Әлемдік нарық Қазақстан металдарына неге қызығушылық танытып отыр
АСТАНА. KAZINFORM - Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресінде сөйлеген сөзінде тау-кен металлургия кешенінің (ТМК) маңыздылығын атап өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда ТМК елдердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының біріне айналып келеді.
Әлем жаңа индустриалды дәуірге қадам басты, онда энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект, электр көліктері, микроэлектроника және аэроғарыш салаларының даму қарқыны металдар мен минералдық шикізатқа сенімді қолжетімділікке тікелей байланысты.
Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, алдағы онжылдықтарда энергетикалық өтпелі кезең мен жаһандық экономиканың технологиялық трансформациясы әсерінен көптеген металдарға әлемдік сұраныс тұрақты түрде өседі.
-Озық технологияларды меңгеру, өңдеу және жаһандық өндірістік тізбектерге қатысу ерекше маңызға ие. Стратегиялық маңызы бар минералдар нарығы да ерекше әрі жоғары сұранысқа орынға ие. Бүгіннің өзінде олар аккумуляторлар, жартылай өткізгіштер, энергия сақтау жүйелері, цифрлық инфрақұрылым және басқа да көптеген бірегей технологиялар өндірісінің негізіне айналды. Іс жүзінде дәл осы стратегиялық маңызды минералдар жаңа индустриялық дәуірдің негізгі ресурстарының біріне айналып келеді. Қазақстан елеулі минералдық-шикізаттық әлеуетке ие және осы үдерістерде лайықты орын ала алады. Еліміз пайдалы қазбалардың бірқатар түрлері бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді, ал отандық тау-кен металлургия кешенінің өнімдері әлемнің ірі нарықтарында жоғары сұранысқа ие. Біз бұл саланы дамытуды еліміздің жаңа өнеркәсіптік саясатының стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан экономикасы алғаш рет 300 млрд долларлық межеден асты.