Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: стратегиялық альянс, астық рекорды, 5G жетістіктері

Осы аптада шетелдік басылымдар еліміз туралы бірқатар хабар таратты. Оның ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты қарым-қатынастың қазір қандай деңгейге көтерілгені, сондай-ақ еліміздің Қытайға астық жеткізуден рекорд жаңартқаны, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы бірқатар халықаралық ұйымдарға, оның ішінде Шанхай Ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететінін айтқаны және 5G енгізудегі жетістіктерімізге қатысты жаңалықтар бар. Әлемдегі БАҚ Қазақстан туралы не жазғанын Kazinform шолушысының материалынан оқи аласыз.

БАҚ-қа шолу
Фото: /DALLE-E/Midjourney/Pexels.com

Стратегиялық альянстар: Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығы

Қазақстан бұрын Түркияның тұрақты инвестициялық серіктесі болса, енді стратегиялық одақтасына айналды, Орталық Азиядағы маңызды буынды қамтамасыз етті, ал дипломатиялық үйлесімділік тұрақты ынтымақтастыққа ықпал етеді. Екі ел арасындағы экономикалық, стратегиялық және басқа бағыттағы қарым-қатынас туралы dailysabah агенттігі көлемді материал жариялады.

Басылым Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастың тарихынан бастап, бүгінге дейінгі байланысын баяндаған. Сонымен қатар, сауда-экономикалық қатынастағы көрсеткіштеріне айрықша тоқталған.

2022 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемі 6,3 млрд долларға (188,62 млрд түрік лирасы) дейін өсті, осының арқасында Түркия Қазақстанның төртінші ірі сауда серіктесі атанды. Бұл экономикалық ынтымақтастықтың тағы бір көрінісі ретінде Түркияның Қазақстан экономикасына 5 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйғанын және елдегі ең ірі 10 инвестор қатарында Түркияның позициясы нығайып келе жатқанын атап өтуге болады, – деп жазды dailysabah.

Агенттіктің атап өтуінше, Түркия үшін Қазақстан инвестиция салуға тұрақты әріптес қана емес, баға жетпес одақтас елге, әсіресе Орталық Азия аймағында ықпалын жүргізетін стратегиялық арнасына айналды.

Анкара мен Астананың дипломатиялық мүдделерінің үйлесуі олардың аумалы-төкпелі жаһандық ландшафтта ортақ мақсаттары мен өзара тиімді қарым-қатынасы бар екенін көрсетеді. Екі ел де жылдам өзгеріп жатқан халықаралық жүйеге бейімделе отырып, Анкара мен Астана арасындағы мұндвй жақындастық жалғасып, одан әрі ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға ықпал етуі мүмкін, – деп түйіндеді басылым мақаланы.

Қазақстан Қытайға астық жеткізуден рекорд орнатты

Өткен жылы 2,2 миллион тонна бидай, арпа, соя, зығыр және күнбағыс тұқымдары Қытайға жіберілген. Бұл 2022 жылы жеткізілген 615 000 тоннамен салыстырғанда әлдеқайда көп, яғни былтыр үлкен өсім болған. Бұл туралы eurasianet жазды.

Қытайдың кедендік өткелдерінде COVID-19-бен байланысты санитарлық режимнің әлсіреуі Қазақстанға 2023 жылы елге ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге арттыруға мүмкіндік берді. Өткен жылы Қытайға бидай, арпа, соя, зығыр және күнбағыс тұқымын қосқанда 2,2 миллион тонна жөнелтілген. Бұл көрсеткіш 2022 жылы жеткізілген 615 000 тонна межесінен ғана емес, сондай-ақ бұған дейінгі рекорд - 1,2 миллион тоннадан да айтарлықтай көп. Аталған рекордтық көрсеткіш 2019 жылы тіркелген еді, - деп жазды басылым қазақстандық eldala сайтына сілтеме жасап.

eurasianet мәліметінше, Қытай нарығының қайта оралуы қазақстандық аграрлық секторға қиын жағдайдан шығуға септігін тигізді. Қытайдағы карантин режимі және қатаң санкция сарсаңына түскен Ираннан төлем жасау қиындаған соң қазақстандық фермерлер өз өнімін тек Орталық Азиядағы көршілеріне сатуға мәжбүр болған. Толығырақ мына сілтемеден оқуға болады.

 

Қазақстан 2024 жылы бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық етеді – президент Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 3 қаңтарында отандық Egemen Qazaqstan басылымына көлемді сұхбат берген болатын.

Өткен аптада сұхбат туралы бірнеше шетелдік баспасөз жазғанын айтқанбыз. Дегенмен осы аптада да Президенттің сұхбатын жариялаған басылымдар болды. Солардың бірі – economictimes агенттігі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында елдің 2024 жылғы сыртқы саясатына егжей-тегжейлі тоқталып, Астана ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастыратынын айтты. Ол Қазақстан 2024 жылы бірнеше беделді халықаралық ұйымға, ең алдымен Түркі мемлекеттері ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық ететінін атап өтті, – деп жазды шетелдік басылым.

Ағылшын басылымының Мемлекет басшысының сұхбатына қатысты жазған материалын толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

 

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта 5G енгізу бойынша көшбасшы ел болды

Ел үкіметі географиялық кедергілерді еңсере отырып, барлық тұрғынға тең мүмкіндіктер ұсынып, бүкіл елде Интернетке үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Мұндай мәліметті caspiannews.com баспасы хабарлады.

Қазақстан – Орталық Азияның ең ірі елі, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер арасында 5G енгізу бойынша көшбасшы ел ретінде бұл қызметтерді жеделдету жоспарын ілгерілетуде. 2023 жылғы наурыз бен желтоқсан аралығында өткен конкурстық аукционда операторларға жиіліктер берілгелі он айда 5G енгізу жоспары кестеден озып келеді, – деп жазды басылым отандық zakon.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, caspiannews.com жазуынша, Қазақстанның технологиялық болашағына қатысты Президент бағдарламасы 5G-ді жеделдетіп енгізудің қозғаушы күші болды. Қазанда өткен «Digital Bridge 2023» форумында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін барлық облыс орталықтарын жаңа буын байланысымен қамтамасыз етуді жеделдету қажет деп атап өткенін жазды.

Соңғы жаңалықтар