11:15, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Әлеуметтік тұрақтылық және халықты жұмыспен қамту 2009 жылдың негізгі мәселесі болып табылады ? ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімов
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Әлеуметтік тұрақтылық және халықты жұмыспен қамту 2009 жылдың негізгі мәселесі болып табылады. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер- Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, атқарушы биліктің жүзеге асыратын шараларының барлығы ең алдымен осы жұмыстарға бағынышты болуы тиіс. Бұл тұрғыдағы барлық мәселені Үкімет апта сайын бақылауға алатын болады. «Екінші мәселе, макроэкономикалық тұрақтылық», деп атап көрсетті Үкімет басшысы. Оның сөзіне қарағанда, осы параметрді 2009 жылы тұрақты ұстап тұру, тиімді түзетіп отыру қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жұмысшылардың еңбек құқықтарын және еңбек кепілдіктерін сақтау үшін қазіргі таңда ірі жұмыс беруші компаниялармен 500-ге жуық меморандумдарға 40 мыңнан астам ұжымдық шарттарға қол қойылды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің Өкімімен тұрақтандыру шараларын қабылдау үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Б. Сапарбаевтың айтуынша, министрліктің жүргізген мониторингіне сәйкес 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша қызметін толық тоқтатқан кәсіпорындардың саны 25-ті құрайды. Оларда 7229 адам жұмыс жасаған. Ал ішінара еңбекпен қамтылған кәсіпорындардың саны 234. Олар 72196 адамды қамтиды. Олардың ішінде 28818-і мәжбүрлі демалыстарға кеткен немесе толық емес жұмыс күні режимінде еңбек етуде.