Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тәжікстанға сапар, бидай әкелуді шектеу мен экспорт және импорт мәселелері
Әдеттегідей жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты көптеген жаңалықтарды бөлісті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға сапары ерекше аталған. Және еліміз бидайдың мол қорына байланысты өзге елден өнім әкелуді уақытша шектеді. Сондай-ақ Қытайға экспорт артып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамып жатқаны, мысырлықтар Қазақстан нарығына қызыға бастағаны сөз болды. Ал мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт АҚШ елімізде бидайдың көптеп өндірілгелі жатқанына зер салыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
AzerNews: Тоқаевтың Тәжікстанға сапары екі ел болашағын айқындайды
Орталық Азия – ынтымақтастық пен бәсекелестік арасындағы өзара байланыс арқылы инновациялық әріптестік пен жаңа мүмкіндіктер туғызатын серпінді өңір. Қазақстанның Тәжікстанға, сондай-ақ жалпы өңірге көзқарасы оның «көпвекторлы саясатының» кең ауқымды стратегиясын көрсетеді. Бұл шағын талдауды AzerNews басылымы жария етті.
Мақалада Қазақстан тәсілі экономикалық өзара іс-қимылдың, саяси дипломатия мен мәдениеттердің үйлесімін білдіретіні жазылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өңірлік держава ретінде ғана емес, негізгі жаһандық ел ретінде мәртебесін арттыруға тырысқан прагматикалық әрі өршіл көзқараспен сипатталады.
– Президент Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барар алдында Орталық Азияның және одан тыс жерлердің назары осы оқиғаға ауды. Қазақстан мен Тәжікстан өзара құрмет пен стратегиялық қажеттілікке негізделген қарым-қатынасты қолдайды. Олардың серіктестігі берік одаққа айналуда және екі ел де тауар айналымын 2 млрд долларға дейін ұлғайтуға ұмтылуда, – деп жазды басылым.
Дегенмен бұл ынтымақтастық су ресурстарын басқару сияқты өңірлік сын-қатерлермен жиі сыналады. Қайткен күнде де, Президент Тоқаевтың Тәжікстанға сапары ынтымақтастық пен өңірлік ықпалдың жаңа дәуіріне негіз қалап, екі мемлекеттің болашағын қайта айқындауы мүмкін.
Anadolu: Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салу күшіне енбек
Бұл тосын хабарды Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасай отырып Anadolu мәлімдеді.
– Статистикалық деректер бойынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бидай импорты 1,3 млн тоннаны құраған, іс жүзінде бұл 2023 жылдың толық импорт көлеміне тең. Ал Қазақстанның ішкі нарығында өткен жылғы егіннің бидай қоры жеткілікті, – делінген жаңалықта.
Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, қабылданған шаралардың және қолайлы ауа райы жағдайларының арқасында ведомство вегетация кезеңінде астықтың жақсы түсімін болжап отыр, олар ауыспалы қорларды ескере отырып, астық нарығында артық өнім болатынына сенімді.
Бұйрық 21 тамыздан бастап күшіне енді. 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болмақ.
Trend: Орталық Азияның жетекші елі Қытайға экспортты арттырады
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға (13,6 млрд доллар) өсіп, 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығындағы кезеңде 14,1 млрд долларды құрады. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының бұл есебін Trend жария етті.
Жекелей қарастыратын болсақ, бұл ретте көрсетілген кезеңде Қытайға экспорт 7,32 млрд доллар болған. Өткен жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп. Ал Қытайдан келетін импорт 2024 жылдың қаңтарынан маусымына дейін 7,2 пайызға төмендеп, 6,8 млрд долларды құраған.
Бұдан бөлек, әзербайжан баслымы Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстанның жүк тасымалының өсуіне ықпал ететінін жазған.
Қазақстанда теңіз және жағалау көлігімен жүк тасымалдау көлемі 2024 жылдың қаңтар-шілде аралығында 1,6 млн тоннаға жетті. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе артық. Басылым аталған көрсеткіштің кейінгі бес жылдағы ең жоғары деңгей екеніне баса назар аударған.
Daryo: Мысырлық бау-бақша құлпынайы Қазақстан нарығын жаулап жатыр
Мысыр қазір Қазақстанға бау-бақша құлпынайы бойынша экспортта көш бастап тұр. Аталған жаңалықты өзбекстандық интернет-басылым Daryo жеткізді.
2022-2023 жылдың шілде мен маусымында Мысыр Қазақстанға 280 тонна құлпынай экспорттап, Орталық Азиядағы ел нарығын алғашқы үштікке қосты. Бұл оның алдындағы төрт маркетингтік жылмен салыстырғанда едәуір көп, ол кездерде жыл сайынғы экспорт бар болғаны 5-тен 23 тоннаға дейін болған.
EastFruit деректеріне сілтеме жасай отырып, Daryo 2023-2024 маркетингтік жылдың соңына қарай Египет 1400 тонна экспортпен өз позициясын нығайтқан. Жаңа піскен құлпынайдың 55 пайызын Қазақстанға жөнелткен.
ЕО, Таяу Шығыс және Ресей мысырлық жемістер мен көкөністердің негізгі импорттаушылары болып қала береді. Алайда Мысыр қосымша баламалы нарықтар іздеуге ұмтылуда.
World-Grain: Қазақстан бидай өндірісін арттырады
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Foreign Agriculture Service (FAS) бөлімшесінің есебіне сәйкес, Қазақстан қолайлы ауа райының арқасында биыл мол өнім күтіп отыр. Күзгі астық жинау науқанының болжамы айтарлықтай жақсы. Мәліметті астық саласы туралы жазатын World-Grain басылымы бөлісті.
2024-2025 жылдардағы бидай өндірісі 15,8 млн тоннаны құрайды деп болжанған. Ал 2023-2024 жылдардағы өндіріс 12,1 млн тонна болған еді. Енді экспорт 8,5 млн тоннадан 10,5 млн тоннаға артуға тиіс.
Басылым хабарлағандай, 2024-2025 жылдары арпа өндірісі 3,4 млн тоннаға бағаланады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 млн тоннаға артық. Өз кезегінде экспорт 1,6 млн тонна болады деп күтілуде (алдыңғысы 1,2 млн тонна).
ТАСС: Қазақстан ОПЕК+ аясында мұнай өндіру жоспарын қайта қарайды
Қазақстан билігі ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіруді өтеу жоспарын қайта қарап, оны бірлестіктің хатшылығына ұсынбақ. Мұны ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап, ТАСС мәлімдеді.
– Қазақстан ОПЕК + келісіміне адалдығын растайды және бірлестікке мүше елдермен бірлесіп қабылданатын шешімдерді қолдайды. Қазақстан өтемақы жоспарын, соның ішінде шілдедегі артық өндірісті өзектендіріп, ОПЕК хатшылығына жібереді, – делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, Астана өз міндеттемелерін орындауға және өтемақы жоспарына сәйкес артық өндірісті өтеуге бар күшін салмақ.