Әлеуметтік құқықтарды сақтау бойынша жаңа механизмдер қарастырылады – Еңбек министрі
«Еңбек нарығын модернизациялауда өзін-өзі жұмыспен қамту және платформалық жұмыс режимдерін тану, оны заңдастыру арқылы азаматтарға ыңғайлы режимді сақтау, еңбек және әлеуметтік құқықтарды сақтау бойынша жаңа механизмдер қарастырылады. Мақсатты топқа кіретін азаматтарды біріншіден, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орнына тарту, екіншіден, әлеуметтік тапсырыспен жұмыс істейтін мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдар аясын кеңейту арқылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашу қарастырылады», - деді министр Үкімет үйінде өткен отырыста.
Оның айтуынша, жұмыс күшінің ұтқырлығын қамтамасыз ету мақсатында ішкі және сыртқы көші-қон мәселелерінде жаңа механизмдер ұсынылады. Азаматтардың кәсіби дағдыларын арттыру үшін жаппай оқыту механизмдері белгіленіп, бұл жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлінеді.
«Жұмыспен қамту мәселесі толық цифрландырылады, жұмыс іздеу немесе жұмысшы іздеу тек электронды биржа арқылы жүргізіледі. Көші-қон саясаты жөніндегі тұжырымдама жобасы да әзірленіп жатыр. Онда Президенттің қандастар бойынша тапсырмалары толық қаралады, жоба жыл соңына дейін Үкіметке бекітуге беріледі», - деді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін Еңбек министрі 2023 жылы әлеуметтік төлемдер проактивті түрде берілетінін айтқан еді.
Фото: www.sports.kz