Әлемнің 130 елі «цифрлық салық» жобасына қолдау көрсетті – ЭЫДҰ

Жоба осы ұйымның аясында құрылған болатын.
Жоба бойынша, біріншіден, корпорациялар пайда тапқан елде салық төлейді. Екіншіден, «салық айлақтарының» пайда болмас үшін барлық елдер үшін ең төменгі міндетті көрсеткіш — 15% енгізіледі.
«Бұл - амбицияға толы және инновация тұрғысынан жаһандық келісім. Бұл - бір ғасыр бойы салық саласындағы ең маңызды келісім. Келесі кезең - 10 шілдеде Венециядағы «Үлкен жиырмалықтың» кездесуі, онда қаржы министрлері құжатқа саяси қолдау көрсетуі керек», - деді Францияның қаржы министрі Брюно ле Мэр.
Жобамен жұмыс бірнеше жыл бойы жүргізілді; бүгінгі таңда ол мемлекеттік бюджеттерге коронакризистен кейін экономиканы қалпына келтіру үшін қосымша кірістерді қамтамасыз етудің өте уақтылы мүмкіндігі делінеді. Жаңа түсімдердің жалпы көлемі жыл сайын 150 миллиард долларға бағаланады.