Әлемдік опера әншісі Мария Мудряк: «Қазақ вальсін» Еуропа жұрты сүйіп тыңдайды
Ертіс бойының тумасы Мария Мудряк 3 жасынан ән салып, 13 жасында Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясына оқуға түскен ерекше талант иесі. Наурыз мейрамына орай туған жерінде концерт өткізген өнер иесімен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

— Мария, сізді туған жеріңізде көргенімізге қуаныштымыз. Бұл Керекудегі тұңғыш концертіңіз бе?
— Кереку — кіндік кескен жұртым. Мұнда ең алғаш 16 жасымда жеке концерт бергенім есімде. Одан бері де бірнеше мәрте мұнда болдым. Маған өзімнің туып-өскен Павлодарымда кезекті рет концерт өткізуге мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Сондай-ақ, «Астана балет» театрына өздерінің симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетуге мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Бүгін сахнада ең әуелі өз репертуарымда орындап жүрген шығармаларды орындадым. Моцарт пен Вердиден және мерекелік көңіл күй сыйлайтын, жеңіл тыңдалатын туындыларды, мәселен Ардити, Легардың композициялары бар. Бұл операны сүйетін қауымға ғана емес, мұндай концертке алғаш рет келіп отырған көрермендерге де ұнады деген ойдамын.
— Павлодар жері сіз үшін несімен маңызды?
— Ертіс-Баян өңірі — ата-бабаларымның мекені болған, қасиетті Отанына айналған топырақ. Мұнда ең жақын туыстарым, достарым мен ұстаздарым тұрады. Бұл жерде мен алғашқы қадамдарымды жасадым, үлкен өнер жолына түстім. Өмірімдегі ең аяулы естеліктер қалған, маңызы бәрінен жоғары ыстық ұям болып қала беретіні анық.
— Опера — өңірлер үшін сирек жанр. Сізге жергілікті көрермендер ұнаған болар.
— Біздің елдің адамдары өте қонақжай, қашан келсем де құшақ жая қарсы алады. Көрермен ретінде өнерді сыйлай білетіні, мәдениетті қастерлейтіні, жалпы әншілік өнерге жылы қарайтыны ұнайды. Мұның барлығын мен сахнаға шыққанда да, жұрт арасында болғанда да бірден сезінемін. Жалпы тыңдармандарды әлдебір санатқа бөлу мен үшін жат ұғым. Бір адам ба, әлде мың адам ба, бастысы кез келген аудиторияда барынша тамаша етіп өнер көрсетсем, мақсатымның орындалғаны. Әрі концертте мейлінше көбірек ән шырқағанды жаным қалайды.

— Бүгінгі кеште қандай туындыларды орындадыңыз.
— Бағдарламада италиялық опера, аустриялық опереттаның романтика және испаниялық сарсуэла жанрындағы үздік шығармаларды шырқадым. Концерт репертуары дауыс мәнерімнің қалайша дамитынымен тығыз байланысты. Мен дауысымды үнемі бақылап отырамын, соған орай қай партияның қай туындыдан кейін орындалатынын концерт барысында жүре жоспарлаймын. Ал партиялардың саны өте көп.
— Соңғы уақытта әлемнің көптеген театрында өнер көрсетіп жүргеніңізді байқадық. Мұны гастрольдік тур деп айтуға бола ма?
— Жоқ, тіпті олай емес. Мені көпшілік алғаш Италия жеріндегі үлкен сахналарда, соның ішінде «Ла Скала» театрының қойылымдарына қатысқан опера әншісі ретінде таниды. Өнерім толысып, шеберлігім қалыптасқалы әлемнің алдыңғы қатарлы театрларымен келісімшарт бойынша еңбек етіп жүрмін. Мәселен, биылғы маусымда Италияның бірнеше театрында реквием орындаймын. Сондай-ақ Қытайдың Бейжің қаласындағы бас театрында «Фигароның үйлену тойы» қойылымында және Сиань қаласындағы опера театрында өнер көрсетуім жоспарланған.
— Қазақ тілінде ән саласыз ба?
— Бала кезімде қазақ тілінде көптеген әндерді орындап жүрдім. Одан соң Италияға оқуға аттанғанда Хамидидің «Қазақ вальсін» таңдап, көптеген үлкен сахналарда орындағаным бар. Бұл шығарманы қазір де шетелдік театрларда жиі шырқаймын. Әсіресе, Еуропа жұрты «Қазақ вальсін» сүйіп тыңдайды. Оның ерекше әуені қазақ халқының ұлттық колоритін таныта білуде деген ойдамын.

— Қанша тіл білесіз?
— Орыс, ағылшын, италия тілдерін жетік білемін. Қазақ және испан тілдерін түсінерлік деңгейде меңгергенмін. Репертуарымда бұл тілдерден бөлек, француз, неміс тілдерінде де опералар бар.
— Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет. Өнердің шыңынан түспеңіз!
Еске сала кетейік, Әлемдік опера жұлдызы Наурыз мейрамында жерлестеріне сыйлық жасағанын жазған едік.