Әлеуметтік қызметкерлер институты күшейтіледі – Еңбек министрі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау аясында әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту көзделген. Бұл туралы Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кодексте ескерілген келесі қадам - ол әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау. Оның басты мақсаты - мүгедектігі бар адамдар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көбейту.

«Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделіп отыр (МБА). Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкерлер ретінде тіркеледі. Осы жұмысқа еңбекақы төленеді және бұл кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Бұл тұрғыда отбасы мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтылады», - деді Т. Дүйсенова.

Тағы бір өзгеріс – жан басына шаққандағы норматив енгізу.

«Қызметтер үшін жеке нормативтер, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шекті бағалар болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, кейбір қызмет түрлерін немесе тауарларды одан әрі монетизациялауға әкеледі. Екінші жағынан, арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға жеке секторды кеңінен тарту саланың инфрақұрылымын ауылдық жерлерге жеткізуге мүмкіндік береді», – деді министр.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Әлеуметтік қызметтер порталы (ӘҚП) бойынша комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделеді: сапасыз тауар немесе қызмет туралы МБА өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; мерзімдерін көрсете отырып, ұсынылған тауарды немесе көрсетілген қызметті түзету туралы хатты өнім жеткізушіге жіберу және олардың орындалуын бақылау; тауар жеткізушіні ӘҚП-дан алып тастау.

«Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау аясында әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту көзделген. Әлеуметтік жұмысқа біліктілікті тәуелсіз бағалаудан өткен, тиісті сертификаты бар мамандар ғана жіберіледі. Мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсететін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі жасалады, онда олардың біліктілігі, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат қамтылатын болады. Әлеуметтік қызметкерлер үшін ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілетін болады», – деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр Отбасының цифрлық картасы жайында түсіндірді.

Т. Дүйсенова кедейлік шегі енді медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатынын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар