жасыл» жобаларды іске асыруды көздейді. Бұл өз кезегінде компанияларға әлемдік энергетика нарықтарында климаттық бастамаларды ілгерлетуге жол ашпақ.
ТАСС: Каспий жағалауынан 100-ден астам итбалық өлексесі табылды
Биыл 20-21 мамырда Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында рейдтік іс-шара жүргізген. Рейд барысында Каспий теңізі жағалауынан 117 итбалықтың өлексесі табылды.
TACC ақпарат агенттігінің хабарлауынша, инспекторлар итбалық өлекселерін Форт-Шевченко қаласының «Асан», «Баутин көсесі», «Үрдік мүйісі» жерлерінен байқаған. Балық шаруашылығы комитеті итбалық денелерінің ыдырауына қарағанда, табылған итбалықтар былтыр қараша-желтоқсан айларында өлген деп болжап отыр. Бекітілген іс-шара алгоритмі бойынша барлық құзырлы мемлекеттік органдарға хабарланыпты. Алайда өлекселердің кеш табылуы қандай да бір сынама жасауға мүмкіндік бермей отыр.
«Теңіз жағалауынан 5 шақырым қашықтықта жатқан итбалықтардың өлекселері жиналып, полигонда санитарлық нормаларды сақтай отырып жойылды. Оған Түпқараған ауданының Баутин ауылының әкімдік қызметкерлері, Түпқараған ауданының полиция бөлімі және балық шаруашылығы қауымдастығының Маңғыстау облысы филиалының мамандары атсалысты. Қазіргі таңда жағалауда мониторинг жұмыстары жалғасуда. Жалпы былтыр қараша айынан бері жиналып, жойылған итбалық саны 2194-ке жетті», – делінген комитет мәліметінде.