Әлеуметтік осал топтағы үйлердің 25%-ында өртке қарсы датчик орнатылмаған
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын үйлерде тіркелетін өрттердің 86 пайызы жер үйлерге тиесілі.

Ал әлеуметтік осал тапқа жататын тұрғындар паналайтын жер үйлердің 25 пайызында өртке қарсы иісті газ дабылы орнатылмаған. Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев елордада өткен баспасөз мәслихатында осындай дерек келтірді.
— Күн сайын біздің бөлімшелер орта есеппен әр түрлі сипаттағы 100-150 төтенше жағдайды жоюға шығады. Оның негізгі үлесін өрттер алып отыр. Өткен жылыту кезеңінде 4 041 өрт тіркеліп, 416 адам құтқарылды. Өкінішке қарай, 187 адам қаза тапты, 162 адам әртүрлі дәрежедегі күйік алып, уланды. Бір жыл бұрынғы сандармен салыстырсақ, өрттердің саны 16 пайыз, қазақ тапқандар саны 3 пайыз, жарақат алғандар саны 12 пайыз өсті. Алдын алудың басым бағыттарының бірі жеке тұрғын үйлерді иісті газ датчиктерімен жарақтандыру болды. Халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде 36 мыңнан астам датчик орнатылды. Жалпы бұл санаттағы үйлердің өрт дабылымен жабдықталу деңгейі 75 пайыз болып отыр, — деді ол.
Комитет басшысы жер үйлерге иісті газ дабылын орнату тәжірибесі басталғаннан бері 66 датчик дер кезінде іске қосылып, 281 адам аман қалғанын айтады.
— Жылыту маусымындағы өрттердің 86 пайызы жер үйлер мен қосалқы қора-жайларда, 13 пайызы көппәтерлі тұрғын үйлерде болады. Жылыту маусымында болған өрттерден қаза тапқан 57 адам уақытша жұмыс істемейтін тұлға екені, 53 адам зейнеткер болғаны, 18 адам мектепке дейінгі жастағы сәби болғаны анықталды, — деген министрлік өкілі ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырды.
Еске сал салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігіне мамыр айының соңына дейін табиғи өртке қарсы республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу өткізуді тапсырған болатын.