Әлеуметтік әмиян: 2025 жылдан қазақстандықтарды не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік әмиян – Қазақстан азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Үкіметке 2025 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын толық енгізуді тапсырды. Осы орайда аталған міндетті орындаудағы дайындық барысына шолу жасаған едік.

Әлеуметтік әмиян
Коллаж: Kazinform/ DALL-E/ Pixabay

«Әлеуметтік әмиян» жобасы – 2020 жылы қолға алынды, атап айтқанда, коронавирус індеті етек жайған кезде, жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік қолдау ретінде 42 500 теңгеден беріле бастады. Дегенмен көп азамат есепшотты ашу жағынан қиындыққа тап болды.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында әлеуметтік төлемдер жүйесін цифрландыру қажеттігін айта келе, әлеуметтік әмиян енгізу бастамасын көтерді.

Жоба өткен жылдан бері азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мектеп оқушыларын тегін және жеңілдікпен тамақтандыру қызметтер ұсынып, пилоттық режимде іске асырылып келеді. «Әлеуметтік әмиян» қызметін пайдалану үшін App Store және Play Market дүкендерінде қолжетімді eGov Мobile қосымшасын жүктеп алу қажет.

Президент тапсырмасы бойынша Үкімет 2025 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын толықтай енгізу жұмыстарына кірісіп кетті.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік әмиянның енгізілуін қамтамасыз етсін. Тиісінше, 1 желтоқсанға дейін Әлеуметтік әмиянға кіретін мемлекеттік қызметтер тізілімін бекіту керек», - деді Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында

Жобада әр отбасыға әлеуметтік мәртебесіне қарай ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдау түрлері болады. Сондай-ақ, қолдаудың нақты берілу фактісі негізінде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек сомасы да көрсетіледі

Оқушыларды тегін және жеңілдікпен берілетін тамақпен қамту

Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, eGov Mobile мобильді қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» арқылы мектептерде тегін тамақтандыру бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

«Әлеуметтік әмиян»: тегін және жеңілдікпен тамақтандырудың жүйесі қалай жұмыс істейді
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

 

Жоба ата-аналарға қызметті проактивті түрде алуға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Баланың мектепте тамақтанғаны жүйеде есепке алынады және бұл туралы ата-анасы да eGov Mobile мобильді қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» арқылы ақпарат алады. Сондай-ақ, ата-ана мемлекеттік қолдау шарасының сапасы туралы кері байланыс қалдыра алады. Соның негізінде қызмет көрсету актісі мен төлем шоты жасалады.

Мемлекеттік қаржыландыру тамақтану фактісі бойынша жүзеге асырылады және бұрынғыдай бастауыш сынып оқушыларының санына негізделмейді. Осылайша, әлеуметтік әмиян мемлекеттік қолдау шараларының атауы мен валидациясын ашық көрсетеді.

Қазіргі уақытта тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелері 15 өңірдегі 250 мектепте жұмыс істейді. Жобаны кеңейту үшін мектептерді тамақтандыруды есепке алу мен тіркеу жүйелерімен қамтамасыз ету және оларды «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетсек, пилоттық жоба Ақмола, Маңғыстау облыстарында және Астана мен Шымкент қаласында сынақтан сәтті өтті. Одан әрі мектептердің дайындығына қарай біртіндеп енгізілмек.

«Әлеуметтік әмиян» арқылы тегін дәрі-дәрмекті қалай алуға болады?

Ол үшін eGov Mobile қосымшасында тіркеуден өтуі керек, ал бұрын тіркелген болса сәйкестендіруі тиіс. Әрі қарай, пациент басты бетте «Әлеуметтік әмиян» бөліміне кіріп, «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» жолын таңдайды.

Егде жастағы немесе сервис қызметтерін пайдалана алмайтын азаматтар үшін емханаға барған кезде Face-ID және веб-камералардың көмегімен сәйкестендіруден өту жеткілікті, содан кейін пациенттің қолына тиісті дәрі-дәрмек беріледі.

Дәрілер
Фото: Александр Павский/Kazinform

 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектерді электрондық түрде беру жөніндегі пилоттық жобаға ел бойынша 700-ден астам медициналық ұйым қатысады, 93 мың рецепт негізінде препараттар берілген. Осылайша, енді науқастар қағаз рецепт алу үшін дәрігерге жазылуға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, мейіргер кезексіз қажетті препаратты өз бетінше береді.

Сондай-ақ, ведомство сырқат жандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде заңсыз айналым, бұрмалау және басқа да заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында «Әлеуметтік әмиянды» пайдалану қолжетімділік пен толық ашықтықты қамтамасыз ететінін айтып отыр.

«Әлеуметтік әмиян»: әр азаматқа қандай мемлекеттік қолдау түрлері тиесілі екені туралы хабарлама жіберіледі

Сонымен 2025 жылдан бастап елімізде «Әлеуметтік әмиян» жобасы толық енгізіледі. Қазір аталған жобаны цифрландыру процесі қалай жүріп жатыр? Осыған жауап іздеп Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жолдаған едік.

«Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бізге мемлекеттік қолдау шараларын алуға тиісті азаматтарды ғана емес, олардың көлемін де анықтауға мүмкіндік береді. Көптеген азаматтар қандай мемлекеттік қолдау шаралары тиесілі екенін білмейді. «Әлеуметтік әмиян» - мемлекеттік қолдау шараларының барлық түрі туралы хабарлаудың, ұсынудың және есепке алудың бірыңғай платформасы. Бұл платформаға кезең-кезеңімен мемлекеттік қолдау шаралары көшіріледі және әрбір азаматқа қандай мемлекеттік қолдау түрлері тиесілі екені туралы хабарлама жіберіледі», - делінген ведомство жауабында.

 

Ақпаратта айтылғандай, бұл жоба цифрлық технологияларды енгізу есебінен әлеуметтік көмек құралдарын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге, яғни төлемдердің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Осылайша, азамат мемлекеттік қолдаудың барлық түрін ғана емес, сонымен қатар мемлекет шығындарының мөлшерін де көреді», - дейді министрліктен.

Әлеуметтік әмиянға түскен төлемдерді қолма қол ақшалай шешіп алуға немесе банктегі жеке шотына аударуға болмайды

«Бастапқыда «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы ақшалай емес, нақты шаралар түрінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Мысалы, ыстық тамақ, дәрі-дәрмек немесе мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар және тағы сол сияқты қызмет түрлері. Ал мемлекеттік қолдау шаралары аясында көрсетілген қызметтерге жұмсалған сома қорытынды есепте көрсетіледі», - деп түсіндірді Цифрлық министрліктен.

«Әлеуметтік әмиян» жобасына цифрлық теңге енгізілмек

«Қазіргі таңда Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесе цифрлық теңге платформасын жүзеге асыруда. Осы орайда Қазынашылық комитетінің қатысуымен «Әлеуметтік әмиян» жобасы шеңберінде ваучерлермен цифрлық теңгемен есеп айырысу мүмкіндігі беріледі. Бұл бастама әлеуметтік төлемдерді автоматтандыру, әкімшілендіру және есепке алу процестерін жеделдетуге, әлеуметтік көмектің айқындығын, сонымен қатар үшінші тұлғалар тарапынан өндіріп алу мен тыйым салудан сақталуына кепілдік береді», - делінген сауал жауабында.

Цифровой тенге, Цифрлық теңге
Фото: DALL-E

 

Айта кетсек, ведомствоның бізге ұсынған дерегіне сәйкес, «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шаралары кезең-кезеңмен және нормативті-құқықтық актілерді сәйкестендірумен қатар жүргізіледі. Осылайша оның функционалдығын кеңейту жоспарланып отыр.

Азаматтардың жеке деректері қалай қорғалады?

«Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» «Электрондық Үкіметтің» «e-Gov mobile» мобильді қосымшасы аясында жеке қызмет ретінде іске қосылды. Осы орайда азаматтардан «Әлеуметтік әмиян» жобасына жеке авторизация талап етілмейді. Жеке деректерді қорғау, сақтау және өңдеу барлық деңгейде қамтамасыз етіледі», - деп сендірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

защита персональных данных, интернет, безопасность, мошенничество
Фото: freepik.com
Соңғы жаңалықтар