Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Жаңа «Алтын адам», ниқабқа тыйым және паромдық рейстер

АСТАНА. KAZINFORM–Апта ішінде жаһандағы ақпарат таратушы интернет-басылымдар Қазақстандағы оқиғаларды қапы жібермеді. Оның ішінде қоғамдық орында ниқаб киюді шектейтін заң жобасы, шекара маңындағы өрт қауіпсіздігі тұрғысында Қытаймен келісім қаузалған. Әзербайжан мен Қазақстан арасында тұрақты паромдық рейстер ашылатыны және Алматы облысында сақ дәуіріне жататын алтын жүзік ерекше назарға түскен. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Жаңа «Алтын адам», ниқабқа тыйым және паромдық рейстер
Коллаж: Kazinform/ Canva/ qazaqgeography.kz/ Freepik

Anadolu: Қазақстанда бет жабатын киімге тыйым салынады

Қазақстан Парламенті Мәжілісі қоғамдық орында адамның бет-әлпетін толық жабатын киім-кешек киюге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Енді құжат Президентке қол қоюға жіберілген. Бұл жөнінде Anadolu агенттігі жазды.

Ішкі істер министрлігі әзірлеген қауіпсіздікке қатысты заң жобасының бір бөлігіне құқықтық норма енгізілетінін айтқан еді. Құжатта қоғамдық орында никаб секілді адамның бет-жүзін тұтас жабатын киімдерге тыйым салу қарастырылған. Дегенмен, шектеудің бірқатар ерекшелігі бар. Атап айтқанда, заң талаптарын орындау үшін, медициналық мақсатта, төтенше жағдайлар кезінде, ауа райы қолайсыз болғанда немесе спорттық және мәдени шараларға қатысқан кезде бет-жүзді жабатын киім киюге рұқсат етіледі.

Мұндай шектеу Орталық Азияда бұрыннан бар. 2023 жылы Өзбекстанда аталған шектеумен мазмұндас талап заң аясында қабылданды. Өткен жылы Тәжікстанда ұлттық мәдениетке жат деп танылған киімдерді кию мен сатуға заң жүзінде шектеу қойылды. Ал биыл Қырғызстан адамның бет-әлпетін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салған болатын.

Trend: «Құрық–Алят–Құрық» бағытында тұрақты паромдық рейс іске қосылады

Қазақстанда алғаш рет «Құрық–Алят–Құрық» бағытында тұрақты паромдық рейс іске қосылмақ. Бұл жаңалық Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен «Georgian Industrial Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Давид Бежуашвили кездесуінен белгілі болды. Қос тараптың ақпаратын Trend басылымы жеткізді.

Басқосуда Каспий теңізіндегі паромдық тасымалды дамытуға бағытталған инвестициялық жоба талқыланған. Инвестор Каспий теңізі арқылы тұрақты жүк тасымалын қамтамасыз ету мақсатында арнайы кемелер сатып алған. Биыл қыркүйектен бастап бұл кемелер қазақстандық MSC Middle Corridor Maritime компаниясының басқаруына өтіп, Қазақстан алғаш рет «Құрық–Алят–Құрық» бағытында тұрақты рейстерді жүзеге асыруды көздеп отыр. Маршрут айына 8–9 рет қатынайды деген жоспар бар. Бір кеме бір уақытта 54 фураны тасымалдай алады.

2027 жылға дейін компанияға жыл сайын екі кеме, төрт паром қосылмақ. Басқа да паром операторларымен ынтымақтастықты кеңейту бойынша келіссөздер жүргізілуде..

Кездесу барысында облыс әкімі жобаның өңірлік логистиканы дамытуға зор серпін беретінін атаған. Сонымен қатар тараптар инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп салаларындағы серіктестік мәселесін талқылаған. Давид Бежуашвили Маңғыстау өңірінде бірқатар жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Синьхуа: Қазақстан мен Қытай шекара маңындағы орман өртімен күресті күшейтеді

Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық округінде дала өртінің тұтану ықтималдығы жоғары. Аталған аймаққа Шыңжаң орман өрт сөндіру бас командасының жасағы жауапты. Олар Қазақстан-Қытай арасындағы 800 шақырым шекара сызығы бойында өрт қауіпсіздігін қадағалап отыр. Мәліметті қытайлықСиньхуа таратты.

Шекара маңындағы өрт соңғы рет үш жыл бұрын болған. Сол кезде оқиға орнына 130-дан астам маман, 30-дан астам көлік, 800 өрт сөндіру жабдығы мен коммуникация құрылғысы қолданылған. Нәтижесінде, өрт 4 күн ішінде сөндірілді.

Биыл маусым айында Іле өрт сөндіру жасағы мен Қазақстан өрт сөндірушілерінің өкілдері бірлескен оқу-жаттығуға қатысты. Оның шеңберінде өрт сөндіру және құтқару барысында туындайтын мәселелер пысықталып, алдағы жоспар нақтыланған.

«Егер Қытай мен Қазақстан шекарасында өрт шықса, біздің тарап бастамашы болып, құтқару операциясына белсене қатысуы тиіс. Қажет болған жағдайда қазақстандық тараптың өтініші бойынша трансшекаралық өрт сөндіру операциясын жүзеге асыруға болады», – делінген Іле өрт сөндіру жасағының ақпаратында.

ТАСС: Тағы бір «Алтын адам» табылуы мүмкін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археологиялық экспедициясы сақ дәуіріне жататын алтын әшекейлерді тапты. Қазба жұмыстары тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақовтың жетекшілігімен Алматы облысының Ұйғыр ауданында жүргізілген. Бұл туралы ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.

Тоғызбұлақ-1 қорғанынан табылған сақ дәуіріне жататын алтын әшекейлер 1969 жылы Есік қаласының маңынан табылған әйгілі «Алтын адамның» әшекейлеріне ұқсас. Сондықтан ғалымдар кезекті «Алтын адам» табылуы мүмкін деген тұжырымда.

Қарадала өңірінде осындай шамамен 50 сақ қорғаны орналасқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары екі ай ішінде солардың алтауын зерттеді. Олардың айтуынша, қорымдар сол заманның билік өкілдеріне тиесілі.

«Бұл жерде де «Алтын адам» жерленген болуы мүмкін деген болжам бар. Алайда көптеген қорған ерте заманда-ақ тоналып кеткен. Соған қарамастан, бұлар – сол дәуірдің билеуші топтарының қорымдары. Қорғандар элиталық санатқа жатады. Алдын-ала бағалау бойынша табылған алтын бұйымдар б.з.д. IV–III ғасырларға жатады», – деді экспедиция жетекшісі Досбол Байқонақов.

Тоғызбұлақ ауылының маңында ерте темір дәуіріне жататын қорғандар зерттелген. Мамандар ауылдың оңтүстік бөлігінде орналасқан және 20-дан астам қорғаннан тұратын Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 қорымдарында далалық зерттеулер жүргізген. Археологиялық нысандардың негізгі бөлігі тізбектеле орналасқан, солтүстіктен оңтүстікке бағытталған элиталық қорғандарға жатады. Тоғызбұлақ-2 қорымы ауылдың солтүстігінде орналасқан, жалпы саны 30-дан асатын түрлі қорғандардан тұрады.

№3 қорғанның үйіндісінен адамның сүйек қалдықтары, алтын пластиналар табылды. Олардың арасында арыстанның суреті салынған алтын жүзік ерекшеленеді. Мұндай артефактілер сирек кездеседі.

«Салмағы 8 грамға жуық жүзік алтын құймасынан жасалған. Жүзіктегі арыстанның бейнесі синкретизммен тығыз байланысты. Бір қарағанда әйелдің жүзін, арыстанның тұмсығы мен жалын, тіпті бұқаны, қошқарды көруге болады, олардың таңбасы ежелгі тайпаларда кең тараған», – делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар