10:14, 17 Шілде 2015 | GMT +5
Әлеуметтік желіде ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін үш жылға бас бостандығынан шектелді - БҚО прокуратурасы
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс прокуратурасы ғаламтор көздеріне мониторинг жүргізген кезде «Мұхтар» есімімен тіркелген тұлғаның әлеуметтік желіде өзге ұлтқа қатысты өзінің теріс пікірін білдіргені анықталды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, іс ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментіне жолданған.
«Мұхтардың» пікірлерін сараптау нәтижесі ұлтаралық араздық пен алауыздықты қоздыру, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілерінің бар екенін көрсетті.
Тергеу барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындаған.
Сот үкімімен ҚР ҚК 174-бабы 1-бөліміне сәйкес кінәлі тұлғаның үш жылға бас бостандығынан шектеліп, осы кезеңге пробациялық бақылауға алынды.