Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан:Атом энергетикасы, Аралды құтқару, есірткімен күрес және сән әлеміндегі қазақтар

Жыл басында Қазақстан жайлы ақпарат әлемдік басылымдарда жиі ұшырасты. Қазақ-қытай байланысының жаңа кезеңі, Әзербайжанға экспортталған электровоздар, Президенттің елді атом энергетикасы дамыған мемлекетке айналдыру идеясы қызу талқыланған. Арал теңізін құтқару бастамасы мен есірткі айналымын тыюға бағытталған қадам да айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Әлемдік БАҚ
Коллаж: Kazinform

ТАСС: Тоқаев Қазақстанда атом әлеуетін дамытпақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке атом электр станциясының құрылысын жеделдету керегін айтты. Оған қоса Қазақстанда бір емес, бірнеше атом электр станциясы пайда болуы мүмкін. Бұл туралы ресейлік ТАСС хабарлады.

Мемлекет басшысының сөзінше, нысан санын көбейту атом энергетикасын дамытып, энергетикалық әлеуетті арттырады.

«Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек», — деді Мемлекет басшысы.

Есте болса, 2024 жылы 6 қазанда АЭС құрылысына қатысты референдум өткен болатын. Халықтың 71,2 пайызы құрылысты қолдап, билік энергетикалық нысанды салуға кіріскен. Зерттеу аясында ҚР Энергетика министрлігі құрылысты Балқаш өзені маңында жүргізетіні белгілі болған. Қазір қытайлық CNNC мен оңтүстікореялық KHNP, француздық EDF және ресейлік Росатом компанияларының атом технологиялары қарастырылуда.

Report: Әзербайжанға 80 электровоз экспортталды

Астана қаласының №1 индустриялық паркіндегі электровоз құрастыру зауыты Әзербайжанға жүк электровоздарының 80 секциясын экспорттады. Бұл ақпар Қасым-Жомарт Тоқаевтың зауытты аралау сәтінде айтылды. Президентке кәсіпорынның жұмысы туралы жан-жақты мәлімет берілген. Зауытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылған. Ақпаратты Reportбөлісті.

Кәсіпорынды Индустрияландыру картасы аясында Францияның Alstom компаниясы іске қосқаны белгілі. Қазір нарыққа локомотив корпустары, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты шкафтар және басқа да өнім түрін ұсынады.

Айта кетерлігі, зауытта жаңа буын локомотивін құрастыру қолға алыныпты. Оның өзіндік құны бұрынғы нұсқасымен салыстырғанда 40 пайызға төмен, ал тиімділігі 20 пайызға жоғары. Жаңа жүк электровоздарының өндірісі 2028 жылдан бастап іске қосылады. Қазір Alstom компаниясы Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында сервистік орталықтар ашуға инвестиция құйып жатыр. Бұл 700 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Eurasianet: Қазақ-қытай арасындағы стратегиялық әріптестік

Жуырда елордаға ҚХР-ның Қазақстандағы жаңа елшісі Хань Чуньлинь келді. Астанаға табан тіреген елші бірден батыл мәлімдеме жасап үлгерген. Оның айтуынша, басты мақсаты – еларалық әріптістікті ілгерілету әрі «отызжылдық байланыстың жаңа кезеңіне» бастамашы болу. ҚХР өкілі «DKnews.kz» халықаралық ақпарат агенттігіне де мақала жариялап, өткен жылдағы маңызды бағытты қамтыған. Бұл туралы Eurasianet жазды.

Бұған дейін Қытайдың бас газеті – «Жэньминь Жибао» Қазақстанмен шекарадағы өткізу пунктерін жаңартатынын хабарлап, аталған нысандар Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі үшін маңызға ие екенін айтқан болатын. Жалпы Қытай 2024 жылдың 11 айында Қазақстаннан 15,1 мың тонна ұн сатып алған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сондай-ақ ҚХР – қазақ арпасының ең басты сатып алушысы және жергілікті бидайды тұтынушы елдің бірі.

Anadolu: Есірткі өндірісіне жаза қатаңдайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткімен күреске арналған жаңа заңға қол қойды. Толық атауы – «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Жаңалықты Anadolu таратты.

Аталған Заң Президенттің 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындауға бағытталған. Құжат есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырушыларға жауапкершілікті қатаңдату, ал есірткіні жасырын орналастырушыларға қолданылатын шараларды жұмсартуды қарастырады.

Мысалы, лауазымды тұлғалардың есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Бұрын олардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, енді мүлкі тәркілене отырып, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар Заңда есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасы аздап жұмсартылды. Мәселен, алғаш рет мұндай қылмыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жай болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын).

Есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жаза жұмсартылыпты. Олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушының қылмыстық тұзағына түсетіні ескерілген. Алайда қылмыстық әрекетті бірнеше рет қайталаса, оны мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза күтеді.

Daryo: Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жалғасады

Қазақстан аймақтағы су және экологиялық мәселені Халықаралық Аралды құтқару қоры арқылы шешпек. Бұл мақсатта мемлекетаралық байланысты нығайту жоспарланған. Оның үстіне өткен жылы Қазақстан халықаралық ұйымға жетекшілікті бастағаны белгілі. Осы мақсатта Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Қордың атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбаймен жолығып, жыл бойы атқарылған жұмысқа қанықты. Кездесу барысын өзбекстандық Daryo интернет басылымы ақпараттандырған.

Кездесу кезінде Қорды қалыптастыру және ондағы Қазақстан үлесін ұлғайту жайы талқыланды. Сондай-ақ 2023 жылы Душанбеде өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде айтылған ұсыныстар жайы қалыс қалмаған.

Айта кетейік, Қор 1993 жылы 4 қаңтарда Ташкентте құрылды. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан басшылары қатысқан болатын. Басты мақсат – Арал теңізін құтқаруға арналған өңірлік жобаларды үйлестіру. Әр мемлекет кезекпен Қорға жетекшілік етеді, ұйым басшысын Орталық Азия президенттері 3 жылда бір сайлайды.

Euronews: Әлемдік сән әлеміндегі дәстүр мен табандылық

Euronews сайты «Медиа дамыту қоры»-мен бірлесіп Modern Nomads айдарын жүргізуде. Кезекті жарияланымда сайт журналисі Пол Хакетт елдегі сән әлемі туралы жаңалық таратқан екен.

Қазақстанның даму бағдарындағы сән әлеміне үңілейік. Дизайнерлер ұлттық құндылық шеңберіндегі шеберлік пен заманауи эстетиканы тоғыстыра білгені қызық. Осы арқылы сән әлеміне жаңа, батыл әрі бірегей үлгі қалыптастырып, Отанының болмысын біріктіруге талпынғаны байқалады.

Қазақ сән индустриясы қарқынды дамуда. Айгүл Жансерікова, Айка Әлемі секілді дизайнерлер ұлттық мата түрлері мен тігін мотивтерін танымал етіп, инновациялық шешіммен үйлестіріп келеді.

Мысалы, Born Nomad жобасы жергілікті өнер адамдарының талантын ашып, 3500-ге жуық дарынға қолдау білдірген. Ал Global Nomads бастамасының жүлгесі бөлек. Онда көшпенділер мәдениетінің ізімен қалдықсыз бұйым жасауға ден қоюда.

Соңғы жаңалықтар