Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Париж келісімі, саудадағы басымдық, жаңа локомотив және баламасыз БҰҰ

Апта бойы әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы көп жазды. Қазақстан-Франция келісім, Президенттің БҰҰ туралы мәлімдемесі мен Премьер-министрдің Қытайда айтқан сөзі медианы қызықтырыпты. Келер жылы қабылданатын заңдар, ALSTOM жеткізетін локомотив пен сауда көлемі туралы ақпарат та назар аударуға тұрарлық. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан:Париж келісімі, саудадағы басымдық, жаңа локомотив және баламасыз БҰҰ
Коллаж: Kazinform

Report: Орталық Азияның Қытаймен сауда үлесінің жарымы Қазақстанның үлесінде

Премьер-министр Олжас Бектенов Шанхай қаласында өткен China International Import Expo – VII Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысты. Лауазымды шенеунік жиын барысында Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымының жартысынан астамы Қазақстанға тиесілі екенін жеткізген. Оның айтуынша, бұдан әрі «Жібек жолы электронды коммерциясы» пилоттық аймағын құру бойынша ынтымақтастықты нығайту басты перспективалы қадам болмақ. Премьер-министрдің сөзін Report бөлісті.

Халықаралық көрмеде Қазақстан тарапы Қытаймен мемлекетаралық кедергісіз сауда-саттық, электронды коммерция, көлік пен логистиканы дамыту, озық ЖИ технологияларын енгізу бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға ынталы екенін аңғартты.

«Қазақстандық павильондар Alibaba және JD.com ірі сауда платформаларында табысты жұмыс істеп тұр, Douyin алаңында павильон ашу, Қазақстанда цифрлық сауда арналары арқылы логистиканы жеңілдету үшін бонд қоймалары мен кешенді қойма инфрақұрылымын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді ол.

Сондай-ақ Бектеновтің сөзінше, Қытайдан Еуропаға жерүсті тасымалының 80%ы Қазақстаннан өтеді.

«Қазіргі таңда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автодәлізі, Ляньюньган портындағы логистикалық орталық, Сиань құрғақ портындағы жүк терминалы, Қытаймен шекарадағы үшінші теміржол өткізу пункті және басқа да ірі инфрақұрылымдық жобалар трансқұрлықтық экономикалық дәліздер жүйесін жетілдіруге, тауар айналымын ұлғайтуға және екі ел халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған», – деді Премьер-министр.

Trend: «Тоқаевтың мәлімдемесі туралы толғам»

Таяуда Әзербайжанның Trend басылымы Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры Фархад Мамедовтің «БҰҰ-ға балама жоқ: Президент Тоқаевтың мәлімдемесі туралы ой» атты мақаласын жариялады. Онда сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әртүрлі жиында айтқан сөзін талдап, БҰҰ-ға қатысты ұстанымын талқылаған.

«Жақында Қазан қаласында (Ресей Федерациясы – ред.) БРИКС саммиті өтті. Жиын туралы көп айтылғанымен, бұл жолы бауырлас Қазақстан мен оның басшысының берік ұстанымына назар аударғым келеді. Ұйым саммиті алдында қазақстандық БАҚ-та Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің пікірі жарияланды. Ол әзір Қазақстан ұйымға мүше болмайтынын әрі Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында дамуды негізге алатыны айтқан-ды. Мемлекет басшысының өзі 17 қазан күні өткен Astana Think Tank Forum-ында БҰҰ-ға ерекше мән беру арқылы істің орайын аңғартты», – деді автор.

Сондай-ақ мақалаға орта державалардың БҰҰ мәртебесін нығайту және мультилатерализм қағидатын ілгерілету процесіндегі рөлі жайындағы Президент сөзі де қосылған:

«Біріккен Ұлттар Ұйымына келетін болсақ, мен оны нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені оның орнын басатын ұйым жоқ. БҰҰ-да көптеген кемшілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ рөлін нығайту бойынша осындай ұстанымдағы барлық елмен ынтымақтаса беруге ниетті. Аймақтық державалар мен орта державалардың үні, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінде естілуге тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі де реформаға мұқтаж. Өйткені ол, өкінішке қарай, тығырыққа тірелді», – деген Тоқаев сөзін мысалға келтірген.

Автор Мемлекет басшысының ұстанымы туралы ҚР-ның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байелдің пікірін білген екен. Елші Президент ұстанымын қолдап, мұндай көзқарас өзге мемлекет басшыларының пікірімен сабақтас екенін жеткізіпті.

Anadolu: ALSTOM компаниясы 2028 жылға дейін Қазақстанға 117 локомотив әкеледі

Францияның ALSTOM компаниясы ҚТЖ-ға 2028 жылға дейін 117 локомотив жеткізеді. Сатып алынатын электровоздар 1980 жылғы үлгідегі ескірген ВЛ-80 локомотивтерін ауыстырады деген болжам бар. Мәліметті Anadolu агенттігі жазды.

«Мәміленің кепілі – Франция қаржы министрлігінің BPI France экспорттық-кредиттік агенттігі. Францияның Société Générale банкі локомотивтерді сатып алуға төмен мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсынады», – делінген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мәліметінде.

Салмағы 9000 тоннаға дейін жететін жүк пойызын тасымалдауға қабілетті электровоздың ерекшелігі көп. Локомотивтің артықшылығы: бағасы қолайлы; электр энергиясын үнемдеуге жол ашады; сенімді әрі қызмет көрсетуге жұмсалатын шығын аз.

ТАСС: Астана мен Париж 36 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Франция әріптестік туралы 36 құжатқа қол қойды. Оның ішіне жалпы сомасы 2,2 млрд долларды құрайтын 14 коммерциялық келісім енеді. Оған қоса стратегиялық ресурстар мен минералдар туралы Жол картасы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен Societe Generale қаржы конгломераты арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы серіктестік келісім жасалған. Бұл туралы ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макронның келіссөзінен кейін реадмиссия туралы келісім, мемлекетаралық институттар арасында археологиялық жұмыстар туралы хаттамаға қол қойылды.

Тоқаев мемлекеттік сапар барысында Астанада Франция даму агенттігінің (AFD) өкілдігі ашылғанын да хабарлады.

«Жақында Астанада Француз даму агенттігінің өкілдігі ашылды. Біз оның жұмысына барынша қолғабыс көрсетуге уағдаластық. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызды екенін атап өттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқыладық», – деді Президент.

Daryo: 2025 жылға арналған заң жобалау жұмысы пысықталуда

ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев қарашада өткен Үкімет отырысында 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын ұсынды. Жобада экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған банктер туралы жаңа заң және оған ілеспе заң жобасы әзірленбек. Министр сөзін Daryo таратты.

Министр сөзінше, құқық бұзушылықтардың алдын алу, инновациялық және цифрлық әдістерді дамыту үшін «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңның жаңа редакциясы дайындалады. Сондай-ақ келер жылы базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін дамыту, телекоммуникациялар мен деректерді өңдеу орталықтары мәселесі бойынша заң жобаларын әзірлеу көзделген.

«Жоспар жобасына сәйкес, 2025 жылы денсаулық сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, баламалы энергетика, телекоммуникация және басқа да салаларда 19 заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде алтысы жаңа редакцияда дайындалса, 13-і қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді.

Сонымен қатар, бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, базалық медициналық көмек және телекоммуникациялар мәселелері бойынша заң жобалары да әзірленеді. Сайланбалы заңнаманы жетілдіру және баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған заң жобалары да бар. Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жаңа редакцияда әзірленеді. Бұл заң сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыруға бағытталған, – деп толықтырды министр.

Соңғы жаңалықтар