Әлеуметтік оптимизм мен болашаққа сенім: Қазақстан азаматтығынан шығуға ниеттілер саны 40 есе азайды

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті
Фото: Ақорда

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі.

Сондай-ақ комиссия 43 адамның азаматтықтан бас тарту туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынбақ.

Вице-Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдірушілер санының азаю үрдісі сақталып отыр.

Атап айтқанда, кейінгі 8 жылда Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер саны шамамен 40 есеге жуық азайған. Бұл өз кезегінде еліміздегі әлеуметтік оптимизм деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, төлқұжатымыздың беделі жылдан жылға нығайып келеді. Бұл Қазақстанның тартымдылығының арта түскенін білдіреді. Түрлі индекстердің деректеріне сәйкес, Қазақстан төлқұжаты өңірде ең таңдаулы саналады. Азаматтарымыз әлемнің 80-ге жуық еліне визасыз қатынай алады, — деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар Қазақстан азаматтығы шетелдің ІТ, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, инвесторлар, ғылымдар мен мәдениет қайраткерлері үшін тартымды бола түсуде.

— Еліміздің азаматтығы Президенттің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салаларда жүзеге асырған реформаларының нәтижесінде осындай беделге ие болды. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысы жүргізіп отырған халықаралық ынтымақтастық саясатының жемісі екені анық, — деді Ерлан Қарин.

Осыған дейін Ерлан Қарин Мереке Құлкеновпен қазақ әдебиетінің дамуын талқылады.