Әлеуметтік әмиян: 13 млн-нан астам дәрі-дәрмек рецепті цифрлық түрде берілді

АСТАНА. KAZINFORM — «Әлеуметтік әмиян» цифрлық сервисі енгізілген сәттен бастап азаматтарға ыңғайлы цифрлық форматта дәрі-дәрмек беру бойынша 13 млн-нан астам қызмет көрсетілді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Медбикелерге кейбір рецепттерді жазуға рұқсат берілуі мүмкін
Фото: freepik.com

Ведомство атап өткендей, бұл амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету (АДҚ) шеңберінде жазылған барлық тағайындаудың 81,2%-ын құрайды.

— Жобаға бүкіл ел бойынша 708 медициналық ұйым қосылған. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жалпы деңгейі e-Densaulyq, Halyk, ВЦК, Face ID және SMS-код цифрлық тетіктері арқылы жіберілген рецепттерді қоса алғанда, 85,1%-ға жетті. Рецепттердің 14,9%-ы бұрынғы қағаз форматында орындалады — бұл смартфондары мен интернеті жоқ азаматтар, сондай-ақ мобильділігі төмен азаматтар, қарттар мен балалар үшін маңызды, — делінген министрлік хабарламасында.

Жоба Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» Жолдауын орындау шеңберінде іске асырылып жатыр және қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірлерінде қолжетімді.

Дәрі-дәрмекті алу алгоритмі толығымен автоматтандырылған: Дәрігер eGov mobile мобильдік қосымшасының «Әлеуметтік әмиянында» электрондық ваучер түрінде автоматты түрде пайда болатын ҚР ДСМ ДҚАЖ-да рецепт қалыптастырады.

Пациент дәріханада ваучер ұсынады — ол QR коды ретінде көрсетіледі. Провизор QR кодын сканерлейді және тағайындалған препараттарды береді.

Бұл цифрлық қызметтің артықшылықтары мынадай:

  • деректерді қолмен енгізуді алып тастауға;
  • қызмет көрсету уақытын қысқартутуға;
  • дәрі-дәрмектерді босатудың ашықтығы мен дәл бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осыдан бұрын Қазақстанда өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектердің 37%-ы өндірілетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар