Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Ауғанстанға көлік экспорты, мұнайға шектеу және Орталық Азиядағы көшбасшылық

Әдеттегідей жаһандағы ақпарат таратушы интернет-басылымдар елдегі көп жайға үңілді. Олардың арасында Ауғанстанға көлік сату жоспары, бензин мен дизель отынына қойылған шектеу кіреді. Неліктен Чехия министрі Қазақстанды Орталық Азиядағы ең әлеуетті мемлекет санағаны, Германияға мұнай тасымал келісімінің орындалу барысы да ерекше аталыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Canva

Аzernews: Казақстан Ауғанстанға автокөлік экспорттауды жоспарлап отыр

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел арасында автокөлік экспортына қатысты жоба қолға алынбақ. Мұндай бастаманы Ауғанстан тарапы көтеріп, салаға қатысты кездесу мен шаралар ұйымдастыруды сұраған. Ақпаратты Аzernews басылымы жариялады.

Қазақстан көлік экспортын жүзеге асыруға дайын. Вице-премьер алғашқы тасымал келер жылы жүзеге асуы мүмкін деп отыр. Қазір компаниялармен алдын ала келіссөздер, ықтимал мәселелер пысықталуда. Ел билігінің ұстанымына сүйенсек, бастама жүзеге асу үшін алдымен екі қадам айқын болуы міндет. Олар: ауған тарапынан сенімді серіктес табу және жеткізу жолын нақтылау.

22 қазанда Алматы қаласында өткен қазақ-ауған бизнес форумында қос тарап өкілдері тақырыпты қайта көтерген.

«Келесі жылдан бастап, Ауғанстанда алғашқы көліктер сатыла бастауы мүмкін. Мен ауған тарапынан құрылыс пен мекеме мәселесін шешуді сұрадым. Оған қоса екі ел арасында төлем алмасу мәселесі де шешілді. Кешегі форум барысында корреспондеттік шот ашу туралы келісімге келдік. Бұл шот Ауғанстанның «Газанфар» банкі және қазақстандық «Заман» банкі арасында ашылады. Мұны үлкен жетістік әрі Ауғанстанға ашылған терезе деп білеміз. Өйткені төлемдер тікелей жасалады. Бұған дейін біз Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің банктері арқылы төлем жасап жүрген едік. Енді бұл жұмыстармен қазақстандық банк айналысады», – деді Серік Жұманғарин.

Daryo: Чехия Қазақстанды Орталық Азиядағы басты ойыншы санайды

Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Липавский жұмыс сапарымен Қазақстанға барды. Министр 30 жылда жеткен келісімдерді атап, мемлекетаралық ұстаным туралы мәлімдеме жасаған. Әсіресе, «Чехия Қазақстанды Орталық Азиядағы басты ойыншы көреді» деп ашып айтқан. Министр сөзін Daryo таратты.

Өткен жыл екіжақты байланыс үшін айрықша жемісті болған. Бұл жайт қарым-қатынасқа елеулі өзгеріс әкелді. Атап айтқанда, тараптар қорғаныс өнеркәсібінде ынтымақтасуға қол жеткізіп, Чехия L-39NG және L-410 сияқты жаңа буын ұшақтарын ұсынуда. Сонымен қатар, биыл Қазақстанның SCAT әуе компаниясы Астана мен Прага арасында тікелей рейстерді ашты. Ал Škoda Auto Қазақстанда автокөліктерді құрастыру және сатуды бастаған. Dibaq жергілікті нарыққа үй жануары мен жылқыға арналған Fitmin жемін экспортуда. Бұған қоса, Staropramen сырасы нарыққа сәтті шыққаны да айтылды.

Сонымен қатар Чехия мемлекеті Қазақстанмен киберқауіпсіздік, нанотехнология және аэроғарыштық инженерия секілді салада бірлесе әрекет етуге ниетті. Энергетика, инженерия, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, жасанды интеллект, сондай-ақ жаңартылатын энергия көзі мен медициналық құрылғылар бойынша да жоба жасауға қарсы емес.

«Мәселен, биыл Астанада Оңтүстік Чехия университетінің қатысуымен чех-қазақ аквамәдениет және тұқы балығын өсіру ғылыми орталығы ашылды. Бұл ынтымақтастық бес жыл бойы жалғасып келеді және тұщы су аквамәдениетін дамыту және әртараптандыру бойынша қолданбалы зерттеулерге бағытталған. Сапарым барысында мен Қазақстан ғалымдарына әлемдегі ең қуатты лазерлердің бірі орналасқан, ELI Beamlines лазерін зерделеу жөніндегі чехиялық ірі зерттеу орталығының жұмысына қатысуды ұсынғым келеді. Орталық өз инфрақұрылымы аясында Қазақстанның зерттеушілерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі», – деді Ян Липавский.

ТАСС: 2026 жылға дейін мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынбақ

Қазақстан билігі кейбір мұнай өнімін Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан тыс жерге тасымалдауды шектемек. Мұнай өнімі экспортына тыйым салу мерзімін тағы екі жыл ұзартуға қатысты құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұл жөнінде ресейлік TACC ақпарат агенттігі жазды.

Қазір Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынын тұтыну артқан. Сондай-ақ жанар-жағармайдың заңсыз экспортының ай сайынғы көлемі 10 мың тоннаға жеткенін байқауға болады. Ал Қазақстанда жанар-жағармай бағасы көрші елдермен салыстырғанда 17-107%-ға төмен.

Биыл Қазақстандағы құқық қорғау орғандары жанар-жағармайды шекарадан заңсыз өткізбек болған азаматтар туралы ақпарат таратқан еді. Бұған дейін 2023 жылы кей мұнай өнімін елден шығаруға тыйым салынып, шектеу 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болды. Шектеу авиакеросин, дизель отыны, газойль, толуол, битум секілді өнімдерге бағытталған. Айта кетейік, ЕАЭО-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіреді.

Report: Қазақстан Германияға 9 ай ішінде жылға жоспарланған мұнайды жеткізді

2024 жылы Германияға «Достық» құбыры арқылы 1,1 млн тонна қазақстандық мұнай жеткізілген. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан биыл 1,2 млн тонна жеткізуі тиіс-тін. Қыркүйек айында – 145 мың тонна, қазан айында 133 мың тонна мұнай жөнелтіпті. Жаңалықты Report басылымы бөлісті.

2023 жылдан бері Қазақстан шикізатты «Транснефть» ЖАҚ магистральды мұнай құбырлары жүйесі арқылы Адам мұнай жеткізу орнына дейін апаратыны белгілі. Өткен жылы қаңтар-қыркүйек айларында 590 мың тонна мұнай өтті, ал жыл бойы барлығы 993 мың тонна мұнай экспортталған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтса, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Германия жыл сайынғы мұнай экспортын 2,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды сұрағанын жеткізді.

Trend: Екіжақты келісімдерге қол қойылды

Қазақстан мен Өзбекстан аймақаралық әріптестікті дамытуға бағытталған 33 келісімге қол қойды. Шара Самарқанда өткен форум аясында жүзеге асқан. Бұл туралы Trend хабарлады.

Келісім бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, дайын өнімдер саудасын ұлғайтуға көмек бермек. Жиынға Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Өзбекстанның инвестиция, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов және 200-ге тарта компания өкілі қатысқан.

Тараптар ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп секторы, тоқыма өнімдері бағытындағы перспективаларды нақтылап, өңіраралық деңгейде әріптестікті жандандыру маңызына тоқталды. Сонымен қатар Өзбекстанның Сырдария облысында орналасқан «Орталық Азия» халықаралық орталығының мүмкіндігі де сараланыпты.

Айта кетейік, соңғы жеті жылда мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 2 млрд доллардан 4,4 млрд долларға дейін өсті. Қаңтар-қыркүйек айларында көрсеткіш 3 млрд долларды құраған. Өзбекстанда тамақ және тоқыма өнімдері, құрылыс материалы саласындағы 1000-нан аса кәсіпорынға қазақстандық инвестиция тартылған.

Соңғы жаңалықтар