Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: жаңа елшілік, атом энергиясын өндіру мен «жасыл дәліз»

Қарашаның бел ортасына ауған тұста жаһандағы ақпарат құралдары Қазақстан жөнінде біраз жаңалықтарды бөлісті. Әсіресе, Астанада Молдова елшілігінің ашылатыны, еліміздің атом энергиясы өндірісін арттыруға талпынысы, қазақ-өзбек-әзербайжанның бірлескен жаңа жобасы туралы көбірек жазылыпты. Сондай-ақ Қазақстан Азия Олимпиадалық кеңесіне қосылуда. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform

Anadolu: 2025 жылы Қазақстанда Молдова елшілігі ашылады

Бұған дейін Молдова Мәскеудегі елшілігі арқылы Қазақстанмен қарым-қатынас орнатып келген еді. Осы орайда Молдова Президенті Майя Санду келесі жылы Қазақстанның елордасында елшілік ашылатынын хабарлады. Жаңалықты Anadolu агенттігі бөлісті.

Ақорданың дерегіне үңілсек, Әзербайжан астанасы Бакуде өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының 29-жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев молдовалық әріптесі Сандумен кездескен.

Кездесу барысында Қазақстан мен Молдова арасындағы достық қарым-қатынастарды жақсарту мүмкіндіктері талқыланып, жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Санду 2025 жылы өз елінің Астанадағы елшілігі ашылатынын және бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін мәлімдеген. Жалпы, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орныққан. 1994 жылы Қазақстан Украинада өз елшілігін ашып, Молдовамен қарым-қатынасын жүзеге асырды.

2014 жылы Қазақстан Молдовада бас консулдығын ашты. 2020 жылы Қазақстан Президентінің шешімімен Молдовадағы бас консулдық елшілік қызметін атқара бастады. Қазақстанның Кишиневтегі елшісі 2022 жылы тағайындалған.

Санду Қазақстанда елшілік ашу туралы жарлыққа биыл 5 қыркүйекте қол қойды.

CentralAsia: Қазақстан атом энергиясын өндіруді үш есеге арттыруды жоспарлап отыр

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бұл өндіріс орнықты әрі экологиялық жағынан таза болғандықтан, болашаққа жасалған маңызды қадам деп мәлімдеді. Сол себепті Қазақстан 2050 жылға қарай атом энергетикасын пайдалануды үш есе ұлғайту туралы декларацияға қосылды. Жаңалықты аталған ведомствоға сілтеме жасай отырып, CentralAsia жазды.

Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Бакуде өткен COP29 климатының өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясында атом энергиясын өндіру мәселесіне тоқталып, халықаралық талқылауға қатысқан.

– Қазақстанның 2050 жылға қарай атом энергиясын үш есе ұлғайту туралы декларацияға қосылуы – біздің орнықты және экологиялық таза болашаққа жасаған маңызды қадамымыз, – деп атап өтті Сұңғат Есімханов.

Қазақстан осы бастаманы қолдаған бірқатар елдерге, соның ішінде Канада, Франция, Ұлыбритания, Жапонияға қосылды. Республика тұрақты дамуға және климаттың өзгеруіне қарсы күресте жаһандық күш-жігерге үлес қоса отырып, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлауда.

Trend: Азия даму банкі «жасыл дәліз» жобасын қолдау үшін грант бөледі

Таяуда белгілі болғандай, Қазақстан, Әзербайжан мен Өзбекстан «жасыл» энергетиканы бірлесе дамыту бойынша келісімге келді. Азия даму банкі енді техникалық-экономикалық негіздемені дайындауды және бірлескен кәсіпорынды іске қосуға көмекті қоса алғанда, «жасыл дәліз» жобасы бойынша консультациялық қызметтерді қолдау үшін 225 мың доллар мөлшерінде грант бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Әзербайжанның энергетика министрі Парвиз Шахбазовқа сілтеме жасай отырып, Trend хабарлады.

– Екі күн бұрын жоғары деңгейдегі COP29 аясында Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасында «жасыл» энергияны дамыту және тасымалдау саласындағы стратегиялық әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған еді, – деген ол.

Министр сондай-ақ Сауд Арабиясының осы үшжақты жобадағы негізгі әріптес ретіндегі рөлін бекітетін құжатқа қол қойылғанын да атап өтті. Бұл оқиға халықаралық энергетикалық ынтымақтастық пен экологиялық инвестицияларға елеулі серпін беретін маңызды стратегиялық қадам болып саналды.

– Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән беріледі. Қазақстан мен Өзбекстанды қоса алғанда, Әзербайжан мен Орталық Азия елдері арасындағы бауырластық, достық және стратегиялық байланыстарды айғақтайтын бұл келісім «жасыл» энергетикалық дәліз құруға, өңірдегі электр энергиясының интеграцияланған нарықтарын дамытуға, басқа өңірлерге жаңартылатын энергияны экспорттауға берік негіз қалайды, – дейді Парвиз Шахбазов.

Оның айтуынша, ұлттық энергетикалық компаниялардың акционерлік келісімге қол қоюы және бірлескен кәсіпорын құру жобаны табысты іске асырудың негізгі кезеңіне айналады. Бірлескен кәсіпорын құрылғаннан кейін Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан энергия жүйелерінің интеграциясының техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша жұмысты бастауды жоспарлады. Жобаға CESI консалтингтік компаниясы тартылды.

– Бұл жоба Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстанмен ғана шектелмейді. Орталық Азияның басқа елдері, әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстан болашақта осы жобаға қосыла алады және олар жаңартылатын энергияның ауыспалы көздерін теңгерімдеу үшін өздерінің гидроресурстарының пайдасы тиері сөзсіз, – деп түйіндеді ол.

Daryo: Қазақстан Азия Олимпиадалық кеңесіне қосылды

Азия Олимпиадалық кеңесі Нью-Делиде өткен 44-ші Бас Ассамблеяда өз комитеттерінің жаңа мүшелерін таныстырды. Хабарды Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Daryo таратты.

Қазақстанның ҰОК президенті Геннадий Головкин ОСА Спорт комитетіне енді. Сондай-ақ аталған ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев ОСА Халықаралық байланыстар комитетінің мүшесі болып тағайындалды, ал Жұртшылықпен байланыс және маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шөкенова ОСА Медиа-комитетіне кірген. Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов ОСА Ақпарат және статистика комитетінің жаңа мүшесі болып тағайындалды.

Ал Орталық Азия өңірлік допингке қарсы ұйымының (RADOCA) директоры Венера Абдулла ОСА допингке қарсы комиссиясының мүшелігіне ұсынылды. Аталған тұлғалар 2028 жылға дейін тағайындалғаны айтылған.

Соңғы жаңалықтар