Әлеуметтік кепілдіктерді қорғау: азаматтық-құқықтық шарт жасауға тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Көптеген жұмыс берушілер әлеуметтік кепілдіктерден жалтарып жүр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жұмысшылардың құқықтарын қорғауға арналған заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
- Біріншіден, азаматтық-құқықтық шарттар проблемасы бар. Мәселе неде? Елімізде көптеген жұмыс берушілер қаржысын үнемдеу және әлеуметтік кепілдіктерден жалтару үшін, еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарт жасасуды әбден әдетке айналдырды. Жұмыскер жұмыс тәртібіне бағынады, жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бастығы бар, бірақ қағаз жүзінде ол – «қызметкер» емес, «мердігер» саналады. Бұл неге қауіпті? Өйткені бұл азаматтық-құқықтық шартта отырған жұмыскер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады. Ол еңбек демалысына шыға алмайды. Әйелдер де жүктілікке байланысты демалысқа шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды. Енді біз бұған нақты тосқауыл қоямыз, - деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, егер қарым-қатынаста еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады.
- Нәтижесінде, он мыңдаған адам толыққанды әлеуметтік кепілдіктерге ие болады, - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін жұмыскер еңбек шартында көзделмеген функцияларды орындаудан бас тартуға құқылы екенін жазған едік.