Әлеуметтік желі ұлт мінезіне нұқсан келтіре ме?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заман ілгерілеген сайын әлеуметтік желілердің біздің өмірімізде алатын орны айрықшаланып барады. Тек мұның екінші жағын ескергеніміз жөн: ұялы телефонын, планшетін т.с.с шұқылап, әлеуметтік желіде отыратындардың бәрі көзі қарақты сауатты, мәдениетті, білімді жандар емес.

Әлеуметтік желілердің әлеуеті мен пәрменділігі артып келе жатыр. Оның адамдардың бір-бірімен ықпалдасып, туындаған мәселелерді жұмыла шешуіне де әсері зор. Соңғы кездері мәселен, ғаламтор пайдаланушылары салған видео немесе посттар арқылы құқық қорғау органдары кей қылмыстардың бетін ашып, енді бір мәселелердің анық-қанығын айқындап жатса, енді бірде сауда орындары мен қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық ережелердің сақталмауы құзырлы органдардың назарын аудартуда. Яғни, бұл қазіргі таңда қоғамның бір мүшесі ретіндегі кез келген адамнан белгілі бір қырағылықты, аңғарымпаздықты, жауапкершілікті талап етеді, адамзат үшін игілігі басым қоғам құрамыз десек, кез келген мәселеге әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің назарын аудартып, оның шешімін табуға болады.

Алайда сол әлеуметтік желілерде бір-бірімізбен дұрыс тілдесе алып жүрміз бе?! Жалпы, әлеуметтік желі әдебі деген не, оның ұлт мінезіне, жас буынға ықпалы қандай? 1994 жылы интернетте «Netiquette» атты кітап пайда болды. Бұл кітапта нетикеттің негізгі 10 ережесі жинақталған. Netiquette - (англ. Net - желі + Etiquette - этикет) - ғаламторда өнегелі мінез-құлықты ұстана білу ережелері. Википедияға жүгінсек, әлеуметтік желідегі этике́т, яғни нетикет - мінез-құлық тәртібі - бұл интернет пайдаланушыларының басым көпшілігі қолданатын желідегі дәстүрлер мен мәдениет. Бұл ұғым өткен ғасырдың 80-ші жылдары FIDO желісінде (1990-шы жылдары танымал болған халықаралық желі) пайда болды.

Нетикеттің мақсаты ғаламтор арқылы тілдесуді жеңілдетуге негізделгендіктен, мұндай ережелер ғаламторда сол топтың, қауымдастықтық т.б. негізгі мақсаттарына, тілдесу стиліне, техникалық мүмкіндіктеріне т.б. байланысты белгіленуі мүмкін. Әлеуметтік желіде этикеттің бұзылуы ретінде көбіне адамның жеке басына тиісу, тақырыптан әдейі ауытқу, орынсыз жерлерге өзінің өнімі, қызметі т.б. туралы жарнамасын тықпалау тәрізді қарастырылады. Сондай-ақ жалған ақпар жариялау мен біреуге жала жабу, плагиат да этикеттің бұзылуына жатады. Кей жағдайда белгілі бір топта болған адамдар басқа топқа тіркелгенде абайсызда ол топтың ережелерін бұзуы мүмкін. Сондықтан барлық интернет қауымдастықтардағы ережелермен танысу және оған тіркелу үшін сол ережелермен келісу міндетті болып саналады. Міне, нетикеттің негізгі ережелері осы аталған жайттарға негізделеді. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың желідегі этикет - нетикетты қаншалықты сақтайтынын білу үшін Facebook, ВКонтакте т.б. негізінен жиі пайдаланатын жастардың ой-пікірлеріне құлақ түрдік.

"Инстаграм, Твиттер әлеуметтік желісін пайдаланамыз, бұл айналаңдағы адамдармен өзің жайлы мәліметтермен, ой-армандарыңмен бөлісуге мүмкіндік береді", - дейді Диана. 19 жасар Шыңғыс болса қазіргі жастардың ғаламторға, әлеуметтік желілерге тым тәуелділігіне наразылығын жеткізді: "Менің ойымша, желіні тек мәселен, білім алуда т.с.с. ғана қолданған жөн. Ал біз уақытымызды оған жұмсап босқа кетіріп жүрміз. Әсіресе, оған 16-19 жас аралығындағы қыздар аса тәуелді. Әлеуметтік желі қазіргі жастар үшін "есірткі". Қазіргі адамдардың әлеуметтік желіге тым тәуелді болуы маған ұнамайды", деді ол.

Әлеуметтік желі пайдаланушыларының өздерін әдепті ұстай білуіне қатысты ой-пікірлер екіге жарылды. Шыңғыс: "Ең мәдениетті желі деп Инстаграмды атар едім, себебі онда негізінен фотосуреттер ғана жарияланады", десе, 18 жасар Шолпан: "Инстаграмда мысалы, жұлдыздар суреттерін жарияласа, біреулер оның астына өзінің жөнсіз пікірін қалдырады, мұны мәдениетсіздік деп санаймын", дейді. Ең әдепсіз әлеуметтік желі қатарына Вконтакте желісін жатқызғандар болды. Оған себеп: мұндағы түрлі топтарда сұрыптап-сараптаусыз бәрі жариялана береді. Сонымен қатар "адамның әлеуметтік желіде өзін дұрыс ұстай білуі желіге емес, сондағы топтарға байланысты, себебі, түрлі топтар бар. Әрі, әлеуметтік желіде өзін мәдениетті ұстай алмайтын адамның демек шынайы өмірде қандай да бір ауытқулары бар" деген пікір де айтылды. "Адамның әлеуметтік желідегі мәдениеті қалыптасуы үшін кітапты көп оқуы керек", деді 19 жастағы Сара есімді бойжеткен.

Яғни, адамдардың желілерде мәдениеттілікті, этикетті сақтауы адамның жеке басының білімділігіне, ой-өрісіне, тәрбиелілігіне байланысты. Ал тағы бір топ бұл адамға және жарияланған жайтқа байланысты, егер айтылған нәрсе адамның ашу-ызасына тиетін болса, ол жөнсіздіктерге жол беруі мүмкін деп санайды.

"Ал менің ойымша, Вконтакте ең пайдалысы, себебі ондағы жазбалар белгілі бір ойлар тудырып, ойыңа алған әрекеттеріңді жүзеге асыруға ынталандырады", - дейді Жанар, ал Диана "Мен мысалы жаңалықтарды көрмеймін, Фейсбук әлеуметтік желісіне кірсем болды, барлық жаңалық сонда тұрады, адамдар соны талқылайды",- дейді. Сондай-ақ ол: "Адамдар әлеуметтік желіде бір-бірін көрмегендіктен өз-өздерін әдепсіз ұстайды. Мысалы, Фейсбукте қандай да бір оқиғаға немесе адамның әрекетіне қатысты жайттар жарияланып жатса, оған кейбір пікір білдірушілер бейпіл ауыз сөздер жазып қалдырып жатады. Демек, әлеуметтік желі мәдениеті бізде әлі қалыптаспаған", - дейді.

"Әлеуметтік желі әдебін қалыптастыру үшін мәдениетсіз деп танылған адамның пікірінің желіде жариялануына жол бермей бұғаттап тастау керек". Бұл Жанардың пікірі. Ал Асқардың ойынша, ғаламторда бейпіл ауыз сөздермен тілдесу мінез-құлық әдебіне жатпайтыны туралы мектепте сыныптан тыс сабақтар өткізілуі, сөйтіп бұл жас ұрпақ тәрбиесі саласының бір бағытына айналуы тиіс.

Сондай-ақ әлеуметтік желілердің кең таралуына қарамастан, жастар адаммен бетпе-бет тілдескенді жөн санайтындықтарын жеткізді. "Адаммен шынайы өмірде тілдескен әлдеқайда жеңіл, себебі оның көңіл-күйін бірден түсінесің, сезінесің. Ал әлеуметтік желіде сен оған өзің қалай сезінсең, солай жауап бересің, оның ар жағындағы адамды көзіңмен көрмеген соң сезінбейсің, жақсы түсінбейсің", - дейді Диана есімді бойжеткен. Ал Жанар: "Ғаламторда бейтаныс адаммен тілдескен әлдеқайда жеңіл. Себебі көшеде кез келген бейтаныс адаммен тілдесіп кете алмайсың, ал әлеуметтік желіде адамды көзіңмен көрмеген соң қысылып-қымтырылмайсың", - деген ойын жеткізді. Асқар есімді азамат: "Әлеуметтік желі арқылы тілдескенде ұтымды жағы - басқа адамға жауап беру үшін ойлануға уақытың көбірек болады", - дейді. Каринаның ойынша, бұл әр адамның өзіне байланысты: біреуге хабарлама жазып қалдыра салған оңай болса, ал енді біреу бетпе-бет кездесуді қалайды.

Сонымен, елордалық жастар қауымы негізінен Инстаграм мен ВКонтакте әлеуметтік желісін басқаларына қарағанда жиірек пайдаланатын болып шықты. Сұралғандардың көп бөлігі нетикет жайлы мүлдем хабарсыз болса да ғаламторда әдеп сақтау ережелері болуы мүмкін деген болжамдарын білдірді. Жастардың жартысынан көбі адамдардың бір-бірімен ғаламтор арқылы тілдескенде әдеп сақтай білмейді десе, төрттен бірі ғана "сақтайды" деп жауап берді. Осылайша, әдептілік сақталатын ең "нетикетті" әлеуметтік желі Инстаграм болып шықты. Сұралған жастардың 50 пайызы әлеуметтік желі пайдаланушыларының басым бөлігі нетикетті сақтай біледі деп санаса, 50 пайызы керісінше, оларды әдепсіз деп санады.

Сыйластық - қазақ халқында ежелден қалыптасқан, қанға сіңген қасиет. Ғасырлар өтсе де, техника ілгерілеп, бүтін ғаламшар алақандай ұялы телефонға "сыйып" тұратын дәуірге жетсек те, бабадан балаға жеткен "Сыйлассаң - сыйлы боларсың'' деген қанатты сөз мәнін жойған жоқ. Кез келген әлеуметтік желіні жарастық орнаған ортаға айналдыру әр адамның өз қолында. Айналаңдағы адамдарға құрмет көрсету, оларға қамқор болу, түсінушілікпен қарау адамды тұлға ретінде биіктетпесе, аласартпасы анық. Сондықтан күнделікті шынайы өмірде ғана емес, әлеуметтік желілерде де бір-бірімізбен сыйластыққа ұмтылайық. Гүлнәр Жомартова

Соңғы жаңалықтар
telegram