08:11, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Әлеуметтік нысандардың әлеуеті анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов Шиелі ауданындағы бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып қайтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сұлутөбе ауылындағы Мұстафа Шоқай атындағы №41 орта мектеп ғимараты осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген. Ондағы жылу жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуі шәкірттердің алаңдамай білімге ден қоюына мүмкіншілік береді. Мемлекет қаржысынан 400 млн. теңгеге жаңа үлгіде бой көтерген оқу ордасында қазір 504 оқушы білім алады.
Облыс әкімінің орынбасары ұстаздармен әңгіме барысында олардың өз шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие берудегі қажырлы еңбегіне тоқтала келіп: ? Ұстазы жақсының ұстанымы мықты болатыны заңдылық. Сондықтан да мектеп басшысынан бастап, әрбір мұғалім үлгілі ортаның өнегесін көрсетуі керек. Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушылар дайындығын күшейткен жөн. Өткен жыл сабақтарынан қорытынды шығаруға тиіспіз. Шиелінің көрсеткіші де көңіл көншітпегенін естен шығармайық. Болашағы зор ел балаларының білімге құштар болып өсуі ?сіздердің қолдарыңызда, ? деді. Сұлутөбе ауылдық ауруханасының бас дәрігері Қорғанбек Пейішбаев емдеу орны жұмысымен таныстырды. Ғимарат ескі, пешпен жылытылады. Көңілді демдейтіні ? отын мен көмір жеткілікті. Ауылда жас дәрігер мамандардың жетіспеушілігі шешілмеген түйін.
Мұстафа Шоқай ауылындағы №40 мектеп ғимаратының жаңадан бой көтеруінде ел азаматы ретінде облыс әкімі орынбасарының да үлесі бар. Бұл ретте ұстаздар қауымы алғыс сезімдерін жеткізді. Мектеп директоры Оразкүл Елжасарова білім нәрін егу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әріптестерін атап өтті. Сәнді де, жайлы білім ордасында 130 оқушы оқиды. Бұдан соң сапардың сәті Тартоғай ауылдық округіндегі орта мектепке, Бәйгеқұмдағы №251 мектепке және ауруханаға түсті. Бұл жерде мекен-жайлардың жылу жүйесі, басқа да қызмет көрсету саласына назар аударылды. Ауылдық аурухананың бас дәрігері Зағира Мұхамедова емдік шаралардың жолға қойылғанын баяндады. Жас дәрігерлер Қарлығаш Мырзаханова мен Нұргүл Әшірова өткен жылдан бері еңбек етіп келеді екен. Олардың тұрақтап қалуы үшін тиісті жағдай жасалуы қажет. Өйткені, ауылдық жерлерде дәрігерлердің жетіспеуі аймақ үшін айтулы проблема болып жүр.
Шиелі кентіндегі Кентау кәсіптік колледжі филиалының жұмысы талапқа сай болу керектігі ескертілді. Материалдық-техникалық база сын көтермейді. Оқытушылар оқу үдерісінің салмағын төмендетпейтіндей құрамда жасақталуы тиіс. Осы күні Мұрат Мұхамедов аудандық аурухана жұмысымен танысып, Алмалы және Балаби ауылдық округтерінің әлеуметтік нысандарында болды.