Әлемнің 30 елі қатысатын Этноспорт мәдениеті фестивалі басталды - шетелдегі қазақ баспасөзі
«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Астанадағы LRT - Орталық Азиядағы техникалық жағынан ең озық қалалық транзиттік жобаға айналады - «Халық газеті»
Қазақстанның Астана қаласындағы жеңіл рельсті жол - Орталық Азиядағы алғашқы қалалық жеңіл рельсті желі. Бұл жол - Назарбаев халықаралық әуежайы, Назарбаев университеті, Дүниежүзілік экспо паркі, Президент сарайы, жаңа теміржол вокзалы және басқа да Астана қаласының көрікті жерлері мен негізгі функционалдық аймақтары арқылы өтеді. Оның жалпы ұзындығы 22,4 шақырым, деп хабарлайды қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, қытайлық компания Қытайдың Алтыншы құрылыс бюросы жолдың 18,34 шақырымын салған. Онда жалпы 9 станция мен 14 учаске бар.
«Жеңіл рельсті жоба (LRT) аяқталып, көлік қозғалысы үшін ашылғаннан кейін, жол жүру уақыты екі есеге жуық қысқарады. Құрылыс Қазақстандағы, тіпті Орталық Азиядағы ең техникалық жағынан озық қалалық теміржол транзиттік жобасына айналады. Қазіргі уақытта жобаның құрылысы тұрақты жүріп жатыр», деп жазады «Халық газеті».
Сондай-ақ, осы аптада «Халық газеті» басылымында «Резеңке доңғалақтар қалай «буланып» шығады?» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, жартылай өнімдерден доңғалақтардың қалыптасуына, вулканизацияға, сынауға және қоймадан шығуға дейін бұл компания бір резеңке доңғалақтарды орта есеппен 7 секундта шығара алады. Бұл ақпаратты жақында «Халық Газеті» сұқбат тобы Ханчжоудың Цянтан жаңа аумағындағы Zhongce Rubber Group компаниясының болашақ зауытына кіріп, цифрлық және нақты интеграциялау арқылы олардың өндіріске қалай көмектесіп жатқанын көрген кезде анықтаған.
Сонымен қатар «5000 жыл бұрын қытайлық ыдыс-аяқ қандай болған?» деген ақпарат жарық көрген.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, осыдан 5300-4300 жыл бұрын Қытайдың оңтүстігіндегі Янцзы өзенінің төменгі ағысы мен Тайху көлі аумағында Лянчжу өркениеті болған. Бұл – Қытай жерінде осы уақытқа дейін табылған ең алғашқы ел.

Ханчжоу қаласының Юйхан аумағындағы Лянчжу мұражайы Лянчжу кезеңіндегі өркениет жетістіктері мен әлеуметтік стиль туралы мағлұмат береді. «Халық Газеті» ол кездегі керамика өнеркәсібінің шеберлігі қазірдің өзінде де өте жоғары деңгейде деуге болатыны туралы айта келіп, тарихи жәдігерді түсірген видеоны ұсынған.
Шыңжаңда Құрбан айтқа 3 күн демалыс және автокөліктерге жеңілдік беріледі - CNR
ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономялы өлкелік Қатынас-тасымал басқармасының мәліметінше, Құрбан айт мерекесіне орай 17 маусымнан 19 маусымға дейін Шыңжаңдағы ақылы тас жолдарда 7 орындықтан төмен шағын жеңіл автокөліктер ақылы жолдардағы төлемнен босатылады, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Айта кетейік, Құрбан айтқа 3 күн демалыс берілмек. Соған сәйкес, ішінде ақылы жолдарда 7 және одан аз орындық автокөліктер тегін жүре алады.
«Алайда, назар аударуға тиісті түйін, Қытайдың дәстүрлі Қияқ күріш мерекесінде (8, 9, 10 маусым күндері – авт.) Шыңжаңдағы ақылы жолдарда қатынау ақысы алынады», деп жазады «Орталық халық радиосы».
Құрбан айт мезгілінде, Шыңжаңдағы ақылы тас жолдарда тегін қатынау мерзімі 17 маусым күні сағат 00:00-ден 19 маусым күні сағат 24:00-ге дейін болады.
Астанада «Ташкент күндері» өтеді - «ӨзА»
Ташкент қаласының әкімі Шавкат Умурзаков Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұловпен кездесу өткізді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, кездесуде Ш.Умурзаков елшіге республикада отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін жасалған қолайлы инвестициялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Б.Атамқұлов Ташкенттің бәсекеге қабілетті, қалалық және туристік орталыққа айналып, туристер мен кәсіпкерлерді көбірек тартып жатқанын айтып, қаланың цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, көріктендіру және нақты жұмыс тетіктерін енгізудегі тәжірибесі жақсы екенін және осы тәжірибені үйренуге лайық екенін жеткізген.
«Сондай-ақ, кездесу барысында елші Астана қаласында «Ташкент күндерін» өткізуге және Қазақстан астанасында Әлішер Науаи мүсінінің ашылуын ұйымдастыру ұсынысы айтылды. «Ташкент күндері» аясында қолөнер көрмесі, гастро жәрмеңкелер, фестивал және басқа да мәдени шараларды өткізу жоспарланған», деп жазады «ӨзА».
Иран - Азиядағы ең күрделі трансплантация операциясының көшбасшы - «Parstoday»
Әлемдегі ең күрделі, яғни ішек трансплантациясы бойынша Иран Азияда, тіпті кейбір жағдайларда әлемде көшбасшы болды. Ішек трансплантациясы ғана емес, қазір дененің бұл аз белгілі бөлігін қалпына келтірудің жаңа әдістері Иранды жақсы ғылыми жағдайға келтірді, деп хабарлайды Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.
Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әбу Әли Сина ауруханасының ішек реабилитациясы бөлімінің меңгерушісі және Иранның Шираз медициналық ғылымдар университетінің доценті, доктор Хамид Никпур мен оның ішек трансплантациясы бойынша тобының инновациялық әдістері басқа елдердің назарына түсті. Тіпті америкалық дәрігерлер де олардан үйренеді.
«Доктор Никпурдың айтуынша, ішек трансплантациясының сәтті жасалу саласында Иран мен әлем арасындағы уақыт айырмашылығы көп емес. Ирандағы алғашқы сәтті ішек трансплантациясын 2007 жылы Шираздағы Намази ауруханасында доктор Ник Икбалиан жасады. Ішек трансплантациясы ғана емес, сонымен қатар көп мүшелерді трансплантациялау Иранда 2010 жылы жасалған», деп жазады «Parstoday».
Бұл мақалада оның (доктор Хамид Никпур) Hamshahri газетіне берген сұхбатының үзінділерін ұсынған.
6-шы Этноспорт мәдениеті фестивалі Стамбулда басталды - TRT
Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен биыл 6-шы рет өтетін фестиваль төрт күнге созылады. Стамбул Ататүрік әуежайында өтетін шараға келушілер барлық шараларға тегін қатыса алады.
Этноспорт мәдениеті фестиваліне 30 ел қатысады. Фестиваль барысында дәстүрлі спорт және ойындар, дәстүрлі өнер, гастрономия және сахна өнері сияқты көптеген тақырыпта сан алуан іс-шара өткізіледі.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Келушілер фестиваль бойынша дәстүрлі спорт түрлері және ойындардан бастап, табиғат пен жануарлар арасындағы байланыстар сияқты тақырыптарда ақпарат алуға мүмкіндік табады.
Келушілерге түрлі тәжірибелер ұсынатын Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы қатысушыларға әлемдік гастрономиядан дәмдер ұсынады.
Айта кетейік, аталған халықаралық іс-шара 6-9 маусым аралығында өтеді.
Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Қазақстанда жаңа мұнай кен орындары игеріледі» деген тақырыпта ақпарат жарияланды.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Қаламқас-теңіз және Каспий мұнай кен орындарында теңіз платформаларын салу жұмыстары 2026 жылы басталады.
Айта кетейік, Қазақстан Қаламқас-теңіз және Каспий мұнай кен орындарын игеру жобасын қолға алынып жатыр. Жоспарға сәйкес, Қаламқас-теңіз кен орнында теңіз платформаларын салу жұмыстары 2026 жылы басталады.
Қарастырылып отырған жоба аясында 6 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартуды жоспарлап отыр.