Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Қатар инвестициясы, Орта дәліз, әскердегі жасанды интеллект және АҚШ-пен сауда байланыс

Апта ішінде жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты көптеген жаңалықты бөлісті. Оның ішінде АҚШ кәсіпкерлеріне жасалған ұсыныс, ТХКБ-дағы жүк тасымалының артуы ерекше аталған. Қатар елінің инвестициялық жобасы мен әскери бөлімдерге бейнебақылау инновациясы да қызықты көрініпті. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform

Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция салады

ҚР Парламенті Сенатында Қатар мемлекетімен ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікке бағытталған заң жобасы мақұлданды. Нәтижесінде, қатарлық инвесторлар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды. Жаңалықты Anadolu агенттігі жариялады.

Құжат Қазақстан аумағында телекоммуникация, энергетика, көлік, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және қаржы секілді салаларда инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді. Сондай-ақ, келісімде инвесторлардың мүлкін қорғауға кепілдік беріп, салық режимінің тұрақтылығын, бірқатар салық және кедендік жеңілдіктер қамтылған.

Ұлттық экономика министрлігі құқықтық құжатта «Қашаған» кен орнындағы газ өңдеу зауытын, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін, Қызылорда облысындағы электр станциясын және Ертіс өзеніндегі су электр станциясын салу бастамасы барын айтты. Оған қоса жаңа байланыс операторы құрылмақ.

Бұған дейін Қазақстан мен Қатар мемлекеттері арасындағы әскери ынтымақтастық келісімі жүзеге асқанын хабарлаған болатынбыз

СІМ өкілдері АҚШ-қа инвестициялық жобалар ұсынды

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ Сауда миссиясы делегациясымен кездесіп, ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. Ақпаратты CentralAsia басылымы бөліскен.

Астанада ұйымдастырылған жиында АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия бойынша көмекшісінің орынбасары Дэвид Де Фалько және Қазақстандағы АҚШ Елшісі Дэниел Розенблюм болды.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аудара отырып, АҚШ-пен стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. Әсіресе, минералдарды тұрақты жеткізу тізбегін құру, агроөнеркәсіп кешені, қаржы, IT, энергетика, көлік және логистика салаларына геологиялық барлау жұмысы пысықталды. Екіжақты ынтымақтастықты арттыруға америкалық компаниялардың белсенді қатысуы туралы мәміле болған.

«АҚШ Сауда палатасы – Қазақстан Үкіметі мен АҚШ бизнесі арасындағы тұрақты диалогты қолдаудағы басты серіктесіміз», – деп еске салды Әлібек Қуантыров.

АҚШ-тағы ірі компания өкілдерінің елге келуі ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Нью-Йоркке жұмыс сапарынан кейін жүзеге асқан. Қазақстан тарапы делегацияны қараша айында Астанада өтетін Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелге қатысуға шақырды.

Қазақстан арқылы өткен транзиттік контейнер саны белгілі болды

2024 жылы 8 айда Қазақстан темір жолы арқылы қытайлық 200 транзиттік контейнер өтті. Тасымал Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКМ немесе «Орта дәліз») бойынша жүзеге асқан. Жаңалықты Trend басылымы хабарлады.

Контейнерлік тасымалдың ұлғаюына биыл Сиань құрғақ портында ашылған қазақстандық терминалдың ықпалы болғанға ұқсайды. Бұл терминал Қазақстан арқылы Еуропаға келетін контейнерлік пойыз санын 30 пайызға жеткізуде шешуші рөл атқарады.

Сонымен қатар, жүктерді жеткізу мерзіміне қатысты өзгерістер де жүзеге асқанын көреміз. Енді жүкті Алтынкөл (Қазақстан) станциясынан Апшеронға (Әзербайжан) жеткізу тоғыз күн алса, Поти немесе Батумиға (Грузия) 12 күнде, ал Поти немесе Батуми арқылы Констанцаға (Румыния) 20-22 күнде барады. Өткен жылы аталған бағытта тек 11 контейнерлік пойыз өткен болатын, сондықтан биылғы жүк тасымалы көлемінің едәуір артқанын байқау қиын емес.

Айта кетейік, «Орта дәліз» Орталық Азия, Кавказ, Түркия және Шығыс Еуропа елдері арқылы Қытай мен Еуропалық Одақ елдерінің контейнерлік теміржол жүк тасымалы желісін байланыстырады. Көпжақты мультимодальды көлік инфрақұрылымы Каспий және Қара теңіздердің паромы мен Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина және Польша теміржол жүйесін біріктіреді. Маңыздысы, жүктерді Қытайдан Еуропаға орта есеппен 20-25 күнде жеткізеді.

Қазақстан әскери бөлімдерге «ақылды» камералар орнатпақ

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, жаңа технологиялар қорғаныс саласының қауіпсіздігін әрі әскердегі ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Бұл жөнінде Daryo жазды.

Ресми мәліметке сенсек, жасанды интеллект камералары түрлі оқиғаны бағамдауға қауқарлы. Оның ішінде адамдар шоғыры, шамадын тыс қозғалыс, әскерилер төбелесі, тіпті қару-жарақ қоймаларына рұқсатсыз кірген адамдарды да ажырата алады. Заманауи бейнебақылау көмегімен әскери маманның жұмыс орнында бар-жоғын бақылап, күнделікті мониторинг жүргізілетін болады. Таспаға түскен барлық дерек автоматты түрде жауапты органға, Ұлттық қорғанысты басқару орталығына жіберіледі.

Жоба инновациялық технологиялар саласындағы отандық көшбасшы компаниялармен бірлесіп іске асуда. Қазірдің өзінде пилоттық жоба қолданылып, бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу тетігі қарастырылып жатыр. Д.Ахмедиев бейнебақылау жүйесін енгізу кешенді қадамды қажет ететінін атап өтті. IT-инфрақұрылымды жаңарту, бейне деректерді сақтау серверін сатып алу, сондай-ақ ескірген баламалы бейнеқұрылғыларды заманауи цифрлық модельге ауыстыру қажет. Әзірге бағдарламалық қамтамасыз етудің ақысы 300 млн теңге деп белгіленген.

Бұған дейін депутат Нартай Сәрсенғалиев әскери бөлімдердегі қауіпсіздікке алаңдаушылық білдіріп, әскерилер арасында қаза тапқандар мен өз-өзіне қол жұмсау статистикасын көтерген болатын. 2023 жылы Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерге 50 мыңнан астам бейнекамера орнатқан.

Соңғы жаңалықтар