Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: ҰҚШҰ сессиясы, тауар айналымын ұлғайту және жанармай әкетуге тыйым

Қарашаның соңғы аптасында әлем елдерінің ақпарат құралдарында Қазақстан жайлы жиі жазылғанын байқадық. Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапармен келуі аясында бірнеше келісімдер өтті, бұған қоса еліміздің ҰҚШҰ-ға төрағалығы қорытындыланды. Оның үстіне Қазақстанның ел аумағынан жанармай алып кетуге байланысты шектеулері де сөз болуда. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform

РИА: Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы қорытындыланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде барлық міндеттер орындалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанада өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында айтты. Ақпаратты ресейлік РИА жаңалықтар қызметі таратты.

– ҰҚШҰ – жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм екенін атап өткен ләзім. ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан өз күш-жігерін өзара іс-қимылды нығайтуға, дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою тетіктерінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ терроризмді, трансұлттық қылмысты және есірткінің заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіп-қатерлерге қарсы күресте ұйым мүмкіндіктерін дамытуға шоғырландырды. Қазақстан Республикасының төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды, – деді Тоқаев сессияның ашылуында.

Қазақстан басшысы ҰҚШҰ жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығулар мен профилактикалық операциялар жоспарлы түрде өткізілгенін айтты. Ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері сыртқы істер және қорғаныс министрлері тарапынан жан-жақты қаралып, 2024 жылы қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары мен парламент басшылары деңгейінде кездесулер өтті.

Астанадағы сессияға ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері қатысты. Ал 2025 жылы төрағалық Қырғызстанға ауысады.

TACC: Қазақстан мен Ресей терроризмге қарсы күш біріктірмек

Екі ел терроризммен күрес үшін арнайы қызметтер желісі бойынша жедел және өзге де ақпараттарды алмасуға келісті. Бұл туралы Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткізген келіссөздері бойынша қабылданған мәлімдемесінде жазылған. Жаңалықты ТАСС бөлісті.

«Тараптар 2024 жылы Ресей Федерациясының аумағында болған террористік актілерді қатаң айыптап, терроризмнің алдын алу және ымырасыз күресу мақсатында арнаулы қызметтер желісі бойынша тығыз байланыстарды жүзеге асыруға, жедел және өзге де ақпаратпен алмасуға уағдаласты», – делінген құжатта.

Бұған қоса Астана мен Мәскеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы, оның ішінде заңсыз сатып алынған активтерді қайтару, өзара ақпарат алмасу жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастырады.

Daryo: Қазақстан мен Ресей тауар айналымын 30 млрд долларға ұлғайтуды көздейді

27 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей көшбасшысы Владимир Путин келіссөздер жүргізіп, онда өзара тауар айналымын 30 млрд долларға дейін ұлғайтуға ниетті екендерін жариялады. Ақпаратты өзбекстандық Daryo жазды.

Тоқаевтың айтуынша, Ресей Қазақстанның ірі инвесторларының үштігіне кіреді және елдің басты сауда серіктестерінің қатарында. Қазақстан да алғаш рет Ресейдің ірі сауда серіктестерінің біріне айналып отыр. Екі ел осылайша позитивті динамиканы сақтауға тырыспақ.

Қазір Қазақстанға салынған ресейлік инвестициялар көлемі 24 млрд доллардан асты. Оның 4,5 млрд доллардан астамы кейінгі 2 жылда салынған. Өз кезегінде Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестициялар 8,5 млрд долларға жетті. Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 24 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, бұл елдегі барлық шетелдік компаниялардың жартысына жуығын құраған.

Тараптар ірі жобалар шеңберінде ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Қазір жалпы құны 18 млрд доллар болатын 93 жоба іске асырылды. Құны 30 млрд доллар болатын тағы 49 жоба іске асырылуда. Оның аясында Қазақстан өңірлерін газдандыруға, энергетикалық объектілер салуға және көлік дәліздерін дамытуға ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаларды іске асыру екі мемлекеттің мүддесіне сай келетінін және стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Anadolu: 2025 жылдан бастап Қазақстан аумағынан жанармай әкетуге тыйым салынады

Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» ҰҚК, ІІМ және Қаржы министрлігімен бірлескен бұйрығына толықтыру жобасын дайындады. Мұнда 2025 жылы 1 қаңтардан бастап ҚР жерінен ЕАЭО кедендік аумағынан тыс өңірлерге жеңіл дистилляттарды, авиакеросиндерді және дизель отынын, газойлдарды, толуолды, ксилолды, мұнай битумын әкетуге тыйым салу туралы жазылған. Бұйрықты толықтыру жобасы туралы жаңалықты түркиялық Anadolu агенттігі бөліскен.

Шектеу жарты жыл мерзімге енгізілмек. Яғни, 6 ай бойы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерді айтпағанда, өзге мемлекеттерге жанармай тасымалдауға мүлде жол ашпайды.

Айтпақшы, бұған автомобиль зауыттарындағы бензин бактарын әкету, телімдерді іріктеу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына, зертханалық сынақтар жүргізу үшін авиациялық отынды әкету, сондай-ақ үкіметтің шешімі бойынша көмек шеңберінде әкетілетін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері кірмейді.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, қазір елімізде АИ-92 және дизельдік отын тұтыну көлемі едәуір ұлғайған. Сондықтан ЕАЭО аумағынан тысқары жерлерге мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу – қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының қуатын сақтап қалуға, тиісінше Қазақстанда жанармай тапшылығын азайтуға, бажсыз жеткізу шарттарын орындауға және импорттық мұнай өнімдерінің кері экспортын болдырмауға мүмкіндік береді.

Әзірге бұйрықтың толықтыру жобасы «Ашық НҚА» порталында көпшіліктің талқылауына ұсынылды. 2024 жылдың 10 желтоқсанына дейін орналастырылған.

Соңғы жаңалықтар