Әлемдік рейтинг: Елена Рыбакина 4-ші, Александр Бублик 30-орынға көтерілді

Қазақстанның үздік теннисшілері әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты, деп хабарлайды Kazinform.

Елена Рыбакина
Фото: ашық дереккөздерден

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартқан рейтингте Елена Рыбакина америкалық Джессика Пегуланы басып озып, 5-тен төртінші орынға көтерілді.

Үздік үштікте бұрынғыша Беларусь өкілі Арина Соболенко, Ига Швентек (Польша), америкалық Кори Гауфф тұр.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 66-дан 70-ке төмендеді.

Жұптық сында Анна Данилина 32-ден 57-ге, Е.Рыбакина 115-тен 118-ге, Жібек Құламбаева 157-ден 160-қа сырғыды.

Мұнда әлем бойынша Д.Пегула көш басына көтерілсе, К.Гауфф екінші, аустралиялық Сторм Хантер үшінші сатыда келеді.

Ерлер арасында Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) рейтингісінде бастапқы үштік өзгеріссіз қалды: сербиялық Новак Джокович, испаниялық Карлос Алькарас, ресейлік Даниил Медведев топтың алдын бермеуде.

Бельгиядағы Антверпен турнирінде үздік шыққан Александр Бублик 36-дан 30-ға жоғарылап, ТОП-30-дың қатарына кірді. Оның әлемдік рейтингтегі рекордтық көрсеткіші – 25-орын.
Жұптық сында америкалық Остин Крайчек, хорватиялық Иван Додиг, нидерландылық Уэсли Колхоф алғашқы үштікке жайғасты.

Қазақстандық Александр Недовесов 43-тен 44-ке ауысса, Швециядағы жарыста жеңімпаз атанған Андрей Голубев 62-ден 57-ге шықты.

Еске сала кетейік, Андрей Голубевтің Швециядағы ATP турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Бельгиядағы турнирдің чемпионы атанды.

Соңғы жаңалықтар