Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға инвесторлар тарапынан сенім жоқ — Сабильянов
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бәсекеге қабілетсіз және қомақты борыштық міндеттемелері бар. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов айтты.
— Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың аймақтарда 20 жылға жуық қызметі экономиканың қажетті ауқымда дамуына түбегейлі әсер етпеді. Тек соңғы 5 жылда 13 өңірлік Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға кредит беруге 288,6 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді. Қазіргі уақытта корпорациялардың қызметін реттейтін стратегиялық құжат жоқ. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада жалпы нормалар қамтылған. Мұндай жағдай бақылаудың болмауына, бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді тиімсіз пайдалануға, сондай-ақ қаржылық бұзушылықтарға алып келді, — деді мәжілісмен.
Оның мәліметінше, 13 Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға жүргізілген аудит бойынша мынадай кемшіліктер анықталған:
— 137,9 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар;
— 33,6 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану.
— Мемлекет 13 корпорацияның жарғылық капиталын толықтыру үшін 596,3 млрд теңге бөлді. Бірақ осыған қарамастан, жылдан жылға олардың шығындылығы мәселесі сақталуда. 2024 жылдың соңында 13 корпорацияның 8-інің жабылмаған шығыны 209,5 млрд теңгені құрады. Корпорациялар негізгі кірісті алынған бюджет қаражатын банктердегі депозиттерге орналастырудан және кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беруден алады. Сондай-ақ, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар, көбінесе, кәсіпкерлік субъектілері мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасындағы мәмілелерде кепілгер ретінде әрекет етеді. Бұл үнемі тиімді бола бермейді. Олардың инвестициялық қызметі іс жүзінде терең құлдырау кезеңінде. Инвесторлар тарапынан көптен бері сенім жоқ, — деді Нұртай Сабильянов.
Оның айтуынша, корпорациялар жарғылық капиталды қалыптастыру және толықтыру арқылы өздерінің меншігіне өтетін коммуналдық меншік объектілеріне қол жеткізе алады.
— Бұдан әрі осы активтерді басқару, оның ішінде иеліктен шығару ашық емес жағдайларда, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қалауы бойынша және жергілікті атқарушы органмен міндетті түрде келісілмей жүзеге асырылады. Корпорациялардың жер учаскелеріне меншік құқығынан бас тарту фактілері де бар. Бұдан басқа, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар рентабельді емес еншілес ұйымдар құрып, кейіннен олардың қызметі тоқтатылады. Осылайша, талдау көрсеткендей корпорациялар бәсекеге қабілетсіз және қомақты борыштық міндеттемелері бар, — деді ол.
Сондықтан Нұртай Сабильянов Үкіметке:
— Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ретке келтіруді және оның тиімділігін қамтамасыз етуді;
— уәкілетті мемлекеттік органды айқындауды;
— олардың қызметін толық цифрландыруды қамтамасыз етуді;
— қаржылық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тартуды;
— еншілес кәсіпорындар құруға тыйым салуды;
— корпорацияларға берілген мүлікті, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруды және мақсатсыз пайдаланылған бюджет қаражатын қайтаруды қамтамасыз етуді ұсынды.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты есебін тыңдап отыр.