Әлемге әйгілі World Taekwondo Demo Team командасы Астанада өнер көрсетті

АСТАНА.KAZINFORM – 14 тамыз күні елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Әлемге әйгілі World Taekwondo Demo Team командасы Астанада өнер көрсетті
Фото: Қазақстан таеквондо федерациясы

Ашылу рәсіміне Дүниежүзілік таеквондо (WT) федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев және ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.

Әлемге әйгілі World Taekwondo Demo Team командасы Астанада өнер көрсетті
Фото: Қазақстан таеквондо федерациясы

Жарыстың ашылу салтанатында Корея Республикасының әйгілі World Taekwondo Demo Team командасы өнер көрсетті. Олар ұлттық мәдениеттің элементтері мен таеквондошылардың жоғары техникалық шеберлігін үйлестірген әсерлі шоу ұсынып, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.

World Taekwondo президенті доктор Чунгвон Чо құттықтау сөзінде қазақстандықтардың қонақжайлылығы үшін алғыс айтты.

— Біз Қазақстандағы қонақжайлық пен ұйымдастыру деңгейіне шын мәнінде таңғалып отырмыз. Мұнда мәдениет пен дәстүр керемет үйлескен. Үлкен жарыстардың Қазақстанға оралғанына өте қуаныштымыз. Көп рақмет, бұл нағыз спорт мерекесі! , — деді ол.

Қазақстандық таеквондо федерациясының (WT) президенті Кудрәт Шамиев қатысушыларға сәттілік тіледі.

Әлемге әйгілі World Taekwondo Demo Team командасы Астанада өнер көрсетті
Фото: Қазақстан таеквондо федерациясы

— Kazakhstan Open 2025 турнирін қабылдау біз үшін зор мәртебе әрі жауапкершілік. Бүгін бізді тек спорттық бәсеке ғана емес, достық пен ынтымақтастық рухы да біріктіріп отыр. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Қазақстанда таеквондоны дамыту жолындағы жұмысымыз алда да қарқынды жалғаса беретініне сенемін, — деп атап өтті федерация басшысы.

Сонымен қатар, ашылу салтанаты барысында Қазақстандағы таеквондо қозғалысының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік пен Қазақстан таеквондо федерациясының алғашқы президенті Бексейіт Түлкиевтің 70 жылдық мерейтойына орай, олардың балалары — Неслихан Өзтүрік пен Ерсұңқар Түлкиевке дәстүрлі қазақ шапандары тарту етілді.

Әлемге әйгілі World Taekwondo Demo Team командасы Астанада өнер көрсетті
Фото: Қазақстан таеквондо федерациясы

Биылғы жарысқа 22 елден 750-ден астам спортшы келді. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рейтинг көшбасшылары бар. Турнир үш күнге созылып, жастар, жасөспірімдер және ересектер арасындағы бәсекелерді қамтиды.

Турнир 16 тамызға дейін жалғасады, жалпы жүлде қоры 15 808 000 теңгені құрайды.
Осыған дейін ересектер арасында Қазақстан құрамасының сапынан кімдер ел намысын қорғап жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар