Әлеуметтік қызметкер қарапайым күтуші деген таптаурын түсініктен арылуымыз керек - Мемлекеттік хатшы
«Бүгінгі форум әлеуметтік қорғауды одан ары жаңғыртудың маңызды қадамдарының бірі саналады. Осыған байланысты әлеуметтік жұмыс саласындағы келесі міндеттерге тоқталғым келеді. Біріншіден, әлеуметтік қызметкерлер мамандығын түбегейлі жаңа деңгейге шығару қажет. Мамандықтың рөлі мен мәнін қайта ой елегінен өткізіп, әлеуметтік қызметкер қарапайым күтуші деген таптаурын түсініктен арылуымыз керек. Өйткені, әлеуметтік жұмыс бұл жоғары руханилықты, мінсіз адамгершілік қасиетін талап ететін қызмет», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы екіншіден қазіргі жағдайға бейімделген мамандарды дайындау қажеттігіне назар аударды. Бұл саладағы әлемдік трендтерді ескеретін, әлеуметтік қызметкерлерді дайындау және қайта даярлауға бағытталған сапалы жаңа бағдарлама қажеттігін атап өтті.
«Үшіншіден, қайырымдылық көмек институтын, мецанаттықты, сонымен қатар еріктілер қозғалысын дамыту қажет. Қоғамда аяушылық білдіру, қамқорлық және қайырымдылық сезімдерін өзектендірген жөн. Қуатты жауапты адамдардың біртұтас ұлтын қалыптастыру жолында қоғамдық сананы өзгерту де маңызды. Барлығы үшін қайырымды, елгезек, өзгеге кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын адам үлгі болуы тиіс», - деді Мемлекеттік хатшы.