Әлеуметтік желілерде оқушыларды есірткі сатуға шақыру көбейіп барады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық оқушыларға әлеуметтік желілерде «наркокурьер» жұмысына шақыру көбейіп барады. Бүгін Алматыдағы адам құқығы бюросының баспасөз мәслихатында қоғамдық ұйымдардың өкілдері осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осындай тұзаққа бірқатар оқушы түсіп қалған. Абырой болғанда балалардың ата-аналары бірден құқық қорғау органдарына хабарласқан.

Қылмыскерлер балаларға наркокурьер қызметін ұсынып, аптасына 25 мың теңге төлейміз деп уәде берген.

Ол жалақыға жету үшін арнайы тәжірибеден өту талап етіледі екен.

Сонымен қатар аптасына 40 тапсырыс жеткізуге тырысу керек.

«Курьерлер тексеруден өтеді. Өйткені, оларға сенуге бола ма, жоқ па, осы жағы тексеріледі. Ол үшін ең алдымен оларға есірткіге ұқсайтын тұз немесе ас содасы беріледі. Егер жасөспірім сенімнен шықса, аптасына 40 тапсырысқа 25 мың теңгемен жұмысқа алынады. Кәмелеттік жасқа толмағандар жеңіл есірткі тасымалдаса, кәмелеттік жасқа толғандар ауыр есірткі тасымалдайды», - деді құқыққорғаушы Константин Гудаускас.

null 

Жұмыс схемасы бойынша курьер әр жерге затты жасырып кетуі тиіс. Клиент сол жерден алып кетеді.

Егер тапсырыс беруші тауарды таба алмаса, курьерге айыппұл салынады.

Есірткі тасымалдаушылар студенттер мен мектеп оқушыларын осындай жұмысқа екі жылдан бері шақырып келген. Кейін полиция мұндай қылмыстық топтарды әшкерелеп, сот басталды. Сот алдында 100-ге тарта адам жауап берді. Олардың 8-і ғана сотталды.

Құқық қорғаушы Константин Гудаускас қалалық полицияның әрекетсіздік танытып отырғанын айтты.

«Полиция әрекет етпей жатыр. Тіпті кейбір тұлғалардың жазған шағымын қабылдамайды екен. Сондықтан, полицияның өзі осыған мүдделі ме екен деген ой туады», - деді ол.

Ал қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек аталған айыптауларды жоққа шығарды.

«Баспасөз мәслихатында айтылған кейбір сөздердің негізсіздігіне назар аудартамын. Полицияның қатысы жоқтығына мына нәрселер дәлел. Осы қылмыс схемасын қалалық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері әшкереледі. Мәлімдеме жасағандар нақты сан, адам есімдерін, уақытты, эпизодтарды атаған жоқ», - деді Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар ата-аналарға балаларының әлеуметтік желісін бақылап отыруға кеңес берді.

null 

Соңғы жаңалықтар