Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: тегін SIM-карта, теңізді зерттеу және Ираннан эвакуация
АСТАНА. KAZINFORM – Апта ішінде әлемдік ақпарат кеңістігінде Қазақстанға қатысты жаңалық кең тарады. Көптің көкейіндегі Каспий теңізі мәселесіне көңіл бөлінуі, Әзербайжан мен Қазақстанның жаңартылған энергияға бетбұрысы айтылған. Таяу Шығыстағы ахуал ушыққан сәтте отандастардың Ираннан эвакуациялануы әрі елге келетін туристерге тегін SIM-карта беру бастамасы да назардан түспеді. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Trend: Қазақстан-Әзербайжан Еуропаға жаңартылған энергия экспорттамақ
Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий бағыты бойынша Еуропаға электр тасымалдауды көздеп отыр. Тараптар қолға алған жаңа жобаға сәйкес, басымдық жаңартылған электр қуатына беріледі деген болжам бар. Жаңалықты Trend ақпарат агенттігі бөлісті.
Аталған хабар алдымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен ADA университеті жанындағы Даму және дипломатия институтының (IDD) бірлескен баяндамасында айтылды. Сарапшылардың сөзінше, екі ел суасты электр энергиясын тасымалдау жүйесін жүргізуге ниетті. Егер суасты жоғары вольтты кабельді қажетті деңгейде дамытса, Қазақстан мен Әзербайжанның энергия жүйесі байланысады. Келешекте Оңтүстік Кавказды Қара теңіз арқылы Еуропамен жалғайтын суасты кабелі жобасына айналуы бек мүмкін.
Жоба энергия көзін әртараптандыруға және ЕО-ның декарбонизация жөніндегі климаттық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етпек. Орталық Азияда өндірілген электр энергиясын, негізінен күн және жел энергиясын Еуропалық одаққа экспорттауға жол ашылады.
Алайда трансшекаралық аймақтағы жобаны жүзеге асыруға едәуір инвестиция қажет. Бұл мақсатта аралас қаржыландыру – жеңілдетілген несие, мемлекеттік кепілдік және «жасыл» облигация керек. Сарапшылардың айтуынша, әзірге қаржылай қолдауды Еуропалық инвестициялық банк, ЕҚДБ және климаттық қорлары мойнына алуы мүмкін, Global Gateway бастамасын да стратегиялық қолдаудың әлеуетті тетігі ретінде қарастыруы ғажап емес.
Айта кетейік, Қазақстан 2030 жылға қарай күн мен жел энергиясының үлесін 15%-ға арттыруды жоспарлаған. Әзербайжан әлемдегі ең ірі ЖЭК оффшорлық әлеуетіне ие, әсіресе Қарабақ пен Шығыс Зангезурде жерүсті электр станциясын белсенді дамытуда.
Report: Ираннан 109 қазақстандық эвакуацияланды
Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде Қазақстан азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан эвакуациялау жұмысын жүргізді. ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің арқасында 109 қазақстандық елге оралғанын айтқан. Ведомство ақпаратын Reportтаратты.
Эвакуация достас мемлекеттердің аумағы арқылы транзитпен жүзеге асырылған. Нақтырақ айтсақ, 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, қажетті жағдай жасалған.
«Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақытылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді», – делінген министрліктің ресми ақпаратында.
Эвакуациялау шарасы кезінде дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен кеңесіп, логистикалық қадамдарды нақтылап отырған. Аз уақыттың ішінде 200-ден астам қазақстандық байланысып, көмек сұрағаны айтылды. Енді министрлік Қазақстан азаматтарын Израильден эвакуациялауды пысықтап жатыр.
ТАСС: Қазақстан шетелдік туристерге SIM-картаны тегін бере бастады
Қазақстан шетелдік туристерге SIM-картаны тегін бере бастады, интернетпен де қамтылған. Мұны Петербург халықаралық экономикалық форумында Қазақстанның РФ-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев айтқан. Елші сөзін ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жариялады.
Белгілі болғандай, Қазақстанның халықаралық әуежайларында QR-код жүйесі енгізілген. QR-код шетелдік туристерге қажет негізгі қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, электронды SIM-карта, ресми такси қызметтері, қонақ үйлерді онлайн брондау, шетел азаматтарын тіркеу тәртібі және өңірдегі басты туристік нысандар туралы ақпаратты қамтиды. Жаңа жүйе туристерді алаяқтардан қорғауға, әсіресе такси, байланыс, валюта айырбастау және басқа да қызмет түрлерінде кездесетін келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
«Жақында ғана біз шетелдіктерге қазақстандық SIM-карталар бере бастадық. Тегін интернет беріледі, менің ойымша, 1 ГБ көлемінде», – деді Дәурен Абаев Ресей-Қазақстан бизнес-диалогында.
Ол бұл қадам не үшін жасалғанын түсіндіруге тырысыпты. Тегін SIM-карта беру Үкіметке шетелдік туристі не қызықтыратынын, қандай сауда жасауды қалайтынын түсінуге көмек береді. Сол арқылы қызмет көрсету сапасын жақсарту көзделіп отыр.
«2024 жылы Ресейге 3,5 млн отандасымыз келді. Қазақстан ресейлік туристер таңдаған бағыттар арасында Абхазия мен Түркиядан кейін үшінші орында тұр», – деді елші.
Euronews: Каспий теңізінің қазіргі жайы қалай?
Кейінгі жылдары Каспий теңізінде экологиялық жағдай әлем назарын аударып келеді. Қазақстан сала мамандарының ортақ тұжырымын қалыптастыру үшін әрі экологиялық мәселелерді шешу мақсатында арнайы Каспий теңізін зерттеу институтын құрды. Апта ішінде Euronews телеарнасындағы Modern Nomads бағдарламасы аталған тақырыпты қаузаған екен.
Каспий теңізін жағалай жатқан бес ел – Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан су деңгейінің төмендеуіне алаңдаулы. Кейінгі 20 жылда Каспий теңiзiндегі су деңгейi екi метрден астам төмендеп, жергiлiктi экожүйеге айтарлықтай қауіп төндірді.
«Ғалымдар алдағы уақытта үрдіс жалғасады деп отыр, себебі теңізге келетін судың 85 пайызы – Ресей аумағынан келетін Еділ өзені қамтамасыз етеді. Еділ өзенінің өз жайы оңып тұрған жоқ.
Салдарынан тіршілігі теңізге байланған халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, итбалық секілді су тіршіліктері зардап шегуде. Ара-тұра Каспийден батыс желі соққанда итбалықтың жағаға шыққан өлексесін көруге болады. Итбалық – экологтар үшін теңіз ахуалын бақылауға арналған басты индикатор», – дейді бағдарлама жүргізушісі Меруерт Жақия.
Сол себепті Каспий теңізін құтқару үшін халықаралық келісімдерді дамыту маңызды. Тегеран конвенциясы секілді уағдаластықтардың орындалуын қадағалау және Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институтын дамуыту кезек күттірмейді.