Әлемдік діндер көшбасшылары съезінің декларациясы қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің декларациясы қабылданды.

- Съез нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар. Форум қатысушыларының назарына осы құжаттың жобасы ұсынылды. Декларация жобасы жұмыс тобында және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының отырысында егжей-тегжейлі талқыланды. Осы орайда келіп түскен ұсыныстар ескерілді. Декларацияның негізгі ережелері мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайтуға тың серпін беретініне, сондай-ақ қазіргі әлемдегі сын-қатерлер мен проблемаларға қатысты іс-қимыл жасау аясында бірыңғай қадамдарды пысықтауға негіз болатынына үміттенеміз, - деді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы – Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, декларацияда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тоғызыншы Съезін өткізу мерзімі де қамтылды.
- Бұл ретте келесі Съезді 2028 жылы Астанада өткізу ұсынылды, - деді М.Әшімбаев.
Атап айтқанда, жиын барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Cъезінің делегаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
Айта кетейік, 16 қыркүйекте Съезд аясында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Хатшылықтың XXIII отырысы өтті.
Сонымен қатар, Астанада БҰҰ Өркениеттер альянсы аясында діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия өтті.
Ал 17 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жұмысы басталған еді.