Абай облысында жол апаттарының саны екі есеге артты
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында биыл жол-көлік оқиғаларына түскендер саны екі есеге артып кеткен.
Жыл басынан бері өңір бойынша 544 жол апаты тіркелген. Өткен жылғы көрсеткіш – 279. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларынан жарақат алғандар саны да екі есеге артып отыр. Биыл 344 адам, былтыр 681 адам зардап шеккен.
«Десе де жол апаттарынан қаза болғандар саны 3 адамға (2023 жылы – 71, 2024 жылы – 68) азайды. Есепті кезеңде мотоциклдердің қатысуымен 6 жол апаты болып, 3 адам көз жұмған. Өткен жылы 5 апат тіркеліп, 1 адам мерт болған», - делінген ақпаратта.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және болдырмау үшін полицейлер көлік және мотоцикл жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
«Халықты жылдамдық режимін сақтауға, қауіпті маневрлерден аулақ болуға шақырамыз. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мотоцикл жүргізушілеріне қорғаныс шлемін кию қажеттігін ескертеміз», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында жол апатынан полицей мерт болғаны хабарланған.