Әлеуметтік нысандар құрылыс жоспарынан заңсыз алынып жатыр – сенатор дабыл қақты
Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында қала құрылысы саласына бақылау жасаудағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Kazinform.

Депутаттың айтуынша, бұл салада Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті тиісті бақылау жасамай, салдарынан жер мен құрылысқа рұқсат алуда азаматтардың пікірі, инженерлік әрі көліктік, әлеуметтік инфрақұрылым мүмкіндіктері мүлде ескерілмейді.
«Әкімдік пен құрылыс компанияларының айла-шарғысының салдары қалалардың жүйесіз салынуына, қала ортасы мен жасыл аймақтардың азып-тозуына, халықтың өмір сүру сапасының төмендеуіне алып келіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың бұл әрекеті азаматтардың ашу-ызасын тудырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар учаскелерін беру кезінде жер заңнамасын, сондай-ақ бас жоспардың талаптарын сақтамайтыны анықталды», – деді А. Лукин.
Сенатор Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстық маңызы бар тағы 9 қаланың бас жоспарындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын түзетудің 1 мың фактісі туралы деректі келтірді. Бұл өңірлерде оқу орындары мен аурухана орындарының тапшылығы қоғамда үнемі талқыланып отырса да, әлеуметтік мақсаттағы объектілер негізсіз алынып тасталған.
«Қалалардың бас жоспарлары ескірген және қазіргі нақты жағдайға сай келмейді, демография, халықты жылумен қамтамасыз ету мен басқа да мәселелер ескерілмеген. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін, заң талаптарының бұзылуына жол бермеу үшін Жол картасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр», – деді депутат.
Андрей Лукин сонымен қатар бас жоспарлардың жобаларына қала құрылысы жөнінде кешенді талдау жүргізу керек екенін айтты. Және бар кемшілікті ескере отырып оларға маңыз беруді, жоспарлардың егжей-тегжейлі жобаларын заңсыз түзету, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту, сондай-ақ елді мекендердің бас жоспарларына сәйкес келмейтін рұқсат құжаттарын беру тәжірибесін алып тастауды ұсынды.