Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Президент сұхбаты, жапондар үміті және Лондонды таңғалдырған қазақ ұшағы

баспасөзге шолу
Коллаж: Pixabay / Kazinform

Осы аптада шетелдік басылымдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбаты туралы жарыса жазды. Бұдан бөлек Жапонияның Қазақстан үкіметімен қаңтарда экономика және энергетика саласында меморандумға қол қоюға үміттенетінін хабарлады. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқи аласыз.

Тоқаев: Қазақстан өзгерді, ескі жүйеге оралу мүмкін емес

Саяси реформалар, экономикалық даму және халықаралық қатынастар – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstanгазетіне берген сұхбатында өткен жылды қорытындылап, енді басталған жылдың басымдықтарын белгілеген ауқымды сұхбатының негізгі тақырыбы. Мемлекет басшысының осы жылдағы алғашқы сұхбаты туралы Nova агенттігі осындай тақырыппен жазды.

Тоқаев өткен қыркүйекте айтқанын еске түсіріп, көп ұзамай әлеуметтік-экономикалық дамуды түгендеу және «2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру» стратегиялық мақсатына сәйкес әрі қарайғы шараларды шешу үшін «үкіметтің кеңейтілген отырысы» өтетінін жариялады, – деп жазды басылым.

 

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан Ресейден емес, ҰҚШҰ-дан көмек сұрады – Президент Тоқаев

Ал, әзербайжандық trend.az басылымы Мемлекет басшысының сұхбатындағы қаңтар оқиғасы және сол кездегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының көмегі туралы пікірін келтірді.

Президент Тоқаев 2022 жылы Қазақстанда болған оқиғалар кезінде толқуды тоқтатуда маңызды рөл атқарған ҰҚШҰ контингентінің бітімгершілік рөлін ерекше атап өтті. ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ деді. Ұйымға мүше елдермен келісілгендей ҰҚШҰ контингенті елден сыртқа ешбір кідіріссіз шығарылды, – деп келтірді Қазақстан Президентінің сөзін басылым.

 

Қазақстан Президенті Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек

The Times of Central Asia басылымы Мемлекет басшысының сұхбатындағы маңызды тұстарға тоқталған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылық, сыртқы саясат, саяси реформалар, экономикалық мақсат пен энергетикалық қауіпсіздік және басқа тақырыптарға қатысты айтқан пікірін жариялаған.

Сыртқы саясатқа қатысты Тоқаев өз үкіметінің «өзгермейтін» басымдықтарын «елдің егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын сақтау, Қазақстан азамат­тарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономиканың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау» деп қорытындылады. Сұхбатта Қазақстанның қуатты көршілері Ресей және Қытаймен қарым-қатынасы, сондай-ақ елдің халықаралық рөлін нығайту, мысалы, Халықаралық Астана форумын және 2024 жылы Франциямен «Ортақ су» саммитін өткізу туралы негізгі идеялар ашылды, – деп жазды басылым.

 

Сонымен қатар, ресейлік ТАСС агенттігі «Тоқаев алдағы Ресей президенті сайлауының әлемдік саясат үшін маңызын атап өтті» деген тақырыппен, Мемлекет басшысының сұхбаттағы ойын бөлісті.

Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзер­байжанда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депутаттары сайланады. Әрине, біз осы сайлау науқандарын жіті бақылап отырамыз. Ресейде өтетін президент сайлауы­ның біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған, – деп келтірді Президенттің сөзін агенттік.

 

Шетелдік басылымдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан басқа қандай маңызды тұстарды атап өткенін мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

 

Жапония Орталық Азия елдерін декарбонизациялау жұмысын күшейтеміз деп үміттенеді

Жапония үкіметі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы Орталық Азияның бес елімен декарбонизациялау (қорытпадан немесе басқа материалдан көміртекті алу процесі – ред.) саласындағы байланыстарды нығайтуға ниетті. Олардың жоспарына сәйкес, жапониялық фирмалар бес елдің үкіметі мен бизнесіне жаңартылатын энергия көздері, энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге көмектеседі. Бұл туралы thejapannews жазды.

Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан – табиғи ресурстарға бай. «Үлкен жетілік» елдері Орталық Азиямен байланыстарды дамытуға да ұмтылатындықтан, Жапония өзінің қоршаған ортаны қорғау технологиясымен Қытай мен Ресейден алға шығуға ұмтылуда. Бұл салада аймақ – көшбасшы. Жапония Өзбекстан және Қазақстан үкіметтерімен қаңтарда экономика және энергетика саласында меморандумға қол қоюға үміттенеді. Экономика, сауда және өнеркәсіп министрі Кен Сайто екі елдің тиісті министрлерімен кездесуді жоспарлап отыр, – деп жазды басылым.

Қазақстанда 1,5 мың жылдық тарихы бар, «таққа отырған әмірші» бейнеленген алтын тоғалар табылды

Ою-өрнектерде VI ғасырда өмір сүрген көктүрік «қағанының» ең ертедегі бейнесі бар. Live Science тілшісі ғылыми жаңалықтың авторы Зайнолла Самашевтан электрон пошта арқылы сұхбат алған.

Қазақстандық археологтар 1500 жыл бұрынғы қабірден екі алтын әшекей тапты, онда ұлы ханның немесе «қағанның» ең көне бейнелері бар. Археологтардың айтуынша, олар аймақты шамамен үш ғасыр мекендеген. Қазба жұмыстарын жүргізген Қазақстан археологы Зайнолла Самашев электронды пошта арқылы Live Science тілшісіне берген сұхбатында «әдемі алтын тақтайшаларда тәж киген, әулие кейіпте, тағында салтанатты түрде отырған және оны қызметшілер қоршап тұрғаны» бейнеленген деп атап өтті. «Бұл көне түркі қоғамындағы биліктің киелі сипатын айқын көрсетеді, – деп жазды басылым.

 

Қазақстандық әуекомпания ұшағының қонуы

BBC News Instagram парақшасында қазақстандық ұшақтың қонған сәті түсірілген видео жарияланды.

Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, бұл күні қуатты дауыл Ұлыбританияда көліктің барлық түріне айтарлықтай кедергі келтірді.

Бірнеше рейсті басқа әуежайларға ауыстыруға мәжбүр болды. Алайда кейбір рейс, соның ішінде Air Astana KC663 рейсі ауа райының қолайсыздығына қарамастан Хитроу әуежайына қонды, – деп хабарлады басылым.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от BBC News (@bbcnews)

 

Соңғы жаңалықтар
telegram