Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Starlink-пен келісім, отбасы институтын дамыту және TurkPA кездесуі
АСТАНА. KAZINFORM - Апта ішінде жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты көптеген жаңалықты бөлісті. Ресеймен шекарада табылған жаңа өсімдік түрі, елдегі отбасы құндылығын ілгерілетуге жасалған әрекет пен Мемлекет басшысының Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясы өкілдерімен кездесуі айтылған. Starlink интернетін жалдау тақырыбы да назардан түспеген. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын қолдайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті. Мемлекет басшысы ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қосуға дайын екенін жеткізген. Ақпаратты Anadolu агенттігі бөлісті.
Кездесу барысында Тоқаев Парламенттік Ассамблеяға маңызды саяси құрылым деп баға беріп, Сенат Төрағасы ретінде жұмыс істеген тәжірибесін мысалға келтірген.
– Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылданғанына, ұйым елдері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды.
Жиындағы қорытынды сөзінде Президент кездесу түркі мемлекеттерінің мақсат-мүддесі бір екенін айқын көрсететінін, татулықты сақтау мен нығайту баршаға ортақ міндет деп атады.
Report: Starlink-пен келісімге қол қойылды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы (SpaceX-тің еншілес құрылымы) спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойды. Құжат компанияның елдегі ақпараттық қауіпсіздік және байланыс саласындағы заңнамасын сақтай отырып жұмыс істемек. Жаңалықты Report басылымы хабарлады.
Құжатқа сүйенсек, Starlink қазақстандықтарға спутниктік терминалдарын ресми түрде сатуды және іске қосуды көздейді. Сатылым биыл үшінші тоқсанда басталады деп жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам саналады. Жоғары жылдамдықты интернетке Starlink арқылы қосылу ауылдық мектептер, медициналық мекемелер, мобильді топтар мен инфрақұрылым нысандарына сапалы байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады», — деді министр Жаслан Мадиев.
Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар: енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, тіркей алады. Starlink спутниктік интернетіне қосылу арнайы пайдаланушы құрылғысы арқылы іске асады. Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібі мен техникалық-ұйымдастырушылық мәселелер талқылануда.
Trend: Отбасы институтын дамыту жалғасуда
Қазақстан отбасы институтын нығайту жөніндегі шараларды жүйелі іске асырып келеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Бакуде өткен халықаралық жиында мәлімдеген. Комитет басшысының сөзін Trend агенттігі таратты.
Бейсенбіде Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымының отбасы мәселелері мен әлеуметтік саясатқа жауапты басшыларының екінші отырысы өтті. Кездесуге Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров қатысқан. Ол мемлекетте қолға алынған жастар саясаты мен отбасы құндылығын дамыту жобалары туралы ой бөлісті.
«Мемлекет отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ гендерлік теңдікті қорғау жөніндегі шараларды дәйекті түрде іске асыруда. Үкімет қоғамдық өмірдің барлық салаларында ер мен әйелге қатысты жұмысты жалғастыра бермек, – деді комитет басшысы.
Қамбаров отбасы институтын нығайту үшін түрлі іс-шара, фестиваль, акция өткізіліп жатқанын атап өтті. Жас аналар үшін икемді жұмыс кестесі қарастырылып, жұмыспен қамтудың гибридті әдісі таңдалғанын айтты.
ТАСС: Қазақстан-Ресей шекара маңынан жаңа өсімдік түрі табылды
Жақында В.Н.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университеті мамандары қазақстандық зерттеушілермен бірлесіп Қазақстан-Ресей шекарасы маңында экспедиция ұйымдастырды. Тексеріс барысында астрагал тұқымдасына жататын өсімдіктің жаңа түрі анықталған. Мәліметті ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жариялады.
Әзірге белгілісі, өсімдіктің жаңа түрін табуға В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінің қызметкерлері мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары қатысқан.
«Индер-2025» халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясына жетекшілік еткен В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінің профессоры Алексей Лактионовтың айтуынша, өсімдік Индер ауданында өседі. Көпжылдық өсімдіктің жаңа түріне Иванов астрагалы атауы берілген. Ресейлік ғалымдар астрагалдың бірнеше түрін онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалану мақсатында зерттеулер жүргізуді қолға алыпты.
– Бұл өсімдік Индер тұзды күмбезі аймағының эндемигі болып шықты. Алғашқы жиналған гербарий үлгісі Санкт-Петербургтегі Ресей ғылым академиясының В.Комаров атындағы Ботаникалық институтында ғылыми гербарийінде сақтаулы тұр. Гербарий халықаралық деректер қорына енгізілді. Иванов астрагалы – көпжылдық жартылай бұта. Оның ұзындығы 5-10 см-ден аспайды. Ашық қызғылт түсті гүл шоғының ұзындығы – 5-8 см. Жемісі – жұмыртқа тәріздес, ұзындығы 12-20 мм-лік шар тәрізді бұршақ. Бұршағының іші қуыс, құрамында 25-ке жуық дәні бар, – дейді Алексей Лактионов.