Әлеуметтік желіге 12 жастағы Димаштың сұхбаты орналастырылды

Видеода 12 жастағы Димаш 2006 жылы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының студиясында жүргізуші мен телекөрермендердің сұрақтарына жауап беруде. ҚР Тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңында түсірілген таңғы бағдарламада әңгіме Абай Құнанбайұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды Қазақстанның маңдайалды тұлғалары жөнінде өрбіді. Сондай-ақ сол кездегі алтыншы сынып оқушысы өзінің сабағы туралы айтып берді.
«Менің басты арманым - халқыма пайдалы болғым келеді», - деді бүгінде танымал әнші Димаш Құдайберген.
Сұхбат соңында ол Нығмет Баймұхамедовтің өлеңіне жазылған Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін орындап берді.
Еске салайық, осы күндері отандасымыз Қытайдың Hunan.TV телеарнасындағы «Singer» ән байқауына қатысып жатыр. Бүгінгі уақытқа дейін байқаудың 6 кезеңі өтті, барлығы 10 кезеңнен тұрады. Димаш олардың барлығында да қажетті дауыстар жинап, келесі кезеңге өтіп отырды. Ерекше талантымен қытайлық көрермендерді тамсандырған ол, бірнеше кезеңде алғашқы орыннан көрінді. Димаш Құдайберген қытайлық сахнада француз тіліндегі «SOS d'un terrien en détresse» композициясын, 28 қаңтар күні өткен екінші кезеңде ресейлік Витастың «Опера №2» әнін, Queen тобының «Show must go on» әнін, қытай тілінде «Күзгі мұң», Питер Джин Эрнандестің (Бруно Марс) репертуарынан «Uptown Funk» әндерін және соңғы өткен 6-кезеңнің түсірілімінде әлемге танымал әнші Лара Фабианның репертуарынан «Adagio» әнін шырқады. Бұл кезең Қытай телеарналарының эфирінде 25 ақпан күні көрсетіледі. Қытайдағы әлеуметтік желілердің жазуынша, Димаш аталмыш соңғы кезеңде бірінші орынға қол жеткізді.