Әлемнің үздік боксшылары Астанада AIBA Pro Boxing ІІ кезеңінде сайысқа түседі

«АРВ ұрыстарының бірінші кезеңі әлемнің 10 елінде ойдағыдай басталды және жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ертең Астанада ІІ кезең өтеді, ал ІІІ және IV кезеңдерден кейін әр салмақ санатындағы чемпиондар мен жүлдегерлерді анықтайтын боламыз. Біздің боксшыларымыз таңертең медициналық комиссиядан өтті және ертеңгі сайысқа әзір екендіктерін қуаттады. Матчта Рио-де-Жанейрода 2016 жылы өтетін Олимпиадалық ойындарға жолдамалар сарапқа салынады», - деді АРВ супервайзері Луиз Базелли спортшыларды өлшеу рәсіміне орай баспасөз мәслихатында.
АРВ матчы атақты боксшыларды АІВА қамқоршылығымен кәсіби рингте спорттық мансабын жалғастыру мүмкіндігімен өзіне тартады, сонымен қатар олардың Олимпиадалық ойындарға қатысу құқығын сақтайды.
Осы сайыста лицензия алуға спорттық сәттілігін сынау мүмкіндігіне қазақстандық боксшы Берік Әбдірахманов та қатысады, ол филиппиндік қарсыласы Чарли Суарезбен 6 раундтық жекпе-жек өткізеді.
«Бүгін Қазақстан 60 келі салмақ санатында әлемнің үздік боксшыларының басын қосып отыр. Біздің спорт әлеміндегі үлкен деңгейге шығуымыз еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың қолдауы мен Қазақстанның бокс федерациясының президенті Т. Құлыбаевтың бастамасы арқасында болды. Осыған байланысты оларға зор алғысымызды білдіреміз. Мұндай турнирде жеңіп шығып, АРВ чемпионы атағын иелену әр спортшының және жаттықтырушының арманы», - деді М. Айтжанов.
Еске сала кетейік, 2014 жылы басталған АРВ (AIBA Pro Boxing) жобасы 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадалық ойындарға жолдамалар сарапқа салынатын АІВА-ның үшінші негізгі бағыты, ал 2020 жылғы Олимпиадаға АРВ арқылы ең көп лицензиялар беріледі. Матчтар кәсіби бокс ережелеріне сәйкес 6-дан 12 раундқа дейін өткізіледі.
Қазақстанда бұл жоба Қазақстандық бокс федерациясының тікелей қатысуымен жасалды, оның басшысы Т.Құлыбаев АРВ бойынша АІВА вице-президенті.