Әлеуметтік саясат белсенді жүзеге асырылып келеді - Шығыс Қазақстан әкімі

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Айбек Лебаевтың есеп беру жиналысына қатысу үшін Үржар ауданының Қаракөл селолық округіне жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мәлім етті. Мемлекеттің адамдардың алдындағы әлеуметтік міндеттемелері үлкен маңызға ие, деп атап көрсетті Б.Сапарбаев.
Облыс әкімі Үржар ауданында он шақты елді мекенді аралап, ондағы істің жағдайларымен танысты және халықпен кездесті. «Сапардың нәтижесі көрсеткендей, әлеуметтік саясат белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бірақ көптеген мекемелердің материалдық-техникалық базасы замана талаптарына сай келмейді. Бүгінде облыста апатты жағдайда тұрған 62 нысан бар, оның 28-і -мектеп, 34-і - медицина нысаны. Осынау проблемаларды шешуге «100 мектеп, 100 аурухана» президенттік бағдарламасы көмектесуде. Мысалы, Қаракөлде бүгін ғана ашылған мектеп - осы бағдарлама аясында салынған бесінші нысан», деп атап көрсетті әкім қаракөлдіктермен болған кездесуде.