Әлеуметтік осал топ және төтенше жағдайдан зардап шеккендер кредитін кейін өтей алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредит беру қағидалары мен банк қарызы шартының талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

— Жоба қаржы нарығын дамыту, қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау, артық заңнамалық регламентті болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды іске асыруға әзірленді, — делінген құжатта.
Өзгерістер келесі екі жайтты көздейді:
— әлеуметтік осал топқа жататын және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтардың қарызын өтеуін кейінге қалдыруды енгізу;
— растайтын құжаттар болған кезде қарыз алушының, яғни әлеуметтік осал топқа жататын және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтың табысы төмендеген кезде комиссиясыз кемінде үш айға кейінге қалдыру міндетін белгілеу.
— Өзгерістер мен толықтырулар әлеуметтік осал топқа жататын азаматтармен жалпы қарыз алған жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қарыз алушылардың банктік қарыз, микрокредит шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішті қарау кезінде банк пен микроқаржы ұйымдары қызметінде ашықтық пен біркелкілікті қамтамасыз етуге бағытталған, — дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен.
Еске салайық, биыл мамырда Сенат азаматтардың борыштық жүктемесін азайтатын заңды талқылады.